ҚАУЫЗ
блог
Қол жүгірттім тұңғиық бір жақтарға,
Жырланбады көңілдегі нала мұң.
Қаламымның ұшын сылып бұлттарға,
Жаба салдым сол бір түннің парағын!
(автор)
Денесі дір етті. Cағасынан бір тамшы жерге қарай құлады. Түнімен жылаған еді. Сабағының бүртіктеріне көз жасы шық болып тұнған екен. Сілкіп қалайын десе, тұла бойы ауырсынып қалыпты. Кешегі Түнді есіне алды. «Сол бір Түнмен кездеспей-ақ қойғанда ғой» деген өкінішті ой қалтарыстан қылаң берді... Енді сол ой семірген масадай жарылуға шақ қалып тұр.
Ол бұған дейін жап-жасыл көйлегін қымтап алып, тұнжырап, ішіне әлдебір сыр жасырғандай, үнсіз ғана тербеліп тұратын-ды. Сабағына біткен сояудай-сояудай тікенектері әп-әдемі тұлғасының сиқын қашырып, ең құрығанда жем-шөптікке жарамайтынынан хабар беруші еді. Содан болар, өмірден баз кешкісі келетін-ді. Кеше сондай күндердің бірі болатын. Ымырт жабыла түнеріп, дүт мінезді Түн келді. Бұрыннан әзілдесіп жүргендей, әлдебір қалжыңдарды қағытып еді, естімегенсіді. Десе де, күнделікті есітіп жүрген ұлыған қасқырдың, сықылықтаған жын-шайтандардың, қорқынышты дыбыстары тек Түнге қызмет жасайтынын есіне алып еді, ішінде әлдебір сезім оянғандай болды. Осыны күткендей Түннің салқын желі сумаңдап қол сала бастады. Онан кейінгісі... Тек, жап-жасыл көйлегінің ашылып, жүзін жасырған паранжасы қайтадан қымтауға келмей қалғанда ғана бірақ есін жыйды. «Түн, мен сені жек көрем» деуге әзер шамасы келді. Бұл кезде арғы беттен аяңдай басып, Таң келе жатқан-ды.
Бүгін Күн күндегісінен бөлекше жыр оқыды. Қып-қызыл болып арайлап атып, үнсіз поэзиясымен Оның жан-дүниесін балқытып бара жатты. Күндіз бойы жылу жырымен елітетін шайыр Күннің түндегі оқиғадан хабары жоқ секілді. Тіпті, түк болмағандай «Әлемдегі әдемім сенсің, жүрегім сенсің, білерім сенсің, аңсаған» деп үнсіздікпен күбірлеп тұр. Өзіне қарады. Таңданардай қатты әдемі болып кетіпті. Жүзі үлбіреп тұр.
Күнде көзіне ілмей «ызылдап» өте шығатын Ара бүгін мұны көре салып, іркіліп қалды. Іркілген жоқ, Жүзіне кеп қонды да, балбыраған ернінен құшырлана сүйді. Бұлқынған тіршілік иесін елеместен, қанғанынша ұзақ-ұзақ сорып, сөлін алды да, енді «керегің жоқ» дегендей ұшып кетті. Мұнан кейінгі аралар да қонбай кеткен жоқ. Есеңгіреген байқұс қарсылық көрсетуге шамасы келмей, Күннен медет тілеп телмірумен болды. Бірақ, қызығы сол бір ұзақ сүйістердің де өзіндік ләззаты болатын секілді. Елітіп барады. Мана ғана бір ара мұны елемей ұшып өтіп еді, жүрегі құрғыры зірк ете түсті.
— Е-хе-хе-й, е-хе-хе-хе-й, жаным сен мені естисің бе? — деген дауысқа жалт қарады. Ар жақтан қолын жайып жіберіп, шыр көбелек айналып жүрген жігітті көрді. Тура қасына иығына шашы төгілген қыз жақындап қалған екен.
— Арман, мұнда келші. Мына бір гүлдің әдемісін-ай! Жігіт жүгіріп келді.
— Сенен сұлу емес-ау шамасы.
Екеуі сықылықтап күлісті. Қыз жігіттің иығына басын қойды. Жігіт оны елеместен еңкейіп барып, гүлді жұлып алып иіскеді де, «мынау саған» деді. Қыз:
— Армашка, бекер жұлдың ғой, — деп наз білдірді. Ол да иіскеді. Қыз гүлді кеудесіне қойып, ұзақ отырды. Біраздан кейін, Арман қызды гүлімен қосып құшты. Сүйді. Қарсыласқанына қарамай, үздіксіз жиі-жиі сүйіп, талықсытып бара жатты. Қыздың дірілдеген қолынан гүл түсіп кетті. Гүлдің үстіне әлдебір дене жалп ете түскендей болды. Қауыз бүрін жаңа ашқан байқұс тұла бойы жанышталып бара жатқасын Түнді есіне алды. Кешегідей оқиға гүлдердің ғана емес, адамдар арасында да орын алатынына таң қалды. Бұл кезде ымырт жабылып, жер бетін қараңғылық кеулеп алған еді. Қол ұстасқан жігіт пен қыз Гүлден ұзай берді. Қыздың ішінде «неге ғана...?» деген күйзеліс, жігіттікінде түсініксіздеу бір мақтаныш сезімі бой көтеріп барады. Ақтық демін алып, солып бара жатқан гүл болса, «қыз ғұмыры да біздікіне ұқсас екен-ау-ә!» деп ойлады. Осы оймен масаттанғандай біраз көңілденіп жатты да, қауызын жаңа ғана ашқан сұлу гүлге қызыға қарап, тапталған орнында қала берді.