ҚАЙҒЫСЫН БҮККЕН ҚАРА ЖЕР, ҚАРҒЫСЫҢ КІМГЕ?!
блог
АЛАШТЫҢ СОРЫ
Қайран Қазағым-ай,
Қайран Қазалым-ай!
2013 жылдың шілденің 2 жұлдызы күні Астана уақыты бойынша 8 38-де Байқоңыр ғарыш айлағының №81 алаңынан жасалған ұшырылым апатпен аяқталған болатын. Апат болғаннан кейін, дәл сол күні үкіметтің шұғыл отырысында Талғат Мұсабаев: Байқоңырдағы «Протон» зымыранының құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды,- деп мәлімдеді.
Жаздың жайма шуақ күндерінің бірі. Таңереңгі уақыт. Қызылорданың халқы өлместің күнін кешіп тіршілік етіп жатқан еді. Дәл осындай басынан бағы тайып, соры қалыңдаған қара халықтың шырқын аспаннан құлдилап құлаған «қара зат» бұзды. Кім-кімге болса да белгісіз жұмбақ заттың жыры осылай басталған болатын. Сол қара зат құлаған соң, аспан сұрланып, ауадан күлімсі иіс шығып халықтың зәресін алды. Жергілікті әкімшілік орындары халықтың терезелерін жауып, үйден шықпауын өтінді. Бұл өтінішке кейбіреулер пысқырыпта қарамады. Себебі, мұндай оқиғаға еттері үйреніп кеткен сыңайлы, бірінші рет емес еді. Артынша білдік. Бұл қара зат «Протон-М» зымыраны екен. Халық дүрлігетіндей оқиға емес. Жай ғана зымыран ұшыру сәтсіз аяқталапты-мыс... Дәл осылай көршілеріміз емеурін танытып алаңдағандай болып жатса, біздің тұңғыш ғарышкерлеріміздің бірі «Қазақстан мақтанышы» Талғат Мұсабаев ағамыздың мынандай мәлімдемесі жүрегімізге кінәрат салғандай болды. Басқа басқа, Мұсабаевтың мұндай қылық күтпегенбіз. Өз батырымыз осылай көлгөрсіп жатса өзгелерден не үміт, не қайыр??? Бүкіл дүние жүзі бойынша ракеталардың 50 пайыздан астамын біздің Байқоңырдан ұшырады. Ресейліктер біздің жерімізде жыл сайын 30-40 зымыранды ғарышқа жөнелтіп жатыр. Өкініштісі – қаламыз әлемге тек жөнелтулерімен ғана емес, сонымен қатар жөнелтілген зымырандар апаттарының санымен де атақты. 1957 жылы тамызда алғашқы зымыран ұшырылған. Содан бергi 40 жылда әртүрлi мақсаттағы 1100 ғарыш аппараттары және 100-ден астам континентаралық баллистикалық зымырандар сыналыпты. Сонымен қатар соғысқа қажеттi 38 түрлi жаппай қырып-жоятын зымырандар мен ғарыш кемелерiнiң 80-нен астам жаңа үлгiлерi де сыналған. Сыналып та жатыр, құлап та жатыр. Жетістігі кімге пайда, кімге зиян?
Ғалымдардың жүргізген зерттеуі бойынша бұл жарылыс Семей полигонында болған сынақтан 2 есе зиянды екен. Сол бір сынақтың зардабын Шығыстың халқы әлі тартып келе жатыр.Қаншама бала өмірге келмей өліп жатса, кейбірі сал болып жатқанын көз көріп жатыр. Дәл осындай жағдай Сыр елінде қайталанбасына кім кепіл?! Келіншектеріміздің кеудесіне «у» дарып кетсе, ұрпағымыз не болады? Біз, Қазақстан, атом ядросынан ең алғаш бас тартқан мемлекет ретінде тарихта қалдық. Кеште болса бағымыздан гөрі сорымызға айналған «Байқоңырды» жауып тағы бір ерлік жасасақ қой, шіркін!
Талғат Мұсабаевтың сөзіне қайта оралайық: «Байқоңырдағы протонның құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды. Себебі, зымыран Ресейдің жалға алған территорияда орын алған. Жерді жалға алса да халықты жалға алмаған шығар? ҚР конституциясының 1-бабының 1-тармағында: « Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Бұл заңды қайда қоямыз. Халықтың денсаулығы ешкімді де алаңдатпады.
Иә, халық қалаулылары мен атқа мінерлеріміз осылай мәлімдеме таратты. Халықпен ешкім санасып жатқан жоқ.
Жергілікті халықтардан алынған сұхбат бойынша барлығы да бір ғана мәселені айтады. Ғарыш айлағының төңірегінде орналасқан елді мекен тұрғындарының көбі түрлі дертке ұшыраған. Ал жүйке аурулары, демікпе мен жүрек ауруларының саны жөнінен Төретаммен іргелес жатқан Ақай ауылы облыста көш бастап тұр. Екі ауылдың он мыңнан астам тұрғыны арасында 46 бала іштен сал болып туылыпты. Бұл бізге жеткен ақпарат қана. Белгісізі қаншама? ( Бұл мәлімет КТК телеарнасының сайтынан алынған/ Бек Әбиев).
ҚР ДСМ Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин апат болған жерде болмаса да « Улы гептилдің зияны жоқ» деп мәлімдеді. Естімеген елде көп. Зиянсыз «у» да болады екен. Баршамызды әуре сарсаңға салған осы оқиғаны кейбіріміз ұмытып кетсек те, Қызылордалықтар естен шығарған жоқ.
Иә, тас түскен жеріне ауыр. Бұл оқиғаның зардабын олардан артық кім түсінеді. Алматыда жүріп жанашырлық танытқандай болып жүрміз.
Қайран, Қазалым-ай! Кеше ғана жақсы мен жайсаңға тұрақ болған мекен ең. Бұл күнде халқы азып, жері тозып жатқандай. Бұрында тартқан азабың аз емес еді ғой.
Аралдың бүгінгі ахуалы қандай? Арал арнасынан шегінгелі қанша жыл, олда бір қайғы болатын. Бұл оқиға Аралдың қайғысына қайғы қосқандай.
«Елімнің табанына қадалған шеңгел, менің маңдайыма қадалсын»,-дейтін текті халықтың ұрпағымыз. Туған жердің ахуалы мені алаңдатпай қоймады. Арал мен Қазалы егіз еді. Мұңы да сыры да бір, қуанышы мен қайғысын тең бөлісетін. Осындайда Қазалылық ақын Рүстем Жанайдың мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Сондай елміз Арал менен Қазалы!
Жетіп жатқан рахаты азабы
Тартылғанмен Арал кері қайтқанмен
Тартылмаған елдің думан базары.
Иә, Сыр елі осындай. Олар әрбір таңын үмітпен қарсы алып, әрбір істің қайыры барына сенеді. Әрбір Қызылордалықтар жүрегінде үлкен тілегі һәм арманы бар. Ол- Байқоңыр ғарыш айлағының жабылуы. Арманның заттанатыны анық. Келешекке үмітпен қарап, сабыр қылғанымыз абзал!