Қайран да менің Еділім...

Қайран да менің Еділім...
жеке
блог

Алаң да, алаң, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт…
Қазтуған жырау

Негізі кішкентайымнан орыстардың арасында өскен баламын Оралда («Орал орыстардың қаласы» деген «стереотиптен» айырылыңыздаршы сосын!). Дима, Вася Каргиндер бар, Игорь бар, Стас бар, Никита бар, көрші — Дядя Витя бар тағы… аз ба?! Жалғастырсам, жетіп артылады… Кейбірі досым да болды. Біреуінің тұмсығын бұзбадым, алдарында есемді де жібермедім. Орыс тіліне жетік болғаным солардың арқасы. Мойындауым керек! Ауылдың құмдарында қара домалақтармен емес, сол «аққұлақтармен» құлын тайдай тебісіп өстім. Бірақ "қазақтығымды" жоғалтпадым(мақтанатын нәрсе емес әрине).

2 аптадай уақыт болды бұл қалада әкемнің үйіндегідей әкіреңдеп жүргеніме. Ешкімді танымасам да, ешкім келіп, ұрып-соғып, әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан жоқ. Тек ара-арасында бірді-екілісінің «вот, чурка» дегендей, ала көзімен қарағанын байқадым анық. Қысырлау болса да көздерім, қырағы өздері… 
Тұңғыш келуім емес, біраз мәрте болып қойыппын осы кезге дейін. «Орыстарға дым көрмегендей қарама, бала! Олар сені не қылсын?! Жеп қояр дейсің бе? Өзің сияқты жұмырбасты пенделер жер басып жүрген. Біздегі „аққұлақтардан“ азды-кемді айырмашылықтары болмаса, мінездері, пайым-парасаты мен ой-түсініктерінде… Саған да аса мән беріп, қарай қоймайды. Қараса да, қазақтарда алажақтары жоқ, керісінше, кәдімгідей сыйлайды біздің ұлтты. Өзбек көреді дейсің бе, әлде?!» деген ақылдары жақындарымның 3жыл бойы санамда сақталып келеді. Бәрібір қарап қоя берем кейбіріне қадалып…«Правинциальный» болмыстан емес сіз ойлағандай.
Қарааап тұрып, ұзақ уақыт ойға шомам… Неше түрлісі келеді миыма. Кей-кейде «Жерімді иемденіп, төрімді басып, төбеме шыққан тексіздің алдында тілімді шығара алмай, түбін тамырымен қоса құрт алмай, асылымды аждаһадай жалмап, аппақ арыма дақ түсріген ата жауымның алдында осыншама дәрменсіз боп тұрар ма ем?!» деп, өзімді табалап та алам. Ондай сезімді менің орнымда болсаңыз, сіз де кешерсіз, бәлкім?! Әрине мен алып бара жатқан «нацист» та емеспін! Немесе ұлы көштің басын бұрып, біріктіргісі келетін «оппозициянер»де емеспін. МЕН — ҚАЗАҚПЫН! ОЛ АЗ ДЕЙСІЗ БЕ?! МЕН — ҰЛЫ ҚАЗАҚПЫН!!! Содан да шығар...

