Қазақ халқының басынан өткен ең ауыр ,қиын- қыстау күндердің бірі-ашаршылық жылдары екені белгілі.Ашаршылықтың туу салдарының түрлі себебі болады. Ашаршылық саяси-әлеуметтік үрдістерден,табиғаттың қолайсыз ахуалдарынан туындайды екен. Халық үшін ең қауіпті нәрсе үнемсіз қалып,ауруға,індетке,қырғынға ұшырау болып табылады.Ал қолдан жасалған аштықтан қырылу ше? Қазақ қалай қырғынға ұшырады?Қазақ халқының басынан қаншама нәубет өтті? 1921-1922 жылдары Қазақстанның Батыс жерінде орын алған аштық сан мыңдаған адамды қармағына іліктірді,оның себебі азамат соғысынан кейінгі экономикалық күйзеліс болды.Сол жылдары қуаңшылық елде белең алып, малдан айырылу көп болды.Осы кездері Қазақстанда миллионнан астам адам аштан өлген деген деректер бар. Бұл сол кездердегі қазақтың санының шамамен 20-22 пайызын құраған. Ашаршылыққа душар болған жандарға көмек көрсету ретінде, арнайы губкомиссиялар құрылды. Соның арқасында – Ақтөбе қаласында балалар асханалары ашылып, тамақтанып, ауқаттанатын орын-жайлар көбейіп, мүгедектерге көмек көрсетілді.
Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы «Тәні саудың-жаны сау» атты мақаласында : «... Өткен қыста аштық болды.Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді.Өліктің етін жегені былай тұрсын,өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап,малша сойып жеді.Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады.Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды.Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып,ес кетіп,адамгершілік жоғалып,адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазған екен.
Алаш азаматтарынан бөлек, бұл аштықпен күресте, әсіресе Ақтөбе облысының тумасы «железный нарком» атымен танымал Темірбек Қараұлы Жүргеновың қосқан үлесі ұшан теңіз. Уездік атқару комитетінің мүшелері Темірбектің басшылығымен бұл індетті жеңіп шығып, аштық біткен соң, жағдайлары төмен ауылдарға көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ.
Ең үлкен аштық қырғыны қазақтың басына өткен ғасырдың 30-шы жылдары келгені белгілі.Ол тарихта Ұлы жұт Ашаршылық жылдары деген атпен аталады.Бұл жылдардағы нәубет қазақ халқының тең жарымын қырып кетті.Аш-жалаңаш,үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер ауды,қашты,босып кетті.Сол жылдардағы Ұлы аштық жайында жазылған шығармаларды оқып көрсеңіз жан түршігеді. Мысалы, марқұм академик Салық Зиманов аштық жылдары туралы өзінің пікірінде: «Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар болатын. Әлі құрып,орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын.Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен,әлгі шұңқырға барып,ашық-шашық шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын.Ол кезде негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын.Тіпті, Атырауға Арқадан бала әкеліп сатып жатыр екен деп те еститінбіз.Қаладағы біреулер астыққа айырбастап алатын болуы керек. Базарда тышқанның,иттің етін сатқандар да болды.Жергілікті қазақтар өздері әрең кұн көріп отырса да, аштарды қолдан келгенше паналатуға тырысатын» деген екен балалық шақтағы қиын күндер туралы.
Ұлы аштық қырғыны туралы жазылған шығармалардың кез келгенін қарасаңыз да, жан түршігерлік оқиғалардың тізбегі көз алдыңыздан шығатыны даусыз.Бұл біздің білетініміз ғана, ал білмейтініміз қаншама.
Тарихшы А.Н. Алексеенконың айтуынша «... әр түрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 миллион 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.Бәрінен көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды.Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауыл көше бастады.» Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Негізінен жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық зардабы ауыр болды.Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді.Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл ашаршылық «қызыл қырғын» , «голощекиндік геноцид» деген тарихи атқа ие болды.Әр жылдың 31 мамыры күні Қазақстан халқы осы «қызыл қырғын» құрбандарын еске алады. Міне, қайырсыз Голощекиннің орынсыз саясаты қазақ тарихында күні бүгінге дейін орны ойылып, өшпес таңбасын қалдырды.
Болат Сайлан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Әшімбай Анар Қуанышқызы, 1-курс студенті