Қай жаста үйленген дұрыс?

«Он үште отау иесі» дейді. Қазір бұл сөздің мағынасын бұрмалап алғанбыз. Тура мағынасында ғана түсінеміз. Нақтырақ айтсақ, «он үште отау иесі» дегенді «он үш жасында үйлену» дейміз. Ал менің ойымша бұл қате түсінік сияқты көрініп-ақ тұрады. Менің ойым ұл бала 13 жасқа келгенде үлкендер жағы «азамат болды, отбасына, яғни ата-анасына, бауырларына бір бүтін адамдай өз күшімен көмектесетін, қолғабыс ете алатын деңгейі жетті» деп, азаматқа берілетін жауапкершіліктерді жүктейтін болған. Яғни қазіргінің 18 жасы сияқты, неге десеңіз сіз 18-ге дейін кәмелетке толмаған болып есептелесіз де, сізге ата-анаңыз жауап береді. Ал бұрынғылар болса кәмелетке 13 жасында шығарып тастайтын болған. Баяғымен салыстырсақ біз 18 жасқа дейін бала боламыз. Қазіргінің 18 жастағы азаматы мен баяғының 13 жастағы бозбаласы тең. 13 жастан әрі сынақ мерзімі, "ұл бала өзін қалай ұстайды, жауапкершілікті көтеріп алып кете ала ма?" соған байланысты. Содан 2-3 жылдан кейін «нағыз азамат болды, өзіне де өзгеге де жауап бере алатын деңгейге жетті» деп үйлендіріп жіберетін болған. 



Қазір 18-ге жетпей «Баяғыда 13 жаста үйленген, біз неге ерте үйленбейміз» деп бөсіп әңгіме айтпай-ақ қойсаңдар болады. 11 жылдық мектеп. Ал мектепте сен жасың нешеде болса да, бәрібір баласың. Бұл біздің жүйе. Барлығы 18 жастағы инфантільді «азаматтар мен азаматшалар». Егер олар ойламаған жерден бостандыққа шығып кетсе, басқа қалаға оқуға кетті және т.б. себептермен, онда олар міндетті түрде реабилитация жасауға 1-2 жыл керек. Олар ондай еркіндікте өздерін дұрыс ұстап үйренулері керек. Ал 1-2 жыл күтпей үйленіп кетті делік, онда ажырасу қаупі жоғарырақ. Себебі өзіне енді-енді жауап беруді үйреніп келе жатқан адам, өзге адамға, қанша жерден өліп-өшіп қосылған адамы болса да, өз жауапкершілігіне ала алмайтындығы анық. Дәл сондай жағдайда «ортақ мүддеден» гөрі жекеленген индивидтердің «эгоизмі» басым тартып кететінін болжамай-ақ айтуға болады. 



Ал сонда нақты қай жаста үйленген дұрыс? Қазіргі жағдайда менің ойымша ол 20 жас сияқты. Бір жағынан Бауыржан Момышұлының сөзі еске түседі: «Жиырма жас — тарихи ерліктердің жасы» — дегені. Тағы бір сөзінде: «Жиырма жасқа келіп үйленбеген жігіт — халық жауы!» — дегені бар. Тарихи ерліктерді үйленуден бастасын дегені шығар))) 

P.S.: Бірақ әркім өзі біледі… Бәлкім, өзіңнің іс-қимылыңа саналы түрде толық жауап бере алатын жасқа жеткенде… Біреу ерте есейеді, біреу кеш дегендей…



Бөлісу: