...Бүгін түсімде жылап жатып оянып кеттім. Тұрсам бетім мен жастығым жасқа малыныпты. Анашым мен бауырларым не болғанын сұрап бәйек болып жатыр. Мен ештеңе де болған жоқ деп, оларды тыныштандырдым. Бірақ жүрегім қан жылап, іштей егіліп жаттым...
Асқар тауым әкешімнің бізді тастап о дүниеге аттанып кете барғанына он жылдан астам уақыт болды. Бірақ бір сәт те болсын мен оны жадымнан шығарған емеспін. Жетістікке жетсем де, қиындыққа тап болсам да алдымен әкемді есіме аламын. Содан өзіме рухани күш табамын. Қайран әке, сен менің мәңгілік сағынышымсың. Сені әрқашан тәтті сезіммен еске аламын. Қазақта «Қыз әкеге жақын» деген сөзді жиі есітемін. Шындығында да солай болса керек. Әлде бір ғана қызы болғаным себепті ме, білмеймін, әкем үнемі мені еркелетіп, айтқанымды жасап жүретін. Балабақшаға баратын бүлдіршін кезімде кешке алып кетуге әкем келсе міндетті түрде «Киндер сюрприз» алып келетін, өзі келмей қалған жағдайда үйге әкеліп қоятын. Менің мерзімімнен бұрын туылуыма байланысты мені «Шалақызым» деп еркелетіп, көңіліме кірбің түсе қалса бәйек болып кететін. Ол кезде мен әкемнен ерте айырылып қаламын деп ойлаппын ба?... Әлі есімде, бір жолы Алматыға іссапармен кетті. Ол жақтан маған арнап сол кезде енді шыққан «Арыстан патша» мультфильмінің кассетасын алып келді. Сол мультфильмнің ішінде Симбаның әкесі өлгенде, ешкімге көрсетпей жылағанмын. Мүмкін, әкем өзінің өмірден ерте өтетінін сезіп, бала жүрегін дайындай берейін деген шығар. Ылғи мені қасына жатқызып алып, менің қызым мектепке барғанда жақсы оқиды, тек бес алады, мектепті, университетті қызылға бітіреді деп құлағыма құйып отыратын. Бірінші сыныпқа бармай жатып-ақ «Әліппені» қолына алып, 42 әріптің бәрін жаттатқызған. Соның бәрі мен асқар тауымның маған берген асыл тәрбиесі деп білемін. Мен оқуда кішкентай ғана жетістікке жетсем марқайып, мақтанып отыратын. Оқуда, білімде жеткен жетістіктерім аз емес. Олимпиадаларда да жүлделі орындарға ие болып, университетті де қызылға бітірдім. Әкешім оның бәрін көргенде қалай қуанар еді десеңші...
Әкем қайтыс болатыннан бірнеше күн алдын сырқаттанып қалдым. Жасым 10-ға толуына он күндей ғана қалған болатын. Әр күні түнде әкешім төсегімнің қасына келіп, маған ертегілер айтып беретін, өзінің ақылдарын айтып, жұмбақтар шештіретін. Сенің туылған күніңе кішкентай аппақ лақ әперемін деп, көңілімді көтеретін. Сол күндерде кішкентайында шетінеп кеткен қызын, менің әпкем Айманды сағынып жүргенін жиі айтатын. Қайтыс болардан бір күн алдын мені қасына шақырып алып «Кеме неге суға батпайды?» деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. Әкем маған соны біліп, жауабын айтуымды тапсырды. Сол түн мені құшақтап, сүйіп, төсегіме жатқызды. Сол түнде неге екенін білмеймін, басыма «Әкем қайтыс болса не болады?» деген сауал өзінен-өзі ұя салды. Үнсіз ғана жылап, ұйықтап қалдым. Түсімде үйдегі жарық беретін лампаның күйіп қалғанын көрдім.
Қаралы күні таңертең ұйқымнан тұрдым, бірақ көңілім әлденеге алаңдаулы еді. Сырқаттанып жатқандықтан орнымнан тұруыма болмайды. Үйде әкем жоқ екен. Бір кезде көрші тұратын жеңгем келіп анамды «Қайнаға авария болапты» деп ертіп әкетті. Сол сәтте-ақ, мен әкемнің бізді тастап кеткенін сезім, жылай бердім, жылай бердім. Бір сағат шамасы өткен соң ағаларым келіп, «Папа қайтыс болды» деп хабарлап, мені құшақтап дауыс салып жылай бастады. Сол кездегі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сол сәттен бастап екі ағаммен жартылай жетімдердің қатарын толықтырдық. Асыл анашым бізге әрі әке, әрі ана болып ержеткізді. Ол үшін Анама алғысым шексіз. Әкемнің бауырлары да өз көмектерін аямады...
Ұлға әкенің тәрбиесі маңызды емес пе? Менің қос қанатым ағаларым да әкешімді сағынады, аңсайды. Бірақ еркек болған соң сыртқа сезімдерін шығара бермейді. Олардың әкемнің фотосуретіне қарап, сырласып отырғанын жиі көремін. Бірақ қолымнан қос жанарға ерік беруден басқа ештеңе келмейді.
Бірақ Алланың ісіне қарсылық білдірмеймін. Бәріміз де о дүниелік боламыз ғой бір күні. Менікі жай ғана сағыныштан айтылған күйініш қой.
Бүгін түсімде әкешімді көрдім. Ол баяғыдай мұртты күйінді, жүзінен нұр тамып арамызда жүр екен. Мен әкемді құшақтап, суретке түсіп жатырмын. Сондағы ойым басқаларға менің де әкем бар екенін мақтанып көрсету. Бірақ әкеме деген сағынышымды басып үлгірмедім. Оянып кеттім... Өкініштен өзегім өртенді.
Жан әке, біз ұл-қыздарың сенің өміріңнің жалғасымыз. Біз сені мәңгілік жадымызда сақтаймыз! Анашымды ойлап алаңдама. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Алладан о дүниеде бәрімізді қауыштыра көр деп тілеймін.
Әкешім, құса болдым сағыныштан,
Жастық қайда мендегі алып-ұшқан.
Құшақтағым келеді бас алмастан,
Күндер қайда мойныңнан қысып құшқан.
Өмір мені үйретті жыламауға,
Болмашыға сынбауға, құламауға.
Бірақ әке, орның әркез сезіледі,
Ерік бермей өкініш сығалауда.
Қайдасың сен Әкетайым?