Төлен Әбдіковтың шығармашылық әлеміне қадамымды «Парасат майданынан» бастадым. Ізгілік пен зұлымдықтың майдан алаңындағы бітіспес айқасы санамды тентіретіп тастаған болатын. Бұл шығарма ауыр тигенімен, оның басқа да туындыларын іздеп жүріп оқитын болдым: «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Қайырсыз жұма», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», т.б. осылай кете берді. Өйткені әр туындысында ащы-ащы шындықтар айтылып, «түптің түбінде адамзатты көрге тығатын зұлымдықпен» бетпе-бет келіп жатады.
Жетпіс жасқа шығармашылық қуаты кемімей жеткен автордың соңғы еңбектерінің бірі «Тұғыр мен ғұмыр». Повесть 198... деп, ауылға жасы егде тартқан, бетін әжім айғыздаған бөтен кісінің келуімен басталады. Ә дегеннен қазақтың қонақжай көңілі бірден байқалды: «– Ойбай, үйге кіріңіз, – деді жігіт одан бетер елпілдеп. Үйдің іші жұпынылау секілді. Қызыл күртеше киген арықтау жас келіншек төрге көрпе төседі. Көп ұзамай дастархан жайылып, шәй келді» Сонымен қатар, шай үстінде қонақжай Қайсар өзінің қай қыпшаққа жататынын таратып айта алмағандығынан бастап советтік дәуірдің ұлтымызға тартқызған тауқыметтері қылаң бере бастайды. Өйткені әр қазақ баласы шыққан тегін ұйықтап жатып та айтып бере алатын.
Ауылға келген бейтаныс адамның есімі – Борис, шын аты – Батыр болатын. Төрт жасар қарындасымен әке-шешеден қатар айырылғанға дейін Батырдың үйін бақыт құсы ұялаған қазақы шаңырақ дер едік. «Бұл үйдің бір әдеті – қазаны оттан түспейтін. Екі күннің бірінде қонақ қабылдап, шешесі тамақ істеп үлгіре алмай, әбігер болып жатқаны. Әкесі мен шешесінің тірлігіне қарасаң, адам дүниеге қонақ күту үшін ғана келетін секілді. «Үй көрсете алмадық», «сыбаға бере алмадық» деп айдаладағы біреулерге қарадай қарыздар болып жүрер еді... Бірақ, шынында да, қонақтар келген кезде отбасы шаттыққа кенеліп, әзіл-күлкі, әңгіме-дүкеннен үйдің іші кеңейіп, жарық болып кеткендей болады... Айтылатын әңгіменің түрі көп... Кейде болып жатқан әлеуметтік оқиғаларға риза еместік те байқалып қалады... Әлдеқалай артық ауыс бірдеңелер айтылып қалса, біреу жасырынып тыңдап тұрғандай, үрейленіп, абыржып, «қайтесіңдер, қойыңдар» деп біріне бірі ақыл айтып жатар еді... Кейде өңкей лауазымды кісілер келеді». Бақтың таюы мұрсат екен. Бұл үйден бақыт құсының қанат қағуы Батырдың әкесінің халық жауы деген атпен ұсталуынан басталады. Бәле мұнымен де тоқтамай, бір аптадан кейін шешесі де әке соңынан кете барды. Халықтың «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген танымымен тәрбиленген анасынан естіген соңғы сөздері «Бір Аллаға тапсырдым, бір Аллаға...» еді. Осылай тірілей жетім қалған 6-сыныпта оқитын Батыр мен 4 жасар қарындасы тағдырдың емес, сұрқия саясаттың айдауымен екі бөлек жөнелтіледі. Оқып отырып «еліме болсын» дейтін азаматтардың көздеріне көк шыбын үймелеткен сталинизм, жаппай репрессия, тоталитарлық биліктің азабы мен қорлығының неше түрін көріп жаның түршігеді. «Халық жауының баласы» деген атқа ие болған Батырдың болашағына көңілің қобалжиды.
