Ғалымдардың зерттеуі бойынша жүз жыл ішінде Каспий теңізінің деңгейі екі метрге төмендеген. 2005 жылдан бері теңіздің су деңгейі он сантиметрге түскен .Егер осы үрдіс 25–30 жыл жалғаса беретін болса, онда Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігі Арал теңізінің тағдырын қайталауы әбден мүмкін. Ал 2009 жылы Каспийдің оңтүстік бөлігі тартылып қалған еді.Каспий теңізі – Еуразия құрлығында орналасқан әлемдегі ең үлкен жабық су қоймасы. Оның ұзындығы 5970 км, оның ішінде 2320 км Қазақстанға тиесілі. Теңіздің су жинау ауданы 3,1 млн шаршы шақырымды құраса, ал оның 29,4%-ы ағынсыз ауданнан тұрады. Каспий теңізі 130 үлкен және кіші өзендерден бастау алады. Каспийге құйылатын су жолдарының ең үлкені – Жайық өзені. Оның ауданы 237 мың шаршы шақырым. Соңғы жылдары Жайық өзенінен Каспийге судың аз келуіне байланысты теңіздегі су деңгейі тез түсуде. Бұның салдарын теңіздің экожүйесі ғана емес, сол маңда күн көріп жатқан халық көруде. Каспийдің тартылуы осы Жайықтан бастау алады.Теңіз не себепті тартылуда? XXI ғасырдың соңына дейін әлем бойынша ішкі өзен мен көлдерде судың деңгейі түсіп, көптеген құрлықта құрғақшылық орнап, климаттың жаппай өзгеруіне алып келеді. Бұған нақты мысалдардың бірі – Каспий теңізі. Осыдан жиырма жыл бұрын климаттың өзгеруі ертегі болып көрінсе, бүгін ол шынайылыққа айналды. Жер температурасының көтерілуі құрлықтағы өзендердің тез кебуіне әсер етуде. Каспий теңізі жабық су қойма болғандықтан, оның тағдыры жаһандық жылынуға қатты байланысты болмақ. Өкінішке қарай, бұл мәселе, яғни ішкі өзен мен көлдердегі құрғақшылық әлемнің климаттық өзгеруге қарсы жұмысының барысынан тыс қалуда. Ғылыми ұйымдардың болжамы бойынша Каспий теңізінің деңгейі XXI ғасырдың соңына қарай 9–18 метрге дейін түсіп кетуі мүмкін. Мұның салдарынан теңіздегі су солтүстік Каспий шельфінен (Қазақстан жағы), оңтүстік-шығыс жақтағы түрікмен шельфінен және оңтүстік пен орталық Каспийдің теңіз жағалауынан кетіп қалады. Бұдан бөлек, теңіздің шығыс бөлігіндегі Қара-Боғаз-Гөл шығанағы кеуіп кетуі ықтимал. Теңіз деңгейі тоғыз метрге түссе, онда Каспий теңізінің ауданы 23%-ға, ал 18 метрге түссе 34%-ға кішірейеді. Бұл дегеніміз Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады деген сөз. Бүгінгі Арал теңізінің кеуіп қалған табаны секілді болмақ. Атырау, Маңғыстау облысының экологиясына, экономикасына үлкен зардабын тигізетіні сөзсіз. Теңізде бар 150-ден аса ихтиофауна мен экожүйе үлкен шығынға ұшырайды. Каспий теңізінде мекен ететін жалғыз эндемик, теңіз сүтқоректісі – каспий итбалығының популяциясының жойылуына алып келеді. Өткен ғасырда итбалықтардың саны миллионға жуық болса, қазір жүз мыңнан асады. Теңіздің тартылуы салдарынан бұл түр жылдан жылға жойылуда. Қысқы мезгілде Каспийдің солтүстік бөлігіндегі теңіз бетінде мұз қатады. Тек осы аймақта ғана итбалықтар мұз үстінде төлдеп, жақын маңдағы аралдарда мекен етеді. Ал соңғы үш жыл ішінде бұл бөліктегі мұздың қалыңдығы он сантиметрге де жетпеді. Тек итбалықтан басқа, теңіз акваторияториясында құнды балықтар, құстар, жабайы жануарлар бар. Олардың құрып кету қаупі жоғары. Теңіздің тартылуы миллиондаған жыл бойы қалыптасқан су жүйесінің бөлшектеніп, оның экологиялық тұрақты балансының күрт өзгеруіне алып келеді.
Бірікккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі баяндамасында, егер жердің температурасы 20C градусқа өссе, әлемдегі жаһандық жылынуды тоқтату мүмкін болмайды делінген. Бұл дегеніміз Антарктидадағы мұздықтар еріп, материктерді су басса, жер шарының басқа бөлігінде үлкен құрғақшылық орын алады. Сол себепті көптеген мемлекеттер саясаттарын қайта қарап, көміртекті бейтараптылыққа өту жолдарын қарастыруда.Атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының үлесін азайту арқылы ғана біз тұрақты температураны ұстап тұра аламыз. Ол үшін өндірістерде көмір жағудан бас тартып, басқа балама энергия көздеріне көшуге тұра келеді. Бірақ бұл бағытта әлі ешбір мемлекет толыққанды жұмыс атқарып жатқан жоқ. Биыл әлем бойынша құрғақ-шылық болуда. Еуропада соңғы 500 жылда болмаған су тапшылы-ғы орнады. Америка елдерінде ондаған штатта қуаңшылық болып, ауыл шаруашылық құрдымға кетуде.2022 жылдың 7 қыркүйегінде БҰҰ Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымы климаттың өзгеруі бойынша жылдық қорытынды баяндамасын шығарды. Ол құжатта былтыр жер температурасының өзгеруіне әлемде орын алған орман өрттерінің үлесі айтылған. Австралия, Ресей, Америка, Амазонияда орман өрттерінің қызуы құрлықтардағы өзен-көлдердің тез кебуіне зардабын тигізіпті. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің түсу салдарынан Әзербайжан мен Қазақстанның мұнай компаниялары теңіз жолдары арқылы тасымалдаудан қиыншылық көруде. Каспийдің солтүстік акваториясындағы Қашаған кен орнынан мұнайды тасымалдау үшін North Caspian Operating Company N.V. (НКОК) теңіздің таязданғанына орай теңіздің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуде. Дәл осындай жағдайға әзербайжандық SOCAR тап болды.Демек, Каспийдің тартылуы тек экологияға ғана емес, осы теңізбен шектескен барлық мемлекеттерге үлкен экономикалық шығын алып келетіні анық. Теңіз ортақ болғандықтан, бес мемлекет барынша тиімді шешім қабылдауы қажет.