Қайыңдар-ау, алмасайықшы... жанымызбен...

Беу, қайыңдар! Сызыла кербезденіп, тербеле тұрушы едіңдер, күзбен жағаласып жатқан мынау қатал қыс сұлулықтарыңды суықпен қымтап, сырларыңды жасыра түскенін қарашы!? Шыдаңдар, жарай ма? Көктем келеді! Аз қалды! бар болғаны 3,4 ай... Сендер күткен көктем келеді! Мен де күтіп жүрмін...

«Жапырақ жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын»...Иә, иә мен де, өтінемін, мен де  айырбастайыншы? Екіжүзділік пен өтіріктің арасында түк көремегендей, дым байқамағандай жүре беру қандай қиын! Рас айтамын, Қайыңдар, қиын! Тіпті, мен де солардың қатарына еніп бара жатқандаймын... қорқамын.

Ғашық болдым! Ғашықпын да! Бірақ ол мүлтіксіз сезімім мынау жүрегімде қала берсінші? Ғашық болғаның үшін де азаптану сондай қиын! Сыр шеткеніме ренжімендерші? Жасырынып қалайын ба, жоғалып кетейін бе, әлде түк болмағандай жымия күліп жалған бетперде киіп алып өмір сүрейін бе? Тыпыршып тыныш таппайды мынау кеудемдегі алып-ұшқан бір жапырақ ет...

Әр көктемде құлпыра, жайнай түсетіндерің жаныма медет береді! Сендерге қарап өмір сүргім келе береді! Көктем! Иә,Қайыңдар, көктем келеді! Асыға күтіп жүрмін! Мен де сендердей жайнап, құлпырып, тамырсыз ауада қалықтайыншы... Сол көктемге жете алсам, қауышармыз...

Ғашықпын... дұрысы - ғашық едім... 

***

Ұлы сөзде ұяттық жоқ! Шіркін-ай, қазақтың қара сөзінен асар не бар?! «Тық-тық етіп өкшесі, Былқ-былқ етіп бөксесі »... Қарапайым ғана тіркес. Пай-пай!!! Өзі екеу-ақ болып жаратылған «ақылды» жаратылыстың ішіндегі «көріктісі», нәзік жанды қыз-қырқын-ай! Өзі жіңішке әрі ұзын шегедей жерге қадалып келе жатқан өкше денеңді қалайша көтеріп тұр екен? Кенет тайып кетсең, оңбай жығыласың-ау! Қайран оқтаудай түп-түзу, жіңішке балтырың! Жүре-жүре үйреніп те кетті-ау, мұндай «азапқа»...

       Жо-жоқ! Кие беріңіздер! Кие беріңдер! Бәлендей қарсылығым жоқ!!! Қытығыма тиіп отырғаны - өкше биіктеген сайын көңіл сол жерге бұрылып, бастағы ми мен ой бірден жерге жақын жаққа ауысып кетпеді ме деген... «Қалай өзі, әдемі жүріп келе жатырмын ба?», «Адамдар маған қалай қарап тұр?»,  «Сәнде қазір мынандаааай биіктіктегі өкшелі аяқкиімдер жүр екен! Соны алу керек еді!», «Бүгін бірінші рет киіп шығып едім, құлап қалмасам болғаны...», «Аяқкиімім киіміме сәйкес тұр ма екен?», «Мәссаған, жолдың бәрі мұз! Тайып кетпесем болды....»...иә, иә...тайып кетпе, құрбыжан! Жолдан тайсаң да, өмір-жолдан тайма! Ойлар арасында адасқан ойлар-ай! Құрбыжан, ойыңның бәрі қайда ығысып кеткен өзі? 

       Аяқ киімің, сөз жоқ, әдемі! Неткен, үйлесімділік! Қандай талғампаз едің! Сөмкеңнің түсі дәл аяқкиіміңнің түсіндей екен! Жарасымды-ақ! Пай-пай, қалайша соншалықты биік өкшелі аяқкиіммен тіп-тік жүресің?! Құдды, сән көрсетіп келе жатқандай! Біртүрлі, өкшеңнің биіктігі, мүлтіксіз, маңғаздана қадам басуың, сырттан қарағанға сені сенімді, мықты, ақылды, һәм қатал адамдай көрсетеді екен! Шындығында солай ма екен?!

       Жазған жазу үлгіңе қарап, адамның мінезін білуге болады екен. Жүрісіне қарап та адам жайлы аздаған мағлұмат алуға болатындай...

       Өкше биіктеген сайын бой биіктейді... Қарсылығым жоқ! Дегенмен де, бой биіктегенімен ой аласарып қалмаса екен деген бір тілек...

***

...ыстық пеш. Үстінде кезек-кезек аузы мұрны көпіре қайнаған шәугімдер. Көбіктеніп, пісіп бара жатқан сүт. Ешкім көрмесе де қосылып тұратын теледидар. Молынан жайылған дастархан. Көзде көзілдірік, қолда газет, әйнектің үстінен теледидарға қарап қойып диванда отырған әкем. Шай құюдың қамымен жүгіріп, тамақ салып, арасында бізді шақырып жүрген маматайым менің... Қолдың наны, қолдың майы, аппақ құрт, құлпынай тосабы, буы бұрқырап табақпен келе жатқан ауылымның картобы... жасандылық жоқ әдеттегі отбасылық кешкі ас. Сол кезде әдеттегідей көрініп еді, ал қазір...қымбатын-ай! Сағындым, сағындым, сағындым жылылықты! Алматы, неліктен мұнша суып кеттің сен?!  

ПыСы: Күнім-ау, ыстық пешті сіздің үйден табамын деуші едім... анаммен бірге...



Бөлісу: