Қауын беретін ата
блог
Біз ол кісіні осылай атайтынбыз. Шын атын білмей кеттік.
Балалықтың сол бір балғын шағында бір әулеттің немерелері, көшенің жүгермектері, жер қайысқан демей-ақ қояйын, бір топ шұбырған балалар едік. Таңның атысы, күннің батысы ойыннан көз ашпайтын, терімізді күн қақтаған ауыл балалары күн тас төбеден түсіп шыжғырғанда «Қауын беретін атаға» баратынбыз. Ол кісі ағаштың көлеңкесінде киіздің үстінде қамшы жонып жатады. Жасы жетпіске жақындаған. Біз келгенде жұмысын ысырып қойып, «Ә, балалар, келіңдер, келіңдер айналайындар» деп көлеңкеде піскен мұздай қарбызды, иісі аңқыған қауынды алып келетін де бәрімізге қылпып тұрған өткір пышағымен кесіп үлестіріп беретін. Мәз боп шықылықтап, қарбытып асап жатқан біздің түріміз қандай қызық еді. Бірінің беті айғыз, бірінің мұрны аққан, қолы кір қожалақ, жымың-жымың етеді.
Атамыз бізге қарап мәз болатын. «Жеңдер, айналайындар, тауысып қойыңдар» деп, артынша кім екенімізді біліп тұрса да тегімізді сұрай бастайды.
- Кімнің баласысың?
- Атамның.
- Атаң аты кім?
- Дүйсенбай.
- Ааа. Көк көз шалдың баласымын де.
- Ал сен кімнің баласысың?
- Қарлыға атамның.
- Еее. Көк жөтелдің баласымын десейші. Дұрыс, дұрыс.
- Ал сен кімнің баласысың? Түрің Тұрғанбайға тартып тұр, - деп тәптіштеп сұрап шығатын.
Сосын кетерде бәріміздің қолымызға бір-бір қауын ұстататын. Ешкімді қауынсыз қалдырмайтын. Біз сол үшін оны «қауын беретін ата» деп атайтынбыз. Сол үшін де жақсы көретінбіз. Жаз бойы бір күн арасын үзбей барамыз. Бір рет те болсын қауынсыз қайтарған емес.
Бүгінде, әрине, ол кісі де, бақшасы да жоқ. Одан бері он жыл өткен шығар. Топырлаған сол балалардың ешқайсысы оның тура немересі емес едік. Ең жақыны менмін. Қауын беретін ата менің өз атамның бауыры еді.
Тал түсте бізді әдейі күтетінін қайдан білейік ол кезде. Тегімізді сұрағанда бауырларын, құрдас-қатарларын түгендейді екен ғой жарықтық. Ал қауыны ше? Құдай тағала оның бақшасына берекет беріп қойған болар. Немерем емессің деп өзеуремей, бәрімізді қонағындай сыйлап, қолда барды беруге үйрететін сондай қарттар бар ма екен қазір. Жаны жаннатта болғыр жайсаң жан.