ҚАТЕР ТӨНДІРУІ МҮНКІН 400 КОМЕТА

Негізі, ірілі, ұсақты метеориттер жер пай­да болғаннан бері аспаннан ағып түсіп жатса да, тарихи құжаттарда алғаш жерге құлаған метеорит 1790 жылы ғана тіркелген екен. Франция жеріне құлаған бұл аспан денесі бүгінгі күні ең алғашқылардың бірі саналады. Ал оған дейін жұлдыздың аққанын халық тылсым дүние ретінде қабылдаған. Тек 1790 жылдан бастап бұл таңғажайып құбылысқа ғылыми түсініктеме беріле бастаған. Міне, сол кезден бері ғалымдар жерге құлаған 24 мың метеоритті тіркеген. Бұл – ғалымдар тіркеп үлгерген метеориттер саны ғана. Ал шын мәнінде әрбір жыл сайын жерге 4 миллиардқа жуық «жұлдыз» құлайды екен. Олардың  ұсақ дегендері атмосфераға кіргенде-ақ жоқ болып кетсе, ірілері жерге дейін жетеді. Салмағы аз болғандықтан, олардың жерге тигізер зияны жоқ. Керісінше, адамзатқа үлкен пайда әкелуде. Иә, жерге түскендері бүгінгі күні саудагерлердің олжасына айналып, сатылымға кетеді. Алыпсатарлардан бұрын ғалымдардың қолына тисе, зерттеуге жіберіледі немесе мұражайға қойылады. 

Алтыннан қымбат аспани денелер

Аспани тастар өте жоғары бағаланғандықтан да олардың құны жауһармен тең. Әсіресе, марсиандық метеориттер жоғары бағаланады. Аспаннан ағып түскен «жұлдыздар» алтын секілді граммен өлшенеді. Құрамында асыл тастары бар аспан денелерінің бір грамы 1000 долларды құрауы мүмкін. Метеориттердің тығыздығы мен салмағының ауырлығын ескерер болсақ, мұндай жәдігерге қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.

Қымбат тұратын тастарды іздеуге өмірін арнаған да жандар бар. Олар өздеріне арнайы обсерватория жасап, түнімен аспанды аңдиды. Ертеңінде   метеорит көп құлады-ау деген жерді белгілеп, сол тұста іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Ғалымдардың айтуынша, метеориттерге оңай қол жеткізетін аймақтың бірі – Антрактида. Өйткені аппақ қардан құнды тастарды табу оңай екен. Алайда бұл жер адамзат үшін қолжетімді болмай тұр. 

Бір қызығы, бұрынғының жәдігерлерінен де аспани денелерден жасалған дүниелер табылған. Яғни біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдар метеориттерден шыққан темірден күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жасап, қажетіне жаратып отырған. 

Миллиардтап жерге түсіп жатса да, тарихта адам басына түскен метеорит бір-ақ рет тіркелген екен. Мұндай оқиға 180 жылда бір-ақ рет болуы мүмкін. Сол себепті де әзірге төбесінен метеорит түскен бір ғана оқиға тіркелген. 1954 жылы аспаннан салмағы үш келіге жуық метеорит Австралия тұрғынының үстінен түскен. Түнде ұйықтап жатқан жерінде құлаған жұлдыз үй иесін қатты жарақаттамаған. Себебі оның жерге жеткенше жылдамдығы мен салмағы біршама азайған. Сондықтан да адамның төбесінен түсіп, өміріне зиян тигізеді деп, қауіптенудің қажет жоқ. Десе де, бір емес бүкіл адамзаттың, жердегі тіршілік иесінің өміріне аспаннан келер қауіп көп екен. 




Бөлісу: