Қайғы жұтқан құрбыма

Байқаймын дәйім, жүресің ауыр күрсініп,

Тіл қатпай маған, өмірге мына қырсығып.

Білесің бәрін, сезесің заңын өмірдің,

Бұл өмір – сынақ, тағдыр - далбаса тіршілік

 

Кеудеңде кек тұр, көзіңе ыза тығылып,

Селт етер емес селдіреу ғана бір үміт.

Қорқамын сенің үмітсіз осы көзіңнен,

Қалмашы жаным қайтара тағы жығылып.

 

Біз бір ғұмырмыз дария кешіп көрмеген,

Тағдыр дейтұғын толқынға төтеп бермеген.

Тәкаппар көңіл танытқанменен тағылық,

Өмірді қолдан өзгерту сірә келмеген.

 

Жүйріктей жылжып жалғасар бір күн бір түнмен,

Ақ пенен қара, қайғыда қатар күлкіңмен,

Керуен көшіп осылай өмір өтерін,

Қыршын ғұмырдың қиылар сәтін кім білген.

 

Сырғыса уақыт алыстап сенде барасың,

Көруден қалдың ақ пен қараның арасын.

Бақытқа тұнып тұруы керек жанардан,

Тау суы тұнық толассыз неге тарасын.

 

Тоқтатсаң енді жылауды тоқтат мәңгіге,

Бұл өмір саған мейірлі көзбен қарасын.

Санаңнан өшір жамандық деген жауызды,

Ұмытсын жүрек, ұмытсын жүрек жарасын.



Бөлісу: