Қазақ балаларының есімі
блог
Әлемде аты жоқ адам кездесуі мүмкін емес.Бірақ кейбір елдерде фамилия иемденбейтін адамдар кездеседі(кейбір мәліметтерге сәйкес,исландықтарда фамилия болмайды екен ).Адам баласына ұнамды,жарасымды ат қою-ежелден келе жатқан дәстүр. Қазақ аттарының өзіне тән шығу жолы,тарихы бар. Қазақ есімдері негізінен өмірдегі алуан түрлі жақсы заттар мен көптеген құбылыстардың ,әлемдегі табиғат көріністерінің атауларынан қойылып отырған.Сонымен қатар белгілі бір сенім мен ырымға байланысты қойылатындары да болады.
Үй жануарлары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен өсімдіктердің және қымбат металдардың атаулары кісі аты ретінде қойылған. Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолық, Айтолды, Күнай, Күнсұлу, Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс, Қаршыға, Сұңқар т.б. Ол кезде ай мен күнге табыну, табиғатты, аңды, құстарды ерекше күш санау, кейбір хайуандарды шыққан тегіміз , біздің ата-бабамыз деп, тотем ету жайлары басым болғаны хақ.Ай мен күнге ,тау мен өзен көлге табынып сыйыну нәтижесінде шыққан есімдер мыналар еді:Айсұлу,Айжарық,Айқан,Күнай,Айдай,Таубай,Көлтай т.б.
Қазіргі кезде көптеген ата-аналар балаға ат қоюға ерекше мән беріп қарайды.Алайда,оларлың ішінде мағынасы түсініксіз есімдер кездеспей қалмайды.Біздің халқымыз ұнамсыз қойылған есімдерді бұрын да сынап-мінеп отырған.Ұлы Абай атамыз ,адам атының мағыналы,айшықты,әсем болуына мән беріп отырған екен.Оған Мұхтар Әуезовтың мына бір сөзі дәлел: « Бір жылы Семейде Шорманның Мұсасы кездескенде Құнанбай одан балаларының жайын сұрайды,сонда ол Сәдуақас деген баласының атын атағанда жанында тұрған Абай: Сағд бен Уақас әкелі-балалы екі кісінің аты ғой,оны бір кісіге қойғаны несі екен» депті.
Елімізде дүние есігін алғаш ашқан сәбилерге алуан түрлі аттар азан шақыртылып қойылып жатады. Тіпті ата-аналар өз балаларын ЭКСПО, Азиада, Бриллиант деп атағандары да бар екен.. Статистика агенттігінің мәліметінше, былтырғы жылы дүние есігін ашқан 2500 астам сәбидің есімі азан шақыртылып Ерасыл қойылыпты. 4300-ге жуық қыз балаға ата-анасы Айзере есімін таңдаған. Бұдан бөлек Әлихан, Нұрислам, Санжар, Айару, Інжу, Кәусар, Айша, Әмина есімдері де жиі қойылыпты. Салыстырмалы түрде осыдан 10 жыл бұрын Бекзат, Мейрамбек, Азамат және Аружан, Диана, Дильназ есімдері нәрестелерге көп қойылған екен.
Түркі халықтарының көбіне тараған, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы кейіпкерлер есімдері қазақ халқының ауыз әдебиетінде көрнекті орын алады. Ондағы есімдердің барынша халыққа түсінікті сөздерден жасалғанын байқаймыз. Мысалы, Кемел ақын, Сыбанбай, Жанақ, Бекбау, Сарыбай, Қарабай, Тайлақ, Қозы, Танас, Баян, Ай, Таңсық , Нұрқара, Көсем сары, Қаратоқа, Бұлан қара, Тоқсан, Айбас, Күліп. «Айман-Шолпан» поэмасындағы есімдер: Маман бай, Көтібар, Айман, Шолпан, Арыстан, Әлібек, Теңге. Тіл мен сөздің күшіне сенген қазақ халқы әдетте қарғыстан, балаларын мақтаудан қорыққан. Соның нәтижесінде Күшікбай, Жаманбала, Салбыр, Қасым, Сағал, Кенесары сынды есімдер дүниеге келген. Олар «көз тимесін», «балам аман болсын» деген ырымнан туған болуы керек. Немесе дүниеге келген балаға Артықбай, Несібелі, Бекенбай, Мырзагелді сияқты ат қою арқылы оған белгілі бір қасиеттерді дарытуды көздеген.Ал, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық, Есенгелді, ұл күту, бала тілеу, балалары тұрақталмаған себебінен туған есімдер.Пайғамбарларымыздыңда есімдерін ырымдап: адал,таза,сабырлы,иманды болсын деп қойып жататындар бар.Бірақ, ол атты көтере алмай дүниеден озып жатқандарда аз емес.
Балаға мәнді де мағыналы ат қою бірінші кезекте ата-ананың міндеті. Қазақ балаларының ұлттық құндылығын сақтап қалу үшін батырлардың,ақындардың,тарихи тұлғалардың мағыналы,заманға сай әрі әсем есімдерін қойған жөн. Мысалы:Абылайхан, Қобыланды,Абай,Кенесары,Қабанбай,Бөгенбай,Қарашаш,Баян,Жібек т.б. Себебі әрбір ат адамның болашақ өміріне тікелей әсер етеді.