Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылықпен кездесуі жайлы шолу

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылықпен кездесуі жайлы шолу
жеке
блог

27.09.2022

1. Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесті.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды.

05.10.2022

2. Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті.

Президенттің Павлодар облысына жұмыс сапары өңір жұртшылығымен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысы Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі Ертіс бойына өзінің ықыласы ерекше екенін айтты.  Кездесу соңында Президент Павлодар облысының тұрғындарына мемлекеттік наградалар табыс етті.

05.10.2022

3.Президент Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті.  Сондай-ақ өңірдің тарихы мен ел руханиятында алатын орны туралы айтты. Президент Қарағанды топырағы жер аударылып келген  халық өкілдері мен сталиндік репрессия құрбандарының  ортақ үйіне айналғанын, ал қазір осы өлкені мекендеген ондаған этнос еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Оның пікірінше, әлем бұрын-соңды болмаған тұрақсыздыққа тап келіп, бір-бірімен жауығып жатқан заманда бірлік, ынтымақ, өзара құрмет пен жанашырлық секілді баршамызға ортақ құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау маңызды.

19.10.2022

4.Мемлекет басшысы Алматы облысының жұртшылығымен кездесті.

Президент жұртшылықпен кездесуінде өлкенің еліміз үшін ерекше орны бар екенін атап өтіп, Алматы облысын бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды. Президент Алматы облысы халқының саны ең көп аймақтардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина  инфрақұрылымын  дамытудың маңызды екенін айтты.

20.10.2022

5.Президент Жетісу облысы жұртшылығымен кездесті.

Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өлкенің өзіне ерекше ыстық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атады. Оның айтуынша, табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор.