– Ең алғаш оқыған блогтарың есіңде ме?
– Алғаш оқығандарымның ішінде Асхат Еркімбай, Бақыткүл Салық, Жанарбек Матай, Эльвираның аспаздық блогы, Томирис деген қыздың қазақтың ұлттық ою-өрнектері, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпына байланысты блогы бар. Әр саладағы блогтарды оқып жүріп, кейін өз блогымды ашуға қызығушылығым оянды. Оған түрлі аудармаларды орналастырдым, өз өмірімдегі қызықты жағдайларды жазып отырдым.
– Шетелдік блогшылардың жазғанын оқып тұрасың ба? Олардың біздің блогшылардан қандай ерекшелігі бар?
– Қазақ блогшыларының өзгелерден ерекшелігі – шынайы жазуға талпынатындығы. Шетел блоггерлерінің артықшылығы – аудиториясының ауқымдылығы. Мәселен, әлемде 2,5 миллиардқа жуық ағылшын тілді интернет қолданушы бар. Орыс тілінде қолданатындар 100 миллионнан асады. Ал, Қазақстанда 6,7 миллионға жуық халық ғаламторға кірсе, оның 60 пайызын қазақ тілді аудитория құрайды. Яғни, контент саны бойынша қазақ тілді блогосфераны шетелмен салыстыра алмаймыз.
Тағы бір ерекшелік, біздегі блогтардың көпшілігі ақпарат таратумен ғана шектеледі. Тақырыпты зерттеп, талқылайтын блогшылар аз. Өйткені, бізде блог – жай хобби ғана. Дегенмен, қазақ жастары арасында блог жүргізуге деген құштарлық өте күшті. Блогшылар саны жыл санап емес, ай санап көбеюде. Біздің саннан сапаға өтетін күніміз жақын қалғанына өз басым сенімдімін.
– Болашақта қазақ және орыс тілді блогшылар бір арнаға тоғысуы мүмкін бе?
– Негізі, интернет мемлекетке емес, тілге ғана бөлінеді. Қазір біздің елдегі орыс тілді блогшылар Рунетті дамытып жатыр. Яғни, олар – Рунеттің Қазақстандағы бөлігі. Бұл шындық! Қазақ тіліне деген сұраныс зор болған күннің өзінде де, қазақ тілді қолданушылардың интернетке қол жетімділігі шектеулі.
– Жақында елімізде «.қаз» домені енгізілді?..
– Бұл – Ресей не жасаса, біздегілер соны көшіруінің дәлелі. «.қаз» доменнің қазақ тіліне алып келер пайдасы, ешқандай артықшылығы жоқ. Ол аз десеңіз, шетелде қазақ тілді әліпби қолданылмайтындықтан, домен атын жазу қиындық туғызады. Менің ойымша, бұл – қазақ тілін тұншықтыратын дүние. Қазақ интернеті «.қаз» доменінсіз-ақ дамып жатыр.
– Қуаныш, блог арқылы қаржылай табыс табуға бола ма?
– Ол енді блогтың форматына байланысты. Үш форматқа бөлсек болады. Біріншісі – жеке блог. Екіншісі – кәсіби маманданған блог. Ол бренд болуы немесе белгілі бір компанияның атынан пиар жасау мақсатында жүргізілетін блог болуы мүмкін. Блогтың үшінші түрі ұжымдық блог деп аталады. Яғни, бірнеше адамның бір блогты жүргізуі. Оны ақпараттық блог деп те атай аламыз. Екінші және үшінші форматпен пайда табуға болады.
Екінші форматтағы блогтың иесі – аудиториясы өте ауқымды танымал тұлға. Яғни, блог арқылы оқырмандарына жарнама жасағаны үшін ақша табады. Тіпті, арнайы мақалаларға тапсырыс алуға мүмкіндігі бар.
Пайда табудың тағы бір тәсілі – жарнама материалдар жариялау. Өкінішке қарай, қазақ тілінде мәтіндік жарнама жоққа тән. Орысша жарнама беретіндер қазақ тіліндегі блогтарға мән бермейді. Сол сияқты бір саланы жетік білетін мамандар сол сала туралы ақпараттарды жариялау арқылы пайда табуы мүмкін. Беделді блогшы болсаң, жарнама берушілер өздері хабарласады.
– Өзіңе блог арқылы табыс табудың сәті түсті ме?
– Жоқ, оған тырысып та көрмеппін. Мен блогты белсенді жүргізген кезімде ақша табатындай аудитория да жоқ еді ғой.
– Жаңа ғана біздің елде 6 миллион 715 мың интернет қолданушы бар екенін айттың. Бұл дерек қайдан алынды?
– «ICT-Marketing» зерттеу агенттігінің есептеуі бойынша алынған деректер ғой.
– Аздап көңілге күдік ұялатады екен?..
