Мынау тағы да ақылгөйсіп, пәлсапа қуады десеңіздер... рас айтасыздар!
Бұған дейін де, егер естеріңізде болса, жарнама туралы жазған болатынмын. Онда да осы жарнама деген бәледен құтыла алмай жүргенімді айтып, мұңымды шағыппын. Енді ойлана келсек, жарнама – өміріміздің дәл өзіне айналып келеді екен ғой. Қайда барсаңыз да Қорқыттың көрі емес, PR-ы екен. Киер киіміңіз де, ішер асыңыз да – бәрі де жарнама. Бұлай дейтінім, сіздің арнайы бір тауарды сату үшін жасайтын қарапайым әдістеріңіз ғана емес, әлеуметтік желіде пост жазғаныңыз да, әлдекімге пікір жазғаныңыз да, әлдекімнің суретінде көрінсеңіз де, отырсаңыз да, тұрсаңыз да (әрине, көпшіліктің алдында) жарнама екен. Бұл қалай жұмыс жасайды?
Мәселен, сіз осындай бір блог жаздыңыз делік. Сіздің есіміңізді әрбір оқырман келіп оқиды. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс». Ал оның үстіне сіз ақылды немесе қандай да бір білім саласында озық болсаңыз оқырман я көрерменіңіздің алдында боласыз, жарнамаңыз да жүреді.
«Мен туралы жаман ойлайтындарыңа рақмет, ал мен сендер жайлы тіпті де ойламаймын» делінген тұрпайы сөздің өзі маркетингтік қадам болып саналуы мүмкін. Тіпті дәл өзі десек те болады.
Бұл заманның жарнамаға ден қойған соншалықты, кей-кейде «атын атағысы келмеген кәсіпкер мұқтаж жандарға бір бума ақша ұстатты» деген ақпаратты көре сала неліктен атын атамағынын, оның аты-жөні, тіпті түрі қандай екенін білгіміз келіп құмартатын болдық. Оның жақсылығын «біртүрлі» көреміз. Ал «Мен балалар үйіне көмектестім!» деп жар салғандарды төбемізге қойып, сыйлай жөнелеміз.
Жарнама – бұл өнер де, игілік те емес екенін айтқым келеді. Бірақ айта алмаймын. Себебі бұл іспен айналысып жатқан адамдардың ой-ауанын біліп-көрген жоқпын. Бір білерім – біз игілік үшін күресуіміз (мақсатында) керек. Ал жарнама ма, әлде оның қандай да өзгеше түрлері бола ма – оны әрқайсымыз да білгеніміз жөн.
Енді басқа әңгімеге көшсем, көп адамдармен сұхбаттасудың реті түсті. Көбімен етене жақын сөйлесіп кете алдық. Десе де, өнер мен жарнама өнерін кәсіп еткендерді бір деңгейге қойып жүргенімізді байқадым. Мәселен, біреу өнерімен әлек, оған жарнаманың қажеті шамалы. Ел біліп жатыр, әйтеуір аяққа тұрып кетемін деп біреуі айтса, ал екіншісі өз аудиториясын, тыңдарманын (я оқырманын) анықтап алып, арнайы жоспар жасап, түрлі PR қадамдар жасайды. Екеуінің де қателесер тұсы айқын. Біріншісі – жарнамасыз өзінің «ешкім» екенін тіпті ұқпайды, заман талабына ілесу, жаңашылдыққа өтуді мұрнымен сезіп-білмейді де, ал екіншісі – өнерді бизнес деп көреді. «Таяқтың екі ұшы бар» да шығар. Өз басым өнер қаншалықты материалдық құндылықпен өлшенбейтін болса да, оның бағасы боулы керек деп ойлаймын. Және бұл ойдың мен сұхбаттасқан көп адамда жоқ екенін білдім.
Әдейі шашыратып жаздым. Ойымдағы дүниені сараптап, ретке келтіріп жатудың реті жоқ. Айтарымды бүкпесіз айттым. Ал келесі жолы жарнаманың түрлері туралы толғанып көремін. Чао!