Қазақ әйелдерінің әшекейлері

Қазақ әйелдерінің әшекейлері
жеке
блог

Қазақ зергерлік ұлтымыздың тыныс тіршілігінен сыр шертіп, тереңде жатқан тарихымыздың айқын көрінісі болмақ. Бабаларымыз сөзге де іске де келгенде алдыңғы шепті бермей, түркі дүниесінде есімін алтын әріптемен жазып қалдырған. Қазақ әйелінің тартымдылығын арттыра түсетін бірден бір нәрсе әшекейлер. Салынған әрбір оюдың да өз мағынасы, өз сыры бар. Елімізге келген шетел азаматтары бұл әңгімелерді естіп таңдайларын талай рет қаққаны ақиқат.

         Күміс – қасиеті медицина өкілдері де мойындаған ерекше металл. Өзге ұлт өкілдері күмісті ақша жасауға пайдаланса, қазақ халқы көбіне өзіне керекті заттарды, оның ішінде әшекей бұйымдардың материалы ретіде пайдаланған. Күмісті соғу әдісі әр өлкеде әр түрлі болған. Соның ішінде біздің батыс өлкесінің ерекшелігі – сіркелеу әдісі. Сіркелеу әдісі дегеніміз – өрнекті кішкентай ұсақ нүктелер арқылы салу. Әшекейлерді сатып алу мақсатында айырбас тәсілі кең таралған. Теке қаласына (қазіргі Орал қаласы) мал айдап барып, шеберлерден малға айырбастап алған. Сол себепті әшекей бұйымдарды тек қорасында артық малы бар адамдар адамдар ғана тағатын болған. Ақсүйек өкілдері қыз бала дүниеге келген кезден бастап барлық әшекейлерін бірден сатып алып немесе ұзатылмас бұрын бұйымдарын алдын – ала дайындап қоятын болған.

     Бойтұмар – күмістен жасалған ішіне Құран аяттарын салуға арналған бұйым болған. Қазіргі кезде көбіне теріден жасалынған түрі қолданылады.

      Шекелік – сырғаның ықзметін атқарады. Бірақ ұүлақты жырып жіберу қауіпі болғандықтан құлаққа тағылмайды.  Сәукеленің ішкі матасына тағылатын бұйым. Сыртқы көрінісі сырғаға ұқсас.

      Сырға – құлаққа тағылатын бұйым. Оның көлеміне, сыңғырына қарай әйел адамның жасын сұрамай – ақ білген. Тұрмыс құрмаған бойжеткен қыздардың сырғалары сыңғырлақ, қоңыраулы болған. Тұрмыс құрғаннан кейінгі сырға сыңғырлақсыз, көзді, байыпты болған. Әжелеріміздің сырғалары қалың етіп соғылған салмақты болған.

      Құстұмсық жүзік – сыртқы көрінсі құстық тұмсығына ұқсас қыз баланың тұрмысқа шықпай тұрып қыз кезінде таққан жүзігі. Құстұмсық деп аталу себебі – тұрмыс құрмаған қыз жат елге келін болмай тұрып құстай еркін самғап жүре алуы. Тұрмыс құрып жатқан кезінде қыздың анасы қызының құстұмсық жүзігін орамалға түйіп жасауымен бірге беріп жіберген. Құстымсық жүзікті жас келін бауырларына жағдайының жақсы екенін, еліне хабар беру мақсатында беріп жіберетін болған. Жүзігі қыздың артынан қайтып келген болса, ол елдегі қыздың жағдайының жақсы екендігін, енесінің келініне жақсы қарайтындығын білдіретін болған. Оны көрген қыздың анасы қуанып, ауыл арасында шағын той жасайтын болған.

     Отау жүзік – отау құрғаннан кейінгі, әйелдің тұрмысқашыққандығын білдіретін бұйым.

     Оймақ сақина – әйелдің әр түрлі тігін тігу барысында ите кіріп кетпеу мақсатында тағылатын сақина түрі.

     Құдағи жүзік. Үлкен көлемде қалың соғылған. Қыз тұрмысқа шыққаннан соң біраз уақыттан соң құдалық шақыру барысында қыз өз қайын жұрты туралы жақсы пікірде болған болса, қыздың анасы өз құдағиына құстұмсық жүзік тағатын болған. Құдағи жүзік өз келініне мейірім көрсетіп, аналық мейірімін төге білген, парасатты, дана құдайғиларға тағылатын болған. Жиын тойларда қолында құдағи жүзігі бар әйелді ерекше құрметтеген. Себебі ол ененің даналығын, парасаттылығын білдірген.

     Өңіржиек – өңірлік –алқаның қызметін атқаратын өңірге тағылатын жаңа түскен келіннің бұйымы. Әр түрлі таспадан құрылып, шынжырлар арқылы бекітіледі. Әрқайсысы сылдырмақты болады. Келіннің құрсағын сұқ көздерден сақтау үшін таққан. Кешқұрым түзге шыққан уақытта күмістің сыңғырынан жын – шайтан келінге жақындамайды деген сенімде болған.

     Үкіаяқ – шаштың ұшына тағылатын бұйым.

     Шолпы – қыз баланың бұрымына тағылатын бұйым. Ол туралы ақын – жыршылар әнге қосып, қыз сұлулығын ерекше суреттеген. Киіз үйге шолпының сыңғыры естілетін болса, қыз баланың кележатқанын біліп, ер адамдар етек жеңдерін жинап, жинақы отырған.