– Интернет қолданушы дегеніміз – интернеттен ақпарат алған адам. Әрине, олардың ішінде белсенді және қарапайым қолданушылар бар. Алайда, интернетте 5 секунд отырып, қажетті ақпаратын алған адам да интернет қолданушының қатарына жатады.
– Осыдан бірер жыл бұрын қазақ блогосферасында үлкен дүмпу байқалып еді. Қазір неге саябырлап қалды?
– Мұның ең басты себебі – уордпресстің жабылуы. Осыған қатысты билік тарапынан нақты жауап берілмеді. Әбден елдің блогосфераға деген қызығушылығы төмендеген кезде ол қайта ашылды.
Қателеспесем, уордпрессте белсенді 500-ге жуық қазақ тілді блогшы болды. Қазақ тілді сайттардың қолынан келмеген контентті блогтар жасады. Сол себепті, блогқа сұраныс артты. Өйткені шынайы контент жасап отырған қазақ тілді сайттар саусақпен санарлық.
– Уордпресс жабылғанда қазақ блогшылары қайда жазды?
– Уордпрессте жеке блогтардан бөлек, сайттық ақпараттар да көп еді. Сол себепті, қолданушылар уордпресске көп барды, блог деген ұғымның мағынасы ашыла бастады. Осы блогтұғырдың бір жыл бойы жабық тұрғаны қазақ блогшыларын жан-жаққа шашыратып жіберді. Дегенмен, блогшылар қажетті ақпараттарын басқа сайттардан алып жүр. Мәселен, көпшілігі «ҚазЖур», «КерекИнфо», «Айтабер» секілді сайттарға шоғырланған. Әр сайттың қолданушылар аясы әртүрлі. «Айтабер»-де жастар жиналса, «КерекИнфо»-ның қалыптасқан жеке аудиториясы бар. «ҚазЖур»-да жас тілшілер жазып жүр. Блогшылар өздерінің деңгейлеріне, салаларына қатысты жүрген сияқты. Барлығын біріктірер ортақ блогтұғыр жоқ.
– Сен айтып өткен сайттар блогшыларды толық қанағаттандырып отыр ма?
– Сайттың техникалық жағы оны басқарып отырған адамдарға тікелей байланысты. Орталыққа барлығын біріктіретін блогтұғырнама жасау оңай дүние емес. «ҚазЖур» – тілшілердің шоғырланған жері, «КерекИнфо» – қазақ тілді интернет қолданушылардың белсенділері жиналған сайт, «Айтабер»– жасөспірімдердің ортасы. Ал, осы үшеуінің ортақ бір идеологияға бірігуі оңайға соқпайды.
– «Қазконтент» тарапынан блогшыларды біріктіру, ортақ блогтұғыр ашу жоспары бар ма?
– Дәл қазір блогтұғыр жасау туралы жоспар жоқ. Алдағы уақытта көре жатармыз.
– Заң бойынша интернет ресурстар БАҚ-пен теңестірілген. Блогшылардың арасында кәсіби журналистер секілді тақырыпты тереңдеп зерттеп, ішек-қыртысын ақтарып жүрген блогшылар бар ма?
– Блогтарды ақпарат құралдарына теңестіргенмен, оның ешқандай мәртебесі жоқ. Ал екінші сұраққа келер болсақ, кәсіби маман секілді болмаса да, тақырыпты зерттеп жүрген блогшылар баршылық. Асхат Еркімбай, Өркен Кенжебек секілді блогшылар тақырыпты кеңінен аша алады деп ойлаймын.
– Қуаныш, интернетке шектеу қою мүмкін бе?
– Сымыңды қиып кетпесе, интернетке шектеу қою мүмкін емес. Сыртқа шығу арналарын жауып тастар болса қадағалауы мүмкін. Иран, Қытай елдері осындай жағдайда. Бірақ, бұл елдердің өзінде сұранысты қанағаттандыра алатындай ұсыныс бар.
– Қазіргі жастар әлеуметтік желілерді өз деңгейінде қолданып жүр ме?
– Оған жауап беру қиын. «Мынаны жаз, ананы жазба» деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Өйткені, әлеуметтік желілерде жеке аккаунты болғандықтан әркімнің жеке парақшасы бар. Достары өзінікі. Ұнамаса достарды тізімінен өшіріп таста. Қолдану бойынша кеңес беруге болады, талап ете алмайсың. «Мой Мир»-дің қолданушыларын «ВКонтакте»-нің қолданушысымен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, «ВКонтакте» қолданушысы мен «Фейсбук» қолданушысының деңгейі екі бөлек. Сондықтан олардың қолдануы төңірегінде бір жақты көзқарас айту дұрыс болмас.
– Әңгімеңе рахмет! Қазнеттің контенті көбейе берсін!
Әңгімелескен Абай Асанкелдіұлы
via: https://www.nurastana.kz/?p=6975