«Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі»
блог
Қазақ халқы қандай қиын-қыстау заманды басынан өткерсе де, қасиетін жоғалтпай, қарапайымдылығынан, қонақжайлылығынан арылмаған. Десе де біздің тарихтан білеріміз шамалы. Бәріміз тарихты тек мектеп қабырғасында ғана оқимыз, оны да оқып жарытсақ... Қазақтың өткені жайлы сұрасаң, бүгінгі біраз жастарымыз тек ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, желтоқсан сынды атаулы оқиғалар мен ғана шектеп қояды. Шын мәнінде қазақ осы күнге қалай жетті? Әрине, бір ғана жанның қаны мен тері төгілген жоқ. Қанша ма арыстарымыз, ардақты азаматтарымыздың еңбегі жатыр. Солардың бірі Жұмабек Тәшенов. Енді сұрақ, Тәшенов деген кім? Әрине, біріміз біліп, біріміз білмеуіміз де мүмкін. Тарихтың қатпарында қапталып жатқан қанша ма тарихи тұлғаларымыз бар. Сөзді көп созбай Жұмабек Тәшенов жайлы азырақ тоқталып өтсек.
Жұмабек Тәшенов - мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты 1915 жылы наурыз айының 20-шы жұлдызында Ақмола облысы Аршалы ауданы Танагүл ауылында дүниеге келген. «Ленин», «Еңбек», «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Мұндай марапат екінің біріне беріле бермейтіні рас. Тәшеновтің Алаш алдында атқанған еңбегі орасан зор. Соның бір дәлілі ретінде назарларыңызға мынадай бір ақпаратты ұсынғалы отырмын.
ХХ ғасыр еліміз үшін ең ауыр, әрі айтулы ғасыр болды деуге әбден негіз бар. Себебі жоғарыда атап көрсеткен ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, тәуелсіздігіміге қол жеткізу бәрі-бәрі осы бір жүз жылдықта орын алды. Зобалаң заманда, запыранын шашқан патша үкіметтің қаһарынан қазақ оқығандары қатты жапа көрді. Осындай қиын-қыстау кезеңде, Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды ақтап, Х.Есжанов, З.Шашкин, М.Қаратаев, Е.Смаиловтардың кітабын жарыққа шығарған. Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабын шығаруға қарсы болғанда, қалай да жарық көруі кереп деп қадап айтқан да осы Тәшенов еді. «1936 жылдан бері Мәскеуде декада болған жоқ, ХХ съезд республикалардың құқығын кеңейтті. Сондықтан біз Мәскеуге барып, өз ұлтымыздың кәзіргі деңгейін көрсетуіміз керек» деген ұсынысты ортаға тайстайды Тәшенов. Осыдан соң 1958 жылы желтоқсан айында Мәскеу төрінде Қазақстан өнері мен әдебиетінің он күндігі болып өтеді. 1958 жылғы декада аяқталған соң, СССР халық артисі атағын бес бірдей қазақ алады. Бұл атақ 1936 жылғы декада да 24 жастағы бұлбұл әншіміз Күләш Ахметоваға ғана бұйырған болатын. 1960 жылдары Совминге төраға болып, қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 121 пәтерлі үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Бұл үйді осы күнге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі» деп айтады. Бұл үйде Илияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Гүлфайруз Ысмаилова, Шабал Бейсекенова, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова сынды танымал тұлғалар тұрған. Азаматтың атқарған еңбектерін тізе берсек өте көп. 1986 жылы қараша айының он сегізінші жұлдызында Шымкент қаласында дүниеден озған. Айта кету керек, осы жылы Жұмабек Тәшеновтің туғанына тура жүз жыл толып отыр.
Жұмабек Тәшенов Отбасымен.