Зиялы қауым отбасында тәртіп пен тәрбиенің қорғауында өскен Батырға «кім мейлінше қатыгез болса, соның беделі үстем» дейтін өзінің түсінігі мен ғұрпы бөлек интернат өмірі өте ауыр тиеді. Жыл өтер-өтпестен Батыр қаланың бұзақы баласына айналады, яғни айналдырылды деуге де болады. Осы тұста «Оң қол», «Парасат майданы» шығармаларындағы тұлғаның екіге бөлінуі де көрініс береді: «Ол өзінің екі адамға айналғанын сезді. Оңашада – қанжүректі қайғылы, жұрт көзіне мұқалмайтын тентек». Бұған таң қалуға болмайды, өйткені Төден Әбдікұлы ізгілік пен зұлымдықтың күрделі табиғатының құпиясын ашуға бағыт алған автор. Төлен Әбдікұлы жанын кемірген ой-толғаныстарын, пәлсапалық сұрақтарын кішкентай кейіпкердің ойына елеп салады: «жан дүниесін тұмшалаған түнек ойдан кейін ашқан жаңалығы – дүниенің жалғандығы еді. Бұл байлам адамзат үшін жаңалық болмағанмен, Батырдың өзіне жаңалық болғаны шындық... Оқу, білім алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек?.. Қарындасың да, әкең де өлді. Солардан артықсың ба? Болса да өлгеннен кейін, аштан өлдің бе, атылып өлдің бе – не айырмашылығы бар?».
Батырдың осындай аласапыран өмірінде жақсылықтың да жылт етер кездері болады. 7-ні аяқтар кезде ел жақтан әкесінің немере ағасы келіп, ертесінен қалмай екеуі ауылға аттанып кетеді. «Батырды көргенде даусы бұзылып, құшағын жая кемсеңдеп, дауыстап жылай жөнелді: – Бәйтерегім құлады ғой, жарығым-ай! Әулетімнен сенен басқа ешкім қалмады-ау, жарығым-ай! Жалғызым-ай! Жалғыздықты серік қылған біздей сорлы бар ма екен?.. - Бұлар бір әулеттен қалған екі-ақ шаңырақ екен. Қасеннен ұл бала жоқ, Шәйкеннен қалған жалғыз ұл Батыр бір әулеттің соңғы тұяғы болып қалыпты». Соңғы тұяқ!Әулетті аман алып, артына ұрпақ қалдыру үшін арпалыстың азабы мен бейнеті көп. Автордың аракулық Бейкер мырза, Болат секілді кейіпкерлеріндей бір әулеттің немесе бір тайпаның тағдыры Батырдың мойнында тұрады. Төлен Әбдікұлы мұны өз қиялынан құрастырып отырған жоқ. Қаншама әулеттің сұмырай, залым заманда тұяқ қалмай құрып кеткені тарихи шындық.
Повестте ұлттың басына төнген ашаршылық нәубеті, зұлматты жылдардың зардабы да кейіпкер алдында елес береді: «Кешке үйге келгенде көргенін атасына айтып еді... әжесі ұршық иіріп отырып: «Ол – бұрын артель құрылғанда салынған поселке ғой. 31-32 жылғы аштықта адамдары қырылып, аман қалғандары босып, аудан орталығына жаяу шұбап, жолда өлді. Содан бері қаңырап тұр...» деген. Cодан кейін айтсам ба, айтпасам ба екен дегендей сәл ойланып: «Үйлердің ішінде көмілген адамдардың сүйегі жатыр» деді». Осыдан соң Батыр жағдайдың ұлтына төнген қасіреттің алды емес екенін сезгендей болады. Қолдан жасалған ашаршылықпен қатар жеке басқа табынушылық та белең алғанын әзілқой дала әртісі Сақанның «көсем болса да, дәмнен үлкен емес» деп Сталиннің суреті бар газетті табақтың астына салған үшін ұсталып кеткенінен көруге болады. «Айыбы – Сталиннің суретін мазақ қылып, табақтың астына салған, статьясы – антисоветская агитация».
Мектептің соңғы жылдарында соғыс басталды. Батыр 18 жасқа толып, халық жауының ұрпағы ретінде текке тұтқындалып, түрмеде шірігенше соғысқа ерте сұранып, сонда қаза табуды жөн көреді. Өйткені барлық тағдырластары фамилияларын өзгерткенде Батыр тікбеткейлігімен тегін ауыстырмап еді. Соғыста ерлігімен атағы шығады. Оған Батырда ешқандай мақтаныш сезімі оянбайды, өйткені азғантай ғұмырында көрген осынша қасіреттен кейін, мына елді отаным деп айтуға аузы бармайтын кездері болатын. Батыр батальонымен бірге немістердің қолына түсіп, азапты тұтқындық өмірі басталады. 1945 жылы тұтқыннан босап, «отандастар, елге қайтпаңыздар. Қатты өкінесіздер!» деген үндеуге қарамастан елге жол жүреді. Бірақ елге оралу ешкімнің маңдайына жазылмайды: шекараға жетпей Прага қаласында тергеліп, Борис деген жаңа атымен бірнеше жылға сотталып, айдалады.
«Николай Батырды түртіп қалды:
– Көрдің бе ананы? – дейді лагердің қақпасын көрсетіп.
Қақпада: «Бостандыққа барар жол – еңбек» деген жазу тұр екен.
– Есіңе ештеңе түспей ме? – дейді сыбырлап.
Түскенде қандай! Бәрі есінде. Неміс лагерінің қақпасында да осындай жазу тұрған. Ұмытпаса, онда: «Еңбек адамды бостан қылады» деп жазылған болатын. Ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады». Мен болсам, айырмашылық жер мен көктей дер едім. Немістерге жау болып тұтқындалып еді, ал өз жерінде жауға жанын аямай соғысқаны үшін алған марапаттары да сол тұтқындық. Мұндағы тіршілікті адами орта деп айту қиын еді. Өйткені фашисттердің жауыздығынан асып түспесе, кем түспесі анық. Лагерде жүріп «Мен өскен қоғамның қылмысты топтан айырмашылығы қайсы? Үкіметтің жасаған қылмысы мыналардікінен аз болып па?» деп қылмыс әлемімен байланысады. Ол үшін біз кейіпкерді жазғыра алмаймыз. Өйткені ол жақсылыққа сенді, сол сеніммен өмір сүргісі келді. Алайда оған МҮМКІНДІК БЕРІЛМЕДІ. «Оттан – отқа, боқтан боққа салды». Сөйтіп жүріп жасы да келіп қалады.
Құдыретті туған жердің топырағы өзіне тартпай тұрмайды екен. Туған жерге деген сағынышты тек жүрексіздің жүрексізі, қатыгездің қатыгезі ғана сезбейтін болар. Аз ғана ғұмыры қалса да туған жерге сапар шегеді. Мәңгі ұйқыға туған жердің топырағында жастанғысы келеді. Жалпы Төлен Әбдікұлының туындылары қайғылы аяқталады. Кей оқырмандар авторды қатыгез жазушы деп те атап жатады. Бірақ автор қайғы борайтын шығармаларымен зұлымдықтың осал жау емес екенін көрсетеді, ақ пен қараның айқасына мән бере қарау керектігін де үйретеді. Ал «Тұғыр мен ғұмыр» қайғысы мен қуанышы араласып аяқталады деуге болады. Қуанышы – кіндік қаны тамған жердің ауасын жұтты, топырағын құшты. Қайғысы – өзінің Батыр деген есімімен емес, өз ауылына бейтаныс Борис деген есіммен көз жұмуы.
Дулат Исабеков повесть жайында: «Бұл бүгінгі еуропалық дең¬гей¬дегі кез келген классикалық шығар¬малармен терезесі тең дүние. Оның бір ғана айыбы – қазақ жазу¬шысы болғандығы... Егер бұл шығарманы дәл осы күйінде ағылшын, француз немесе испан тілінде шығарса, баяғыда әлемге тарап кеткен болар еді» деген баға берді. Повестті оқып болғанда ұлтымыздың жаны мен аянышты тағдырын көргендей боламыз. Советтік ғасырдың ұлтымызға тартқызған тауқыметі бір кейіпкердің тағдырымен суреттелгендей. Автордың өз сөзімен айтар болсақ: «Бұл енді, шын мәнінде, кеңестік заманға берілген үкім секілді. Біз әлі кеңестік заманның әкелген бүкіл зиянын, ішкі қасіретін толық бере алған жоқпыз. Ол әлі ұзақққа кетеді. Менің повестімде негізгі кейіпкер сол заманның барлық қасіретін көрген адам. Бұл арада біз совет үкіметінің адамды қаншалықты бақытсыз дәрежеге жеткізе алғандығын көреміз».
Төлен Әбдікұлындай жазушысы бар елдің өткен ғасырдағы қасіретке тұншығып, қанға боялып, жан төзгісіз азап шеккен түркі баласының тарихы, шындығы әлі де айтылады. Жалған идеология, тоталитарлық билік, қолдан жасалған ашаршылық, жаппай репрессия, сталинизм, фашизм, жеке басқа табынушылық, т.с.с. зұлматтың қармағында болған ұлт ендігі тарихына бей-жай қарамауы тиіс.