Соншалық ауыз толтырып айтарлық «саяси сауатым» болмаса да, өремнің таяз еместігіне шүбә келтірмеңіздер! Кейбір содыр емес, "ұлтшыл", кешегі И.Кант, Т.Джефферсондар сияқты «либерал-демократ», Эдмунд Берктердің ізін жалғаған «консервант» аға-әпкелерімдей Ресейді жамандап, Украинаны жақтап немесе керісінше, Украинаны жау көріп, Ресейді арқасынан қағуыма болар еді демократиялы елде өмір сүріп жатқан азамат ретінде. Оны қойшы, сол жанағы Ресейдің троллейбус, автобустарында жүріп, Украинадан «ауыздары ұрылып», қиындықтан қаусаған күйлері келіп жеткен "қашқындардың"(беженец) азық-түлік алатын тиын-тебен сұрап жалынып жүргендерін көрген адам ретінде(өтірік "қашқын" атын жамылғандар емес, паспорт-документтерін көрсетіп жүр Украиналық) біреуіне жақ болып өз көзқарасымды жазуыма болар еді.
Қарапайым қара халқының кәдімгідей соларға жандары ашып, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, біреуі — асынан, біреуі — киім-кешегінен таратып жүргендерін көрдім. Есік алдында отырып, бір орыс кемпірінің телефон арқылы біреуге айтып жатқан(туыстарына-ау, шамасы), «Сендердің қалаларында „қашқындар“ көп пе? Бізге біразі келіп қойды. Владивостоктағы қызыммен сөйлесіп едім, „олардың“ толып келгенін айтты. Барынша көмектерін көрсетіп жүр екен. Ужассс! Что за ужас!» деген әңгімесін естіп қалдым… Асықпай тыңдааап…
Ресей телеарналарының барлығы дерлік («ТНТ»-дан басқа) соңғы оқиғалар туралы ғана ақпарат таратуда. Ешқандай қызық нәрсе жоқ. Түнге дейін сол каналдарды көріп, Ресейдің сүттен — ақ, судан — таза екеніне шәк келтірмейсің. Крым, Донецк, Луганск, Мариуполь, Краматорск Күүүнде осы қалалардағы әскери-қақтығыстар эфирде. Күнде "қашқындардың" лек-легімен ағылып келіп жатқандарын көрсетуден жалыққан емес. Өздері тек қорғанып жүргендерін, өз жерлерін қорғап жүргендерін жарыса айтуда. Кімдерден?! Порошенконың АҚШ һәм Батыс елдерімен «одақтасып», террористтерді, жауынгерлерді, кешегі Югословияда, Косовада соғысқан сарбаздарды, Британ сарбаздарын қақтығыс аймақтарына жіберіп, әдейілеп өз адамдарын қырып-жоюда дейді тағы. Ал олар барлығына, керісінше, Ресейді кінәлі санайды. Ирак АҚШты алаңдатып отқан уақытта, Путин өз террористтерін жіберді деп соғысқа. Түнде ФБ-ға кірсем болды, сол жанағы аға-әпкелерімнің қорқынышты посттарын, неше түрлі жазбаларын оқып, «шок» боласың да қаласың. Олар Украинаның ұстанғаны бағыты дұрыс, ал Ресей басшылығында баяғы фашизмның қалдықтары әлі де болса сақталғанын жазады жарысып. Олар — «идиот», олар — «кәпір», олар — «айуан»… Міне, бар келтіретіндері — осы. Меніңше, қанды қырғын боп жатқан аймақтарда жүрмей, көздерімен көріп, куә болмай, сондай «жалған» қорытындыға келіп, бәрін араздастырмаса керек-ті. Әйтпесе, өз жерімізде «Хәләуләйлімға» салып, бөсіп жүріп, бір журналистіміз, бір "ұлтшылымыз", бір «либералымыз» сондай жерлерге барып, орынды нәрсе жазды ма, сауатты, шынайы репортаж жасады ма, эфирден көрсетті ме, суығын сезініп көрді ме?! Жоқ. Тек үйінде аяғын жылы суға малып қойып, сырттай әр елді әр оқиғаға байланысты жамандау ғана қолымыздан келеді. Осы жайттардың барлығына жоғарыдан қарасаң, бейне бір күрмеуі шешілмес былық іспеттес көрінетіні анық. Бұлардың барлығына бас ауыртқың да келмейді негізі.


 

P.S.: Қайтем… Мен тек бір нәрсе айтқым келген. Көсіліп жүрген қалам — Самара. Мыңдаған қазақтың да мекені. Жылда осы қалаға кіріп келе жатқанда және Оралыма қайта аттанып бара жатқанда бір жерге көзім түсіп, жүрегім қан жылайды. Ол кешегі Махамбет жырлаған, кешегі Қазтуған толғаған — Еділ. Сеңсеңіз де, сеңбесеңіз де — ерік сізде. Еділдің арнасы Жайықтан 3 есе кең шығар… Бейне бір көл іспеттес. Айнала қоршаған қалың орман, тоғай… Өзімнің суым, өзімнің құмым болғанын біле тұра, қазір өзгенікі екеніне амалсыздан көндігесің. Қуанышқан досым айтқандай, сол жерлердің, өзен-көлдердің, ну ормандардың барлығын арқама салып, көтеріп әкелсем ғой, шіркін… Бабаларым бір аунап қалар ма ед?! Күллі қазақ көргенін қалаймын Еділді. Қазіргінің қаншасы көрмеді. Бізден кейінгілер мүлде білмей өтсе ше?! 
Жағасына барып жайғасып, Бекболат ағамыздың орындаған термесін қосып қоямын да, бұрынғы батырларды елестетем. Ақ жаулықты аналарымыздың, әжелеріміздің бақыраштарымен келіп су алып жатқандарын елестетем… Әр бетінде тігілген киіз уйлерде ойран асыр той-думан болып жатқанын елестетем. Жайлауында малымыздың алаңсыз жайылып жүргенін елестетем… Соңында бір жылап алып, қайтам «квартираға». 
Айтпақшы, Бекзат бауырымның алдындағы айтылмаған, келісілмеген «уәдемдей» болушы еді. Соны орындадым. Еділге барып, Махамбеттің жыры мен Қазтуғанның толғауын оқыдым. Мүмкіндігінше, қатты. Ұзақ тұра алмадым тек.
Қолымнан келгені сол-ақ(((…
Иә, Әруақ!
Бейбіт күнде өлмейді ер!!!