Таң сібірлеп атқанда ерекше қуанышқа бөленемін. Бірақ сол бір кішкене қуанышым үйдің есігін жауып, далаға шыққан бойда сап тыйылады. Бәріне кінәлі - жол. Дәлірек айтсам, тас жолдағы арман болған пешеход.
Жә, бәрін басынан бастайын.
Бұл - Алматының көлігі көп көшелерінің бірі. Көпке түсінікті тілмен айтсам, Саяхат жақ. Мен үйге жету үшін осы шамадан түсіп қалып, ары қарай жаяу жүремін.
Бұл жақта бағдаршам да, пешеход та бар. Жолдан өту қауіпсіз. Дүңкиген-дүңкиген машиналарды қаз-қатар тоқтатып қойып, жаймен басып өте бересің. Рахат )
Өкінішке орай, менің үйім бұл жақта емес. Үйге жетуім үшін мына жолдан айналып өтіп, анау тұрған Sulpak-қа жетіп жығылуым керек.
"Үйіңе жақын жерге автобус бармай ма? Үйге жақын жерден түсіп қалмайсың ба?" дерсіз. Жо-жоқ, айналып кетейін маңдайына 29-ды жабыстырған автобусымда бір мін жоқ. Үйіме кіргізіп тастамаса да, өңмеңдеп үйдің дәл жанынан тоқтайды-ау жарықтық. Басымды ауыртқан мәселе - бағдаршам мен пешеходта. Бұл жақтағы халық бағдаршам мен пешеходқа зәру.
Елдің бәрі мен секілді алты шақырым жерден айналып жүрсін бе? Көбі үйдің маңайынан түседі-дағы, қаптаған көлікпен жарысып, жандарын қолдарына түйіп алып, жолдың бір шетінен екінші шетіне ойқастай береді.
Анау тұрған Сулпактың жанындағы Green-нен шыға салып, көзге көрініп тұрған бер жақтағы аялдамаға шығу үшін бағанағы мен құсап айналып жүрмей, тәуекел деп тіке басады. Мына суреттегі екі бейбақ құсап...
Немесе мына кісі секілді:
Мыналар да сөйтеді:
Ал мен күнде таңертең анау тұрған таяқ тастам жердегі аялдамаға жету үшін Саяхатқа дейін жетіп барып, сол жердегі бағдаршам мен пешеходтан өтуім керек. Осы жерден-ақ өтейін десем, жақын маңда бағдаршам да, пешеход та атымен жоқ.
Екі аялдаманың арасы сондай жақын әрі сондай алыс...
Бір сәт мен де айналып өтуден шаршап, жанымды шүберекке түйіп, тәуекел деймін де, қаптаған көлік арасына сүңгіп кетем. Міне, орта жолда тұрмын!
Екі жағымнан көліктер зу-зу етіп өтуде. Қол-аяғым дір-дір етіп, жол сәл ашылса болды, дедектеп ана бетке өткелі тұрмын. Қазір-ақ осы көліктердің біреуі тарс еткізіп қағып түсіретіндей, қан-қан боп ес-түссіз жатқан өз бейнем көз алдыма келе береді, келе береді.
Мынау жігіттің де осы ақ жолақты маңайлағанына біраз уақыт болып қалды. Не ойлап келеді екен ол?.. Ол да мен секілді өлім туралы ойлады ма екен... Әлде, ол да мен секілді "Шіркін, осы жерде бір пешеход болса ғой..." деп арман етті ме екен?
Ееее, бұл ақ жолақта тұрып, қанша адам өмір мен өлім туралы ойлады екен? Осы жақтың қанша тұрғыны жолдың арғы бетіне жүгірем деп өз өліміне жүгірді екен? Әлбетте, мен мына бір тас жолдың қанша адамның өмірін жалмап, қанша құпияны қойнына жасырғанын болжай алмаймын. Болжағым да келмейді...
Бір досым айтады: "Әкелші, сол пешеходты өзім-ақ бормен сызып берейін" деп. Аппақ пейіліңнен сенің! Пешеход сызам деп қоясың. Көліктер тоқтаусыз ағып жатқанда, бір көлік ағызып келіп, қалпақтай ұшырса, мен не істеймін сенсіз?... Жо-жоқ, маған сен керексің! Ал жолдың арғы бетінен бергі бетіне ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген анау халыққа ПЕШЕХОД керек! Мынандай пешеход керек...
Суреттер: блог авторынікі