Қайқы қанжар оқиғасы...

Қара сан көп баланың бірі болған. Кішкентай Асылжан әкесінің қос ауыз мылтығына қатты қызығатын. Ұңғысына пайзалы тығылған күйі әке-шешесінің жатын бөлмесінде, сандықтың оң жақ, шифоньердің сол жақ бұрышында тұратын да қоятын.

Оны қойшы, сол бөлмедегі кілем бетінде ілінген қанжар ше? Мұның көзіне әлдебір парсы, я әлдебір иранның құпия рухына ұқсас бірдеңе болып елестейтін. Қайқы қанжардың әрбір жонылған оюы ой тастайтын. Белгісіз ой. Дәл қазір Асылжан оны ұстай алса, қолына көтеріп, белдемшесіне асып алса, сосын... сосын анау мылтықты... Қой! Әкесі көрсе өткен жолғыдай тобылғы қамшымен қуа жөнелер. Онда да дәл осы мылтықты маймен сүртемін деп, керосин жаққанда қызық болған. Әкесі үйіне келген бетте иістен бірден-ақ біліп қойып, алғашқыда ағасы Қасымжанды соққан. Содан әләйім-тәләйім күйге түсірген соң оның дым кінәсі болмағанын біле салған сәтте қаһарына мінген әке мұны да сабай түскен. Өрімі тиген сайын желке тұсы қысып, шыдай алмай талып қалған болатын. Ал ендігі отырысы мынау. Мылтық пен қанжарға діттей алмаса да, қайта айналып келіп, көргісі бар, ұстағысы бар.

«Тарс» етті бірде. Мылтықты абайсызда атып алған оның жылауы үрейлі дауыстан болса, жалғасы әкесінің қаһарынан еді. Үйге жан ұшыра кірген шешесіне қарайды бірде, соңынан ілесе кірген әкесінің көзі қанталап тұр. «Сұмдық-ай, сұмдық!» десіп, табалдырыққа сүріне шешесі бірінші жетті балаға. Мән-жайды біліп алған соң ғана әкесі келіп, анасының қолынан алып, тура сәби күніндей көтеріп алды. Басы айнала кеткен Асылжанының маңдайын иіскеп «Күнім-ай, жарығым-ай» десіп, әкесі еңіресін енді. Топалаң сәттердің соңы осындай бір бақыт құшағымен жалғаса кетті. Оған бала да таң, мына меңіреу дала да таң. Артынан не болдыласып кірген көрші Айнаш түк түсінер емес, аңырды да қалды...

Ауылда «көтек, Қарсақ өз баласын атып түсіргісі келіпті», «баласы есалаң екен, анасына мылтық кезепті», ал бірде «әкесі мен шешесі баласынан осылай құтылғысы келіпті» дескен өсек ағытылыпты, шіркін...



Бөлісу: