Қайнар аға жайлы шағын ой
блог
Бірде мақала жазуға машықтану үшін құрбым екеуміз редакцияға бардық. Онда бізді шеф-редактор Айдын Олжай қарсы алды. Есімін таныстырғанда «Олжай» деген тегіне таңырқадық алғашқыда, сонда құрбымның сіздің Қайнар Олжайға қатысыңыз жоқ па дей салғаны. Ол болса «Ия, ол менің әкем»,-деді. Міне, содан бастап ұлы арқылы әкесін, әкесі арқылы ұлын танып, Қайнар Олжайға деген қызығушылық артты. «Ол кім? Неге ол кісіні жұрт мақтайды?», - деген сауалдар туындады. Осы сұрақтардың арқасында тағы бір қазақ азаматын, қазақ қамқоршысын танып қалдық, біршама.
Оның көзге бірден ұратын тақырыптар төңірегіндегі жазбаларын құдды – жалпағынан жылжыған өрт дерсіз. Неге өрт? Өйткені, жолындағының бәрін жапырар қызыл тасқын тәрізді. Бір ғана мысал «Сиыр төңірегіндегі шиыр» мақаласында сиыр жайлы кімдер зерттеп, өлең шығарғандарды, тіпті, мына бір: «Өгіздің ежелден көлік екенін дәлелдеу үшін тағы қазақтың қара өлеңіне жүгінейік. Оны жалықпай жинастырған Оразақын Асқар деген ақын ағамыз бар. Совет заманында бұқаның мойнына дейін ілінетін медаль мен көп сүт сауылған сиырға берілетін атақтың бірі бұйырмаған қаламгер – осы кісі», - дегені жалындаған өрттің дәлелі емей немене. Міне, бірді жазып, екіншіні қоса айтатын журналист шеберлігі осы болса керек.
Жалпы, Қайнар кім? Қайнар – құнды кітап. Онда сөз де, ой да, мақсат та, оқиға да бар. Оқиға бар жерде, шындық болады. Сонда қиял елегінен туындаған жазбалардың емес, өмір өрімдерінен туындаған жазбалардың иесі ол – Қайнар Олжай.
Алайда, бүгінгі журналистиканың бітеуін бітеп, түтінін түтетіп жүрген, ауыз әдебиетіне қанық сол Қайнарды білмейтін біршама болашақ журналист мамандар мен өнер адамдары да өсіп келеді арамызда. Олай деуімізге «Сізге Қайнар Олжай деген есім таныс па? Ол туралы не білесіз?», - деген сауалдар төңірегінде жүргізілген сауалнама дәлел. Әдейілеп, журфактан, өнерге жақын факультеттерден, тіпті, өзге өңірлердегі оқу орындарынан алынған жауаптардың кейбір реті былай:
-Байжан, болашақ журналист: Танымаймын, айта алмаймын.
-Аягөз, болашақ өнер саласының адамы: Интернеттен жаңа көрдім, аймақтарға хабар таратуды дамыту жөніндегі дирекцияның директоры екен.
-Ұлдана, болашақ журналист: Ол кісі жайлы білмедім.
-Фариза, болашақ журналист: Танымаймын.
-Руслан, болашақ актер: Оны танымайды екенмін.
-Айнұр, болашақ журналист: Қайнар Олжай десе тек Қазақстан арнасымен байланыстырамын. Өзіндік позициясы бар журналистикадағы маңызды тұлғалардың бірі.
Ия, нәтиже біраз қынжылтады. Өкінішті, буынсыз жерге біреу балта шапқандай.. Шындық, әрі сұмдық. Бірақ, мұнымен Қайнар Олжай есімі өшіп қалмайды, керісінше тек сол тұлғаның шығармашылығынан шыңдалмағандар, қазақ ауыз әдебиетінен нәр алмағандардың ғана оты өшпек керек.
Гүлжан Серік