Қасірет кезеңі:Тіршіліктен күдер үзген қаралы жылдар хақында...
блог
Жалпы, Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу орасан зор қиындықтармен жүргізілді. Сол бір зұлмат жылдарға, тарихтағы білімім бойынша зерделеп, барынша өз ойыммен сол жылдарға сапар шегіп көрейін..
1921 жылдың жазында республиканың едәуір бөлігін қуаңшылық жайлады. Оның алдында қатты жұт болып, ол кей жерлерде малдың 80%-ына дейін қырылуына әкеп соққан еді. Республика халқының 1/3 бөлігін аштық жайлады, ашыққандар 1921 жылдың қарашасында 1 млн 508 мың, 1922 жылдың наурыз айында 2 млн 303200 адам болды, мамыр-маусым айларында бұл мөлшер кеми бастады. 1921 жылдың жазында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің декретімен, Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары аштық жайлаған аудандарға жатқызылды. Аштыққа індет қосылды. 1922 жылдың маусымына қарай Батыс Қазақстанда аштыққа ұшырағандар мен аурулардың жалпы саны халықтың 82%-ына дейін жетті. Қазақстанның солтүстік-батыс аудандарын да аштық жайлады. Астық мол болған Семей және Ақмола губернияларынан орталықтың азық-түлік отрядтары ауыл шаруашылығы өнімдерінің артығын алып кетті. Соның салдарынан, аштықтан аман аудандардың халқы ашыға бастады. Еділ бойынан аш халықтың Қазақстанның батыс губерниялары арқылы Түркістанға үздіксіз ағылып келуі жағдайды қиындата түсті. Кеңес өкіметі Қазақстанның ашыққан халқына көмектесу шараларын бірсыпыра кешігіп бастады. Қайыршылық пен аштық Кеңес өкіметі органдарынан өлкенің 2 млн-нан астам ашыққан халқына көмек қолын созу жөнінде төтенше шаралар қолдануды талап етті. Апат аймағында аштықтан тұтас ауылдар мен аудандар қырылып қалды.
Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан болған адам шығыны туралы мәселені қазіргі заман тарихнама әртүрлі қырынан бағалайды.
Ашаршылықтың ең ауыр зардабы-қазақ халқының мойнына түсті. Біздің халқымыз бұл ашаршылықта өз тарихында ешқашан болмаған теңдесі жоқ қасіретке-демографиялық апатқа ұшырады, бұл қасіретті халқымыз «Ұлы нәубет» деп аталады. Осы ашаршылық кезінде тұрғылықты халықтың 42%-ы, яғни 1 млн 750 мың адам аштықтан, соған байланысты ауру-сырқадан құрбан болды. Қазақ халқы осы шығынның орнын тек 40 жылдан кейін ғана қалпына келтірді. Ашаршылық жылдары қазақ халқының апат болғандарын айтпағанның өзінде, тірі қалғандарының көпшілігі толып жатқан әлеуметтік қиыншылықтарға кездесті. Аштан өлмеу үшін, бала-шағасынан айырылып қалмау үшін тентіреп кетті, жеуге болатынның бәрін жеді, ішуге болатынның бәрін ішті, даланы аш-жалаңаш кезді, жалданды, құлшылық етті, яғни қалыпты қарапайым адамның адамгершілік қасиеттерінің небір азып-тозған сұрқайын бастан кешірді. Ашаршылық жылдары қазақ халқына экономикалық жағынан да көп қиыншылыққа кездесті. Ғасырлар бойы ата-бабалары көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс құрып, миллиондаған малды миллиондаған гектар жерде бағып, өсіріп келген кәсібінің тамырына балта шабылды. Соның салдарынан миллиондаған гектар жайылымдық жер қаңырап бос қалды, қуаңшылыққа ұшырады, бүкіл халық, ұлт кедейленді. Әрбір ұлттың тек өзіне ғана тән ұлттық қасиеттері: мәдениеті, өнері, дәстүрі, салт-санасы, денсаулық, ағарту ісі барынша кедейленіп, тығырыққа тірелді.
1917 жылдың 25 қазанында Уақытша Үкімет құлап, оның орнына большевиктер басқарған Кеңес өкіметі орнады. Бұл жұмысшылар мен шаруалардың билігі орнаған өкімет еді. Оның мақсаты пролетариат диктатурасының басшылығымен Ресейде жаңа қоғам-социализмді орнату болды. Кеңес өкіметі әуелі орталықта, одан әрі тез арада Ресейдің шет аймақтарына дейін орнай бастады. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес басқа халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босап, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Большевиктер барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды.
Шұғыла БЕЙБІТҚЫЗЫ