ҚАЙЫРЫМДЫ ЖҮРЕК ҚАРТАЙМАЙДЫ
блог
Ерте ерте ертеде... Қытай астанасы Пекинде Лулу есімді қыз тұрмысқа шығып, енесінің үйіне көшіп барады. Ол енесінің үйінде біраз күн жүргеннен кейін енесімен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын сезеді. Өйткені екеуінің мінезі үйлеспей шығады. Келін не істеседе де енесінің көңілінен шықпайды: мынауың дұрыс емес, ананы шала істепсің деп, тырнақтың астынан кір іздеп, жақтырмай ұрыса береді.
Бір айдан соң енесінің ұрысына одан әрі шыдай алмай келін өзінің сиқыр шөптерімен әйгілі тәуіпке барады. Көз жасын тыя алмай өзінің мұңын шағады. Сөйтіп мұндай жолдан шығудың жолын тек қана енесін өлтірмей тынбайтындығын да жасырмайды. Тәуіп қыздың сұрауы бойынша арнайы шөп дайындайды.
-Осы шөпті үш ай бойы енеңнің тамағына күніге екі рет қосып тұр. Бұл у шөп аз аздан берілуі тиіс. Енеңнің өліміне сенің қатысың бар екенін ешкім білмеуі үшін осы шөп жайлы ешкімге айтпа және ешкімнің күмәнін туғызбау үшін енеңе үш ай бойы жақсы қарап, оған жақсы көретін тамағынан беріп тұруың қажет деген ақылын айтады.
Сол күні Лулу үйге қуанып кіреді. Ертеңіне енесіне жақсы көретін тамақтарынан күнде жасап, тамаққа аз аздан у қосып тұратын болады. Ешкім күмәнданбасын деп енесінің тілін алып, оған жақсы қарай бастайды. Енесі де келіннің өзгергенін байқап, одан әрі ұрыс үшін ешқандай себеп таппай қалады. Осылайша енесі келінді өз қызынан артық көріп, бауырына басады. Ененің осылай күрт өзгеретінін күтпеген Лулу, енесінің тамағына у қосып жүргеніне өкінеді. Оның осы әрекетінен енесі қайтыс болатынына қатты ашынады. Тәуіпке барып енесінің өлуін қаламайтынын айтып, мүмкін болса берген у шөптің әсерін жокқа шығаратын басқа шөп даярлауын сұрайды. Осыны естігенде тәуіп күлімдеп:
- Қызым осыдан екі ай бұрын мен берген шөп у емес, жай шөп болатын. У тамағында емес, мына басында еді. Сен енеңе жақсы сөз айтып, жақсы қарай бастағаныңда, енең де саған жақсы қарай бастады. Адамдардың сені жақсы көруін қаласаң, сен адамдарды жақсы көруің керектігін ешқашан есіңнен шығарма. Өйткені гүл берген кісінің қолында міндетті түрде гүлдің исі қалады.