«Қайда...» мен «міне...»

 

«Қайда...» мен «міне...»

 

«Қарсы шыққысы келгендер бар,

бірақ олардың оған білімі де, мүмкіндігі де жоқ.

Бірақ олар қарсы шығады, себебі оларда ұят та жоқ».

 Белгісіз автор

"Мәдениетіміз, руханиятымыз, әдебиетіміз әлі де ғаламтор бетінен табылмайды" Қ.Әбдезұлы

 

Ел болып, еріне нық отырған бозбала мен бойжеткен алысқа қарамайды екен. Алыстығын қойшы, мұрнына тиіп тұрған білім мен ілімді көру, зейінге тоқуға ерінеді, қиналады, шамасы келмейді немесе тіпті де көңіл-күйі болмайды. Болмайды ғой. Қайда...

Жақсылықты да көре білеміз. Жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп те айтып жүрміз. Сол қылықпен қуаныш та кернеді, сол қылықпен қиқу да шықты. Қуанышы түсінікті. Қиқуы не? Сонымен, ғылымның бәрін жинап алған, үздік, ұтымды, ұлы ҒАЛАМТОР деген БАҚ-тың жаңа құралы шықты. Бітті дегенбіз. Бәрі де білімді, бәрі де білікті, бақытты, бірлікте болады дегенбіз. Олай болмай шықты. Қайда...

Ғаламтор, әсіресе, әдебиетке өз үлесін қосуы керек еді. Кітап шығарып, баспай-ақ қойыңыз. Ғаламтордан бір блог ашып алыңыз да шығармашылығыңызды қоя салыңыз. Бітті. Республика жастары көреді. Көруі керек еді. Олай емес. Жаңа заман поэзиясы мен болашақ прозасының катализаторы болады дегенбіз, халықпен қатар отырып, тереңдік, деңгей, сапа, талғам деген бүгін әбден күдікті «термин» болып кеткен сөздерге жауап табуымыз керек-ақ еді. Қайда...

Өзге елдермен әр салада серіктестік орнатып, ХХ ғасыр эволюциясына бастап кетеміз дегенбіз. Жаңа бизнес көзі ашылып, ақпарат тасымалдаушы, яғни журналистикаға қайтсек жан бітіреміз, сапасын қайтсек көтереміз, қазақ журналистикасының түбін ойып, тереңіне бойлаймыз дегенбіз. Қайда...

Әсіресе, әсіресе деген сөзбен «қазақ тілі» деген көшті шүу-шүулеп, тау асырамыз, шала қазақтардың шаңын қағамыз, қазақ тілінде қобыратып тұрып кітап жазып, қазақ тілді бауырларымыз қоқиқаздай кеуде керсін, қолына қазақша қалам ұстағандар қалалық, ал қазақ еместер тауықтың түгін алсын, балалар қазақ тілінде бақадай шулап, биліктегілер қазақ тілінде сөйлесін... Қайда...

Ғаламтор шыққалы бері, ғаламның торына ілім мен білім үшін емес, белгілісі бар, белгісізі бар мүдделерді қорғау, жасырын атпен паранжа киген «қарапайым террористердің» айғай-сүрең тудыруы, іріткі салу, дау-жанжал, сәні мен мәнін кетіру, идеологияға жат көзқарас қалыптастыру, жастардың бойында немкеттілік тудыру және жалған сөз айту. Көшеде көстеңдеп бара жатқан шалға жүгін көтерісу былай тұрыпты, жаппай ұялы телефон камерасына түсіру сәнге айналған. Мұны таратып, төменгі таптағы талғамдарына талғажау ету, атсыз-тексіз күйде мәнсіз-күйсіз талқылаулар, қызу пікірталастар, содан қате түсінік, білімсіздік, оны жаппай насихаттау алдыңғы қатарға шығады. Бұдан кейін ортаға өз жаңалығымен келген ғаламторға қарағың да келмейді екен... Міне...

Қысыр сөз бен қыңыр мінезділік – қазіргі ғаламтор пайдаланушыларының мінездемесі осындай. Міне...

 

Ардақ ҚҰЛТАЙ



Бөлісу: