Қай күні туылдыңыз
блог
Не ойласаң сол алдыңнан шығады. Осы мен кейде «өмірде кездейсоқ деген болмайды» деп ойлаймын. Өйткені сенің бүгінгі жасаған амалдарың болашаққа тікелей байланысты, немесе бүгін жасап жатқаныңды қарасаң өткен шағыңдағы атқарған істеріңмен сәйкестігін байқайсың. Сол секілді адамның туылғанда бойға дарыған мінез-құлқы, немесе табиғи бітім-болмысы дегенді білуге ынтықпыз. Бүгін газет беттерін ақтарып отырып, "қай күні туылдыңыз" деген ақпаратты кездестіріп қалдым. Дереу өзімнің туылған күнімді тауып алып, оқып шықтым. Келетін сияқты )) Сонымен, сіз қай күні туылдыңыз? Оқыңыз. Ойланыңыз. Сәйкес келе ме екен?
Айдың 1-жұлдызы күні туғандар: Билікке ұмтылғыш болып келеді. Оған күш-қайраты да, ойы да жетеді. Мансапқа жету жолында өзгенің айтқан сақтығын да ескер¬мейді. Шығармашылық ойлау қабілеті өте жоғары. Кез келген жағдайдан шығудың жолын табады. Барға мақтанбайды, жоққа мойымайды. Кейде «бірінші» болу үшін өзгені құрбандыққа шалып жібереді.
2-сі туғандар: Мінезіндегі ерекшелік – ынтымақтастық. Олар жақсы жар, сыйлас әріптес, сырлас дос болуға икемді. Екінші жақтың пікірімен есептесіп отырады. Бұл құлдық психология емес, бірақ кейде оны түсінбегендер оны өзіне тәуелді еткілері келеді. Өзгенің тапсырмасын өте ыждағатты орындайды, осы мінезінің арқасында өзіне орынтақ жасайды.
3-і туғандар: Достары көп, көңілділіктің билігінде көп тербеліп жүреді. Олар «ортаның тұздығы», олардың төңірегінде адамдар көп жүреді. Табиғатынан тартымды, сүйкімді, өздері де осы жақсы қасиеттерінің арқасында жақсы көрінетіндіктерін біліп, сол арқылы көрінгілері келеді. Олар жан-жақты, көп нәрсені істей алады, бірақ ең негізгісін таңдай алмайды.
4-і туғандар: Еңбекқор, мықты адамдар. Қоғамдық қарым-қатынастардың барлығының негізін қалаушы. Мақсатқа жетудің қысқа жолын таңдамайды. Жаны тәртіптілікті қалайды. Кез келген мәселені соңына дейін шешуді жақсы көреді. Тәртіпсіздік пен бей-берекетсіздікке жаны қас. Іскер, тапсырманы ақыл мен қисынға салып оңай орындайды, сирек қателеседі. Өте адал, сенімді, айналасындағылардан да соны талап етеді. Әділетсіздікке жаны төзбейді.
5-і туғандар: Мінезіне – өзгеріп тұру тән. Көп саяхаттағанды ұнатады. Қызығушылығын, өмірге көзқарасын жиі-жиі өзгертіп, іздену үстінде болады. Тұрақсыздығы да бар. Өмірдің барлық қызығын көріп қалғысы келеді. Қаруы – сөз. Сөзге қатысы бар барлық салада өзін сынап көреді. Ойы жүйрік, әзілге шебер. Бірақ кейде осы қабілетін өзгелерді тұқырту үшін пайдаланады. Жұмыс орнында да көп отырмайды.
6-сы туғандар: Білімді, адамгершілігі мол, үйге сыйымды жан. Қайда жүрсе де тыныштық пен үйлесім¬ділікті сақтап отырады. Оны өмір сүрудің өлшемі деп ұғады. Махаббатқа ерекше құрметпен қарайды. Өз отбасына қарым-қатынасын осы негізде құрады. Жақындарының өмірін де жайлы етуге тырысады. Оның көп жауапкершілігін өз мойнына алады.
7-сі туғандар: Ойлауға бейімді. Кез келген нәрсені ұсақ-түйегіне дейін ой елегінен өткізеді, сондықтан ол сырт адамға сылбыр, түсініксіз көрінеді. Өз сезімін сыртқа шығармайды. Өнер «тілін» жақсы түсінеді. Адам қабілеті жетпейтін нәрселердің жауабын жиі іздейді. Философиямен айналысады.
8-і туғандар: Ақшаға байланысты істері өркендейді. Даңқ пен байлыққа жақын жүреді. Материалдық жағдайы үстем болады. Адамдардың жан дүниесін түсінеді, оларға қиналған күндері қол ұшын беруге даяр тұрады. 9-ы туғандар: «9» – метафизика мен философияның саны. Сананың жоғары деңгейіндегі адам. Кемеңгер. Саяхаттағанды ұнатады. Мінезін өзгерістер қалыптастырады. Барлық ұлт пен ұлыстардың әдет-ғұрпын білуге құлшынады. Ел билеушіге тән табандылық пен төзімділікті игерген.
10-ы туғандар: Күш-қуаттың қоймасы іспеттес. Ақылды, күшті, шығармашылық қабілеті жоғары. Жолындағы кедергілерді оңай жеңеді. Жеңілістің өзін жеңіске айналдырады. Оны іскерлік қабілеті мен басшылық пайымы үшін ұнатады. Билігін білек күшімен шешуге тырысатын кездері де аз емес. Оны сырт көзден жасыруға тырысқанымен, байқалып тұрады.