Қайыршы қыз сұхбатынан түйген ойлар...
блог
Бұл видеоны көріп, біраз дүниелерді ой елегінен өткіздім...
Аллаға тәубә! Әкем мен анам жанымда, қашан көруді қаласам, сол уақытта жандарына бара аламын. Қателессем, маған ақыл айтатын жандарым бар. Менің тентектігіме де, еркелігіме де төзіп, адам деген абыройлы атқа ие болуым үшін барын салып жатыр... Ал мына қыздың болашағы не болмақ? "Қайдағы сартқа жаның ашымай-ақ қойсын" деп кейірсіз, мүмкін "Қазақтың ақшасын еліне тасып жатыр" да дерсіз... Мен бұл қызды өзбек болғандықтан емес, ақша сұрап әркімнің мазасын алғандықтан да емес, адам баласы болғандықтан аяймын. Әкесі мен туған бауырларын елге тастап, нан табу мақсатымен жат елге, жат жерге келіп, қайыр сұрау қыз үшін де анасы үшін де ауыр, әрине. Сарсаңға салған, қу дүние-ай! Бейшара қыз, өзге біреу жылы шырай танытып, бес-алты теңге берсе, қиындықтың барлығын ұмытып та кетеді. Оңай емес, өзгенің қолына қарау, жат біреуден қайыр сұрау. Мектепке барып, білім алуға қаражаты, киер киімі, тіпті, жеуге асы жоқ. Біздің арманымыз, зәулім үй мен қымбат көлік, шет елде оқу болса, бұл қыз жұмыс істеп, ата-анасымен бірге болғанын қалайды. Қу дүние қыспағымен Алматыны да, Қарағандыны да, Көкшетауды да табанымен тоздырыпты. Қыстың қақаған аязында таңнан кешке дейін көшеде қайыр сұрауға тура келеді. Арғы жағын өзіңіз байыптай беріңіз!..
Шүкіршілік етейік! Қажет нәрсемізді екі етпейтін ата-анамыз бар, ал, мына қыз әке тәрбиесі мен ана қамқорлығына зәру.Оны ойлайтын ата-ана жоқ жұмысқа жегуде. Қыста тоңып қалмау үшін киімнің түр-түрін аламыз, ал, мына қыз киім былай тұрмақ, тамақтың өзін әрең тауып жейді. Мектепте сабақтан қашамыз, ал, мына қыздың арманы сабаққа бару. Кең бөлмеде жалғыз тұрғымыз келеді, ал, бұл қыз алақандай екі бөлмеде тоғыз адам болып тұруға мәжбүр. Туған бауырларымызбен күнде болмашы нәрсеге ренжісіп қаламыз, ал, мына қыз әпкесі мен ағасын көрмегеніне 1 жыл болған, сағынып жүр...
Ойланайық! Бір сәт артымызға назар салайық!!!