Қайран рәзіңке

Қайран рәзіңке
жеке
блог

Сап-сары шашым жалбырааап,  күнге шығылысып, балапан шаштарым бақабақтың ұлпасындай болып үйпа-тұйпам шығып жүретін бала кезімде. Бір жерде отырмайтын, ойын десе елегізіп, желпілдеп тұратын қыз едім. Әжетханаға адам құсап екі аяқпен бармаймын, аласұрып сальто жасап баратынымды қазір ойласам күлкім келеді. Әжетханаға жеткенше екі қолыммен барлық жердегі кірді жинап келемін. Неге екенін білмеймін, адам құсап екі аяқпен барсам, өмірім қызықсыз боп өтіп жатқандай күй кешетінмін. Үйдің ішіндегі колидорымыз ұзын еді. Зал бөлмеге де тура сол "способпен" жететінмін. Талай есікке соғылып жатсам да берілмеймін ғой шіркін. Көшедегі қыздармен "резинка" ойнайтынбыз. Секең-секең етіп, аяқтарымызды басымыздан асыратын едік. Не деген энергия таусылмайтын. Арқасын бұрап қойған ойыншық сияқты қозғалысты таңертең бастайсың, кешке төсекке құлағанша қозғалыста боласың ғой. Ұйықтап бара жатсаң да "тындым, қойдым" дегенде аузың жыбырлап жататын.

Еш уайым жоқ. Ойй, жоқ деппін ғой, айтпақшы... бір уайым бар. Капрон калготки. Резеңке ойнау үшін капрон тапшы болатын. Бірде қатты секіргім келіп табаным қышып қыздарға бардым. Резеңке жоқ. Енді не істейміз. Ойыма мамамның колготкиі сап ете қалды. Үйге жүгіріп бардым да орындықтың үстінде ілініп тұрған мамамның колготкиінің бір балағын бірақ қырқып алдым. Оййй әбден ойнадық. Макассиымыздың табаны тозғанша секірдік. Кешкісін мамам "тойға барамын" дегені есіме түсіп үйге қайттым. Келсем мамам киініп жатыр екен. Жаңағы колготки ілініп тұрған жерде көйлегі үтіктеулі тұр. Зәрем ұшып кетті. Мамам колготкиді әдейі тойға дайындаған екен ғой. Көйлегін киіп алған мамам, колготкиді қолына алды да кие бастады. Алдымен бірінші аяғына киді. Мен қашуға дайындалдым. Екінші аяғын салайын десе.... Сол кездері қатты қиын қыстау кез еді. Бір колготкиді әзер стып алған мамамның көңіл күйі  "тежегішін бірден басқандағы спидометрдің" көрсеткішіндей түсті де кетті. Отыра қап жылап жіберді. Мен сальто жасаған күйі үйдің артындағы сарайдың шатырына қашып кеттім. Құдай-ауу ана 6 метрлік шатырға қалай шыққанымды елестетсем денем түршігеді. Біраздан соң үйге кірдім. Мамалар кетіп қалыпты.  Сөйтсем қалың қыстық колготкиін амал жоқ киіп кеткен екен. Тойдан келген соң ұрысқанын күтіп отырдым. Олай болмады, келді де "Ақымағым-ай" деп ішек-сілесі қатып күлді әкем екеуі. Мен де қосылдым, содан соң барлығымыз қыран топан күлкі болдық. Кеше ғана осы оқиғаны мамам  екеуіміз есімізге түсіріп күліп едік.