Жаздың басы - балалар мерекесі,
Құттықтайды бір-бірін вацап жұрты.
Қалмасыншы дей ме екен, елден несі,
Таңертеңнен ашық хат самсап тұрды.
"Балаң болсын азамат" дейді бірі,
"Ғұмырлы, әм бақытты" дейді тағы.
Ерекшелеу құлпыртып енді бірі,
Балалықтың қайтарып үйді бағын.
Жақсы нышан санасам бір тілекті,
Келесісі расымен табалау-ды.
Жүрек шіркін құбылып, бір дір етті,
Қадап тұрдым, көңілге санамауды.
"Біз жолаушы ғанамыз, бағыт алған:
Әлмісақтан-Бұ дұния-Барзақ жаққа.
Не берерін білмейміз уақыт алдан,
Екі арасы - ғасырлар, алшақ қақпа",-
Деп әкеміз отыратын, есік алды,
Осы сөзді жиі алам кейде есіме.
Барзақ жаққа атаң да кетіп қалды,
Қазынасын толтырып кеудесіне.
Ал, сен болсаң, балапан, әлі жоқсың,
Кезек күтіп тұрмысың әлмісақта?
Мүмкін, қақпа ашылар оқтын-оқтын,
Жолың тосып жүрміз біз, сәрі шақта.
Бүгін тағы жалаңдап, қадам тұсап,
Өтті ме екен жалаңқия сұм кеденнен?
Әлде сен, асықпай-ақ, маған ұқсап,
"Асығыстар барсыншы" деп жүр ме екенсің?
...Бүгін тағы толыпты құттықтаулар,
Астарымен тағы да табаламақ.
Осылайша жараны тұздықтау бар,
Тызылдатып жүректі араламақ...
Қайдасың, балапан?..
Сурет Аңсаған Мұстафанікі. Интернеттен алынды.