Каспий... Алатау... Диалог...

- Кел, балақай! Айналайын! Келші. Шомыл. Қызықта. Жағалауымда тулаған толқын тасып әкелген бақалшақтармен ойна. Жазда менің жағамда болмағанда, қайда боласың! – деп Каспий өз жағалауында дүниеге келген көзілдірік таққан кішкентай қызды еркелетіп жүрді. Бұл  теңіз тек ол қыздың ғана емес, бүкіл сол жағалауда дүниеге келген адамдардың жандарының бір бөлшегі, жаздарының бір көркі іспеттес еді. Ол қыз кәрі Каспийдің жағасында 17 жыл өмірін өткізді. Мектеп бітірген жылы жазда ол  Алатаудың баурауына еніп кете барды...


         - Ә, келдің бе?! Сенсіз-ақ менің баурайым толы «бауырсыз», маңдайым толы «көк түтін» болатын. Менің құшағымды таңдап келген екенсің, не дейін енді? Абайла... Сенің Каспийіңнің жағасындағыдай намысқой, татулықты жаны тілеп тұратын жандар мұнда аз! Бәрі қалтасын ойлағандар. Сендердегідей «қара алтынның» жалақысына өмір сүру бұндағылардың талайын арман! Қалтаңды қағып кетпесін... Сендердегідей қыздың тәрбиесі қатты қадағаланбайды! Абыройыңды қағып кетпесін... Саған сабырлылық пен шыдамдылық тілеймін! – деп, тіксіне де суық қарсы алған Алатаудан басында шошынып қалған Каспий баптаған жас ару уақыт өте келе салқын көңілдерге, бауырмалдығы төмен жандарға бой үйрете бастады.

         Каникул болған сайын Каспийіне барып келеді. Үш күндік жолға шыдамы жетпей, ұшақпен дәл Каспийдің жағасына қуана қонып, демалысы біткен соң Алатаудың баурайына тұнжырая қайтады.


         - Күнім сол! Қалайсың? Мені сағынған шығарсың!-деп, теңіз шіркін алыстан үйін аңсап жүрген аруына қол бұлғап, ғаламтордағы суреттерде кездесіп қалады.

         - Сен өзі менен кеткің келеді ме? Қарашы, менің «Медеу» дейтін балам бар. Бұл баламен ойнағанды барлық адам жақсы көреді. Болмаса «Көктөбе» атты көк көйлекті, ұзынша бойлы қызым бар. Ол да саған ұнауы тиіс... – деп Алатау Каспийлік ару қызды жайлап, жайлап бауырына тарта бастады... – Сен шынымен оқуыңды бітірген соң анау дымсыз Каспийге кеткің келеді ме? Қалсаңшы...

         - Дымсыз дегенің қалай? Оны Ақтау атты ақмаржан тісті, аққұба өңді апасы, «Кендірлі» атты сүйікті інісі, «Самал», «Шерқала» дейтін қызғалдақ пен сарғалдақты етектеріне әдеміше төсеп күткен сіңлілері де тосуда. Алатаудың көк түтітніне өкпеңді ластап қайтесің? Келе ғой құлыным...

         Бұл сол көзілдірікті ару туып өскен өлкенің жағалауындағы кәрі Каспий мен білім алып жатқан оқу ордасы орналасқан қаланың баурайындағы Алатаудың таласы еді...

         Талас әлі жүріп жатыр... Сол ару қыз әлі екі ортада тұр. Бірақ дәл ортада емес, Каспийге екі қадам жақынырақ тұр. Оны тартып тұрған Каспий шешесінің сөздері емес, кіндік қаны тамған өлкенің ыстығы мен теңіз жағалауындағылардың бауырмалдығы болатын.



Бөлісу: