Кәсіптің көзін тапқан

Талай сөздің төрелігін айтып, даулы додада дуашы сөзімен, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында «Кәсіп болмай нәсіп болмас» деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен. Иә, расында да бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіп ашып, шаруаның шырайын шығарып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – Думан Нұрылла. Ол Қазалы ауданындағы Әйтеке би көшесінің бойында үш бөлмелі ғимаратты жалға алып, «Нұрай» гүлдер дүкенін ашты.

Жас кәсіпкер мектепті бітірген соң Байқоңыр қаласындағы М.И.Неделин атындағы электрорадиотехникалық техникумда бағдарламашы мамандығын оқыды. Оқудан ауылға келгенде әр атаулы мерекелер сайын үйіндегілерге сыйлықтар әкелетін. Өзге сыйлықтарға қарағанда отбасындағылар гүлді бергенде керемет әсерге бөленіп, оған шексіз алғыстарын білдіретін. Алғашқы төрт жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы және көбіне мереке күндері Жалаңтөс ауылынан тапсырыстар қабылдайды. 19 жасар жас кәсіпкердің осы салада кәсіпкерлікпен айналысуына үйіндегілерінің қуанышы, уақыт өте келе аудандағы халықтың сұранысы мен өзінің гүлге деген ыстық ықыласы және сүйіспеншілігі түрткі болады. Өзінде туындаған тың идеяларын іске асыру үшін нағашы ағаларының психологиялық, моральдық тұрғыдан көрсеткен қолдауы тікелей өз септігін тигізді.

«Ана жүрегі», «Доллар», «Әйел бақыты» сынды бөлме гүлдерінен басқа, букет гүлдері түрлерінен «Түймедақ», «Қалыңдық гүлі» және «Раушан» гүлінің түр-түрін осы дүкеннен еш қиындықсыз сапалы әрі балғын күйінде табасыз.

Бөлме гүлдерін Ақтөбе қаласындағы «Creen town» деген фирмадан, ал букет гүлдерді Алматы қаласынан және гүлдерді әсем де әсерлі кейіпке айналдыратын моншақты инелер, орауға арналған қағаздар, қоңыз, көбелек бейнесіндегі жабыстырғыш сияқты безендіру құралдарын Шымкент, Алматы қалаларынан алдырады. Сондай-ақ, Ресейден, АҚШ-тан, Польшадан гүлге арналған ыдыстардың сан алуан түрін, топырақ, тыңайтқыштарды да жеміс-жидек, гүл тұқымдарының кез келген түрін де кездестіре аласыз.

Жастайынан еңбекқор, зерек болып өскен Думан алдағы уақытта тек гүл сатумен ғана емес, кәсіп түрін көбейтетін ойы бар екен. Көрші Арал, Қармақшы аудандарынан гүл дүкендерін ашумен қатар Қызылорда қаласына замануи (хюндай маркалы) микроавтобуспен жолаушы тасымалдайтын ойы бар. 11 адамға арналған автокөлікте жолаушыларға барлық жағдай жасалады.

Гүлжанат ҚАНИБАЕВА.



Бөлісу: