Қайталанбас тұлға болу арманым! (байқау)

Тым ерекше болғым келіп мен де келдім байқауға, Қадірменді  қатысушым тайсалмағын тек алға! Мақсаттарың таңғалаларлық кереметтей ғажап-ақ, Болса екен өнеге оқып, көріп, шолғанға!

Иә! Былтырғы екпін екпін емес екен! Көрдім. Көз тимесін, тфай-тфай! Тегі бәрі дайын тілшілер мен жазушылардай...

Естеріңізде болса былтырғы сайыста ерекше қырларымен көзге түсе білген (деп ойлаймын енді), домбыраны жанына серік еткен Гүлдәрі атты сұлуларыңыз мен боламын. Осыдан тура 25 күн бұрын 11 жыл табалдырығын тоздырған алтын ұя мектебімді алтын белгіге бітіріп (Массагеттің көп септігі тиді), өмірдің жаңа белесіне қанаттанып, ұшқалы отырмын. Жазса Тарас Днепрді, Жазса Пушкин Еділді, Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді,- деп Сыр елінің тумасы Әбділдә атамыз жырлағандай, Алаштың  Анасы атанған киелі Қызылорда – менің өскен жерім.

Әдемі адамдар әрқашан жақсы бола бермейді, бірақ жақсы адамдар әрқашан да әдемі.                                                                                                                                                                                                              (с) Әли Ибн Абу Талиб

«Адам болып туу анадан, адам болып қалу өзіңнен» демекші өмірде өз орныңды табу үшін, ғылым мен білімге қану үшін, соңында бақытты адам болып қалу үшін адамға ең бірінші жақсы мінез, жақсы ниет керек-ақ.

Үлгі тұтар адамым бұл өмірде жоқ. Себебі мен өмірде ешкімді қайталамайтын жалғыз адам болғым келеді.

Менің хоббиім домбыра шертіп, ән салып үйді басыма көтеру)))

Бос уақытымды құр жібермей, айтады емес пе «Уақыт – алақанымызға құйып алған су секілді, шөлімізді қандырып үлгеруге тиіспіз» деп, сол сияқты қолым қалт етсе кітап оқуға тырысамын. Көңіл көкжиегім мен рухани дүниетанымымды сәл де болса кеңейткім келеді.

Бұл байқауға қатысудағы басты мақсатым: өй-өрісімді кеңейту. Жақсы нәрсені бойыма сіңіру. Үкіметтің берген кезекті демалысында демалып жатуыма болатын еді, бірақ олай істемедім. Себебі неге? Өйткені бұл мен үшін пайдалы екенін білемін. Бойымда кішкене де болса даму болып жатқанын сезінемін. Алдыма айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбек еткім келеді. 

Болашақта Массагет порталынан жаңа байқауларды күтемін. Олардың қатарында «Массагетке – 50 жыл» атты шығармашылық сайысын көргім келеді. Әрине, әзіл) Бұл Массагеттің ғұмыры ұзақ болса екен деген тілек қой!

Біз бұл байқаудың ерекше тобы – «Жас қазақпыз!». Былтырғы қатысушылардан құралған, 8 ғана мүшесі бар жас патриоттар. Жетекшіміз жоқ болса да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бір үйдің балаларындай болуға тырысамыз. Байқау соңында да ерекшеленіп, алға озып шығуға бар күшімізді аямаймыз. 

P.S: Басқа топтарға тілейтініміз – тек қана сәттілік!  Жо-жоқ сәттілік емес, мәрттілік! Сайыстың барысы әділ болса екен деп тілейміз!



Бөлісу: