Қайтадан Қарағанды
блог
Ел аузында «осы не шықса да, Шымкенттен шығады», деген ой-пікір қалыптасып кеткен. Алайда, Қарағанды қалысып отырған жоқ. Қарағандының да күллі жұртты таңғалдырып, елді шулатып жүретіні бар. Ол жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Бергі оқиғалардан айтқанда Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйдің опырылып құлағаны. ҚарМТУ-дың бірінші курс студенттері «Нarlem shake» билеп, оқудан шығып қалып білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұйрығымен қайта қабылданғаны. Қарағандыда Каролина мен Кристина Қазақстанда алғашқы болып біржынысты некеге отырғаны, осы орайда Алдан Смайылдың Парламентте дабыл қаққаны. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтың Қарағандылықтармен әйелдердің зейнет жасына қатысты кездесуінде «Потому что, потому что…», деп басына дау орныққаны. Жастар жағы жақсы білетін, «eKaraganda» порталының қыздардың қысқа белдемше киуі жайлы сауалнамасына Дархан Өтебайдың «девушки ходят в коротких юбках, потому что весна... потому чтобы не воняло...», - деген жауабы ғаламторда жайылып, «YouTube» жұлдызына айналғаны. «а мен — қазақпын»,-дейтін Қарағандылық әлем чемпионы Генадий Головкиннің мемлекетіміздің атын бірнеше мәрте асқақтатып, көк туымызды желбіреткені. Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет әлемдік деңгейге шыққаны. Қарағанды қаласындағы бір үйдің ауласында байлаулы тұратын төбет иттің аты мен атағы иен жұртқа таралып, биші ит атанғаны. Және осы жолғы оқиға да жұртшылықтың назарынан тысқары қалған жоқ. Қарағандыда қоғамдық көлікпен жүру ақысы елу теңгеден бірден сексен теңгеге шарықтады. Тіпті елордасы Астанадан да асып кетті. Қымбатшылық қалыпты жағдайға айналған Астананың өзінде жолақы құны автобустарда алпыс ал, маршруттарда алпыс бес теңге. Бұл онсызда жалақыдан жалақыға дейін күн кешіп отырған қарапайым халықтың наразылығын тудырды.