«Қасиетті ұлытау» - қазақ елінің тарихи және саяси мекені»
Ұлытаудың ұраны ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз,-
Кім ауырар ұяттан, кім арылар?
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім,
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің!
"Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!"
Қазақ жерінің қай өңірі болса да қасиетті де, қадірлі екені рас. Әйтсе де, ұлт үшін Ұлытаудың орны өте ерекше екені де даусыз. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен небір қысылшаң шақта қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі бәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасын қашап, таңба салды. Тәуелсіздікке, бостандыққа қол созды. Басынған жауды тойтарды, ұлттың ұлттығы сақталды. Ұлытау – міне, осынысымен де құнды, осынысымен де тарих үшін бағалы. Қасиетті таудың ұлтымыз үшін қаншалықты қымбат екенін тұңғыш Президентіміз – Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған алғаш жылдары сөйлеген сөзінде «…Біздің Ордабасымыз бен Ұлытауымыз бар», – деп арқа төсіндегі ұлттың тауына үлкен баға берген еді.
Тарих қайталану сатысынан тұрады. Ештеңе жоқ жерден пайда болмайды. Есін жиған ел кешегісін іздейді. Ұлытаудың тарихы осы жайттардың жарқын куәсі. Ұлытау өз тарихында неше рет дала төсіндегі саяси орталық ретіндегі маңызды басынан кешірді.
Елбасы Ақмоланы болашақ Астанаға айналдырар алдында тағы бір көздеген жері дәл осы Ұлытау болатын. Осы мақсатта арнайы сапармен Ұлытауда болып, жер шалып қайтқан болатын.
Астана тарихы – ол далалық қала мәдениетінің тарихи-мәдени жалғастығының жарқын үлгісі. Ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихында мемлекеттіліктің гүлденуі мен өркендеуі далалық аймақтарда қалалардың көбейуімен жалғасып отырды. Осылайша Жайық бойында Сарайшық, Сырдың төменгі ағысында Жанкент, Жетісуда Қиялық, Ұлытаудағы Хан ордасы секілді далалық астаналар пайда болды. Бұл қалалардың әрқайсысы дала мемлекеттерінің қуаты артқан кезеңіндегі тарихын, өркендеу кезеңдерін көрсетеді.
Астананың гүлденуі біздің мемлекеттілігіміздің қайта өркендеуі және сабақтаса дамуымен тікелей байланысты.
Қазақстан тарихындағы маңызды саяси орталықтардың бірі Ұлытау болып табылады. Ұлытау – ол солтүстікте жаз жайлау Арғынаты мен Ұлытау тауларынан басталып, оңтүстікте Жетіқоңыр, Қарақұм секілді жайлы қыстаулар аралығын алып жатқан үлкен аумақты құрайтын тарихи-географиялық аймақ.
Ұлытауды зерттеудің маңыздылығын, оның қазақ халқының тарихынан алар орны жөнінде кезінде академик Қ.И. Сәтбаев атап көрсеткен болатын.
Бұл аймақта қазақ тарихының ұлық ескерткіштері – Жошы-хан кесенесі, Алаша-хан кесенесі және Ер Едігенің қабірі орын тепкен. Өңірдің маңызды деген тарихи ескерткіштерінің қатарына ортағасырлық қала-жұрттарының қалдықтары мен қоныс орындары кіреді. Бұл ескерткіштер Ұлытауда әкімшілік-саяси басқару орталығы хан сарайының (ставкасының), қала мәдениетінің дамығандығын және сауда-қолөнерлік орталықтардың болғандығын айғақтайды.
Бұл ескерткіштерді алғаш рет ашу мәртебесіне академик А.Х. Марғұлан ие болды. Әрі, ғұлама ғалым бұл анықталған ескерткіштерді одан әрі тереңдете зерттеді. Оның жетекшілігімен құрылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Ұлытауда оннан аса ортағасырлық қала-жұрттарын және көне қоныс орындарын зерттеді.
Археологиялық мәліметтер Ұлытаудың саяси орталық ретінде тарихи үш кезеңді басынан өткергенін анықтауға мүмкіндік береді. Бірінші кезең оғыз және печенег мемлекетінің пайда болуымен байланысты болса, екінші кезең Жошы ұлысы дәуірімен, ал үшіншісі Қазақ хандығының құрылуымен байланысты болып келеді.
Саяси орталық ретінде бірінші кезеңдегі Ұлытау тарихымен келесідей ескерткіштер байланысты болып келеді. Олар: Аяққамыр, Басқамыр, Домбағұл, Қаратон, Хан-Ордасы, Нөгербек-Дарасы қала-жұрттары, сонымен қатар Домбауыл, Дыңмоласы, Екідың ғұрыптық құрылыстары.
