Қайран Тілім
блог
- Оқымайды!
- Рас...
- Олар біліп туған!
- Уақыттары жетпейтін шығар?
- Ақтамашы оларды!
- Онсыз да "тірліктері" көп. Үлгермейтін шығар? Біз оларға түсіністікпен қарауымыз керек шығар?
- Түсінбеймін. Неге олар үшін шыр-пыр боласың? Не үшін оларды жақтайсың? Қазір оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған! Қашан, қайда, қалай оқимын, қандай кітап керек десе де, табылады! Табылады, Құдай-ау! Қазір барлық білім көзі қолжетімді!
- Олардың оқитын сабақтары көп қой! Кітапханаға барып та үлгермейді ғой.
- Ал, вк, фб, уотсап, агентте отыруға ше? Олар сол бір ғаламның торына қалай уақыт табады десеңші, ә?! Теледидар қарап, компьютердің миын шағуға, ата-анасымен салғыласып ұрсысуға, көше кезуге табады емес пе уақыт?! Тіпті жәрайды, нешеме түрлі қымбат телефондарды әке-шешелерінің миын жеп, өзгемен өзін салыстыра бой бермей алдыртсын делік. Ал, сол телефонға да кітаптардың түр-түрін жүктеп алып оқыса болады емес пе? Олай да оқуға болатынын олар бізден жақсы біледі!
- Дегенмен де...
- Қытайдағы қандастарымыздың бірі кезінде «Мұқағалидың кітабы шығыпты, Шахановтың кітабы шығыпты десе, жанұшыра соны алдыртып, бірімізден біріміз алып, өз қолымыға тиіп, сол құндылықпен танысып, өн бойымызға автордың, қазақылықтың, қазақ бауырларымыздың ғаламат күшін, табиғатын сіңдіргенше асық болушы ек» дегенін естіп, әй, осы біз тәуелсіздікті, азаттықты, бостандықты бағаламаймыз-ау деп ойлап едім. Рас! Қазір соны өз көзіммен көрудемін! Бір қорқатыным: соны қазіргі жастардың бойынан көрудемін. Жас дегенім – мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндер һәм студенттер жастар. Әдірем қалғыр, сабақ уақытында қазақша сөйлеп, қоңырау кезінде орысша шүлдірлейтін оқушыларды көргенде «шаңыраққа қарасаң етті, қазақ мектебінде оқисың емес пе?!» деп төбесінен қойып қалғым-ақ келеді!
- Ол үшін олардың кінәлауға болмайтын шығар? «Отан-отбасынан басталады». Ата-анасымен сөйлесу керек шығар?
- Не пайда? Айтшы?! Не пайда одан? Үйде де, түзде де орыс тілінде тілдесетін ата-анадан не хайыр, не үміт, не шара?! Тек 45 минут сабақта қазақша сөйлесе, сөйледі, сөйлемесе ол да жоқ! Не жетпейді соларға, не?! Біздің кезімізде бір ғана кітаппен қаншама білім алып шықтық әр пәннен! Ал, қазір жылына шығып жатқан оқулықтардан аяқ алып жүре алмайсың! Ал соларды оқып, ізденіп, бір пайдаға асырып жатқан жастар саусақпен санарлық қана! Өткенде бір оқушыны жарысқа дайындайын деп, бір автордың бір ғана шығармасын оқы деп тапсырдым. Әлгі шығарманың кітаптың соңғы 20 бетін алатынын көрсетіп, әлгім «мынау көп қой!» дейді! О, тоба, көбі несі! Бір кезінде том-томдап, жастанып кітап оқитын аға-апаларға қарап өстік. Солар секілді кітап «мұжымасақ» та, қалыспай оқып жүрдік. Шығармаң не, сол шығарма енген білектей кітаптарды да тауысып оқып, тіпті мақтанып, мазмұндама да айтып беруші ек кітапханашы апайға. Ол кісі мазмұндамасын айтпасаң, кітапты алмайды, не басқа кітап бермеуші еді. Қашан алған кітаптың мазмұнын судыратып айтқаныңша, басқа кітаптың мұқабасын көру арман еді. Ал, қазір ше? Кітапханаға екінші сыныпта анықтама парақшасын аштырған оқушының 11 сыныпқа дейін 2-3 кітап қана оқығанын көресің. Оның өзі бастауыш сыныпта оқыған ертегілері.
- Олардың кітапқа, көркем әдебиетке, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықтарын қалай оятсақ екен?...
- Білмеймін. Білмеймін. Сол білместіктен жынданып та кете жаздаймын! Кезінде оқи-оқи кітапты тоздырушы еді. Тіпті кейбіреуінің ішінен гербарийлер, оқырманның есімі, әлдекімге жазған, бірақ жетпей қалған хаттары табылып, әлгі әдеби кітапты тіпті де қызықты етіп жіберуші еді. Ал, қазір кітапханалардағы көркем әдеби кітаптардың беттері ашылмастан, аппақ күйінде тұр! Әй, олардың сұлу мұқабасы не керек! Олардың сансыратып алдыртқаннын не керек! Олардың жинап қойып, кітапхананың көркі еткеннен не пайда!? Не керек! Оқылмаса! Оқи-оқи жыртылмаса! Бауырсақ жеп отырып, қызығына кіріп кеткен оқырманның бауырсағының майы тиіп, тіпті де әрлене түспесе! Оқушылар арасында таласқа түспесе! Оқушылардың кітапханадағы анықтама парақшалары жылма-жыл толып кетіп, жаңарып отырмаса! Не пайда! Не пайда?!
- Заман солай...
- Заманнан көрме! Заман сол! Қай кезде де! Заман өзгермейді! Адам, адамның санасы, адамның сезімі, адамның қалауы өзгереді! Кешегі қиындықты, кешегі аштықты, азапты, желтоқсан желін көрмеген біздің өзіміз сол бір қасіретті жылдарды қазақ әдебиетінің маңдайына біткен төл жазушылары, ақындарының жырларынан, қаламдарынан тамған қан іздерінен, жүректен шыққан мөлдір мұңдарынан, ешқашан құны кетпес шығармаларынан оқып, сезінбедік пе? Ұқпадық па? Бағаламдық па? Ал соның бірін де оқымаған мына жастарда қайдан ерлік, өрлік, ар, намыс, қайрат деген сезімдер болсын! Оқымаған адам қайдан біледі оны! Өзге тілде шүлдірлейтін әке-шешесі баласына соны айтады деймісің? Не ізден, оқы деп бағыт бермесе, ол өзі қайдан біледі?! Күнінің жартысын ғана бірге өткізетін ұстаздардың айтқанын бірі ұқса, бірі ұқпайды, бірі қабылдаса, бірі қабылдамайды. Айналдырған жарты күнде бір ғана ұстаздың қолынан не келеді? Баланың болмысына, өн бойына Отанына деген махаббатын, тек туған емес, қандас бауырларына, қазағына деген бауырмалдық сезімін оятуына жалғыз ұстаздың қайсы әлі келер дейсің? Оған әке-шеше, қоғам, орта болып атсалысуы керек! Онсыз... Онсыз «Елім! Жерім! Отаным! Бауырым! Тәуелсіздігім!» деген жасты тәрбиелеп шығара алмаймыз! Түсінемісің, шығара алмаймыз! Менің қынжылатыным, миымды жегідей жейтіні осы!
- Түсінемін...
- «Жалғыздың үні шықпас». Елім деп еміренетін, халқының қамын жейтін аға-апаларымыз қолдарынан келгенін жасап бағуда сөзсіз. Бірақ... Бірақ кітаптарды айтамын. Кітапханада шаң басқан кітаптардың шаңын сүртіп тұруды үйретсек екен оқушыларға. Бәрі де бала-бақшадан, мектептен басталмай ма? Сол кезеңде бағыт дұрыс берілсе, баланың болашағына қам жеме.
- Ізденіп оқитын, кітапханалардан шықпайтын оқушылар да бар ғой дегенмен...
- Әй, басқалар соларға бақталасып, таласып оқыса, артық па? Әлде бір мектептен, бір сыныптан бір бала оқыса жеткілікті ме? Оқитын бала оқиды, ізденеді, өрлейді. Бірақ ол ертең білім қуып, шетел асып, бізден алған білімін өзге елдің пайдасына жұмсамасына, өзге елдің құлына айналмасына кім кепіл? Кім? Тек білім, бағыт беріп қана қоймай, оның бойындағы Отанына, халқына деген ерекше сезімін оятып, ата-бабаларының алдындағы борышын сезіндіруіміз керек! Сонда ғана Ол елінің қамын жейтін, шетелге қашпайтын, білімін тек өзінің ғана емес ұлтының болашағы, елінің келешегі үшін, жұртының бірлігі, туған жерінің топырағы үшін жұмсайтын болады! Сонда ғана Ол қазақ халқының нағыз азаматы болады! Сонда ғана Ол Қазақ болады!!!
- Еңбек, намыс, білім, қайрат, жүрек, сана, ақыл...
- Соны мына оқушылар, жастар ұғынса етті. Соны ата-аналары, қоғамы, ортасы, ұстаздары ұғындырса етті... Еһ, бұл да арманға айналып кетпесе болғаны... Онсыз да бізде арман көп еді...
Өзге елдегі қазақ бауырларымыздың бауырмалдық сезімдерінің ұшқыны бізге тисе, шіркін. Өзге жердің топырағын басып жүрген қазақ қандастарымыздың туған еліне, жеріне, қазақ бауырларына деген махаббатын, құштарлығын, аңсарын, сағынышын бір көрсе, сезсе, шіркін, телефоннан бас алмай, шетелге ынтық, әлжуаз, қарнының тоқтығына ырза, телефонының қымбаттығына, сабақта үй тапсырмасын сұрамағына, әке-шешесінің ақшасына оқып, құлап қалса, қайта оқуға түсіретіндеріне мәз, әке-шешесін күні-түн тепеңдетіп, несиеге көлік алдыртатын, көзге көзайым, бас іші бос, сенімді, үмітті ақтамайтын қазағымның Болашақтары!...
- Е, қайран Тілім, зарлап қоя бердің-ау тағы... Кім естісін айқайыңды... Кім...
/сурет жеке мұрағаттан/