Ұлытаудың ортағасырлық қала-жұрттарының өзіндің ерекшелігі ол қала құрылысында цитаделдің орын алуы. Бұл қала- жұрттарының билеушілердің сарайы болғандығының дәлелі. Бұл қала- жұрттарында жүргізілген қазба жұмыстары олардың қандайда бір сауда орындарының, кәсіпшіліктің орталығы болғандығын көрсетпеді. Қала-жұрттарының іргесінен суландыру жүйелері, негізінен қорғаныс мақсатындағы ормен байланысты орындар анықталды. Зерттеу жұмыстарының қазіргі деңгейінде бірінші кезеңдік қала-жұрттарының билеуші ақсүйектердің сарайлары ретінде қызмет атқарғанын айтуға болады. Зерттеудің көрсеткеніндей олардың жанында аздаған тұрғындар қоса өмір сүрген. Соған қарағанда бұл соңғылары сарай маңындағы арнайы қызметшілер, яғни әскери адамдар және сарайды азық-түлікпен қамтамасыз етуші егінші қауым болуы мүмкін.
Бұл қала-жұрттарының өмір сүру кезеңін біз оғыз-печенег тайпаларының құрған мемлекетінің пайда болуымен байланыстырамыз. Бұл кезеңнің археологиялық кешенін орлар мен дуалдарға айналған, бәріне тән жобаға ие шаршы тәріздес қала құрылыстары біріктіреді. Қабырғаның ішкі жағын айналдыра периметр бойынша тұрғын үйлер бой көтерген. Бұл үйлердің бір жақ қабырғалары бекініс қабырғасы есебінен шығарылған. Әдетте бұл тұрғын үйлер бір бөлмелі болып келеді. Үй-жайлардың ішкі көрінісі қабырға жағалатыла салынған суфа және жер-ошақтан тұрады.
Бұл кешенге көне архитектуралық ғұрыптық құрылыстар – Дың ескерткіштері енеді. Бұл құрылыс түрлері Ұлытаудың солтүстік аудандарында шоғырланған.
Бұл кезеңдегі ұлытаулық қала-жұрттарының археологиялық кешені Оғыз мемлекетінің пайда болуымен тұспа-тұс келеді. Бұл Оғыз мемлекеті олардың Сырдың төменгі ағысында пайда болуымен және ол жерде өздерінің жаңа астанасы – Жанкенттің ірге тасын қалауымен байланысты ортағасырлық жазба деректерге түседі.
Қала-жұрттары, архитектуралық- ғұрыптық құрылыстар, керамикадағы белгілі бір өрнектік мәнердің орын алуы секілді кешенді көрсеткіштер, сондай-ақ жазба деректердің мәліметтеріне сүйене отырып түп бабасы Абулша ханнан (Алаша ханнан) Оғыз ханға дейінгі аралықта бұл оғыздардың (гуздардың) бастапқы мекен еткен территориялары деп Батыс Сарыарқа, яғни Ұлытау өңірін көрсетуге болады.
Археологиялық мәліметтерді ортағасырлық жазба деректерде көрініс тапқан Оғыз қаған жөніндегі аңыз-әфсаналар одан әрі толықтыра түседі. Бұл мәліметтер бойынша оғыздардың атамекені болып жаз жайлау ретінде Ұлытау, Кішітау таулары айтылса, ал қыстаулары ретінде Қарақұм, Борсық, Арақұм құмдары айтылады. Әрі бұл Оғыз қағанның өзінің тікелей жайлаған жері болып жазылады. Оғыздардың мекен еткен қалалары болып Қарақорым, Талас, Кәрі Сайрам аталады.
Саяси орталық ретіндегі Ұлытау тарихының екінші кезеңі Жошы хан ұлысының құрылуымен байланысты болып келеді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өзіне Ұлытауды таңдап, Орда тігуі, әрине ол бірінші кезекте Ұлытаудың қазақ даласындағы маңызды саяси орталық екендігімен тікелей байланысты.
Жошы ұлысының құрылуы және Ұлытауда Жошы Ордасының бой көтеруімен «Ұлытау» атауы шынайы мәнге ие болды. В.В. Бартольдтың жазуынша бұған дейін Ұлытаудың аты «Кендыр-таг» болған. Ортағасырлық жазба деректерде Жошы ұлысының алып жатқан территориясы жөнінде қысқаша деректер кездеседі. Рашид ад-Дин Жошы ханның ставкасын Ертіс бойында көрсетеді. Ортағасырлық жазба деректер авторларының көпшілігі Жошы ұлысын Дешті Қыпшақпен байланыстырғанымен, Жошының ставкасының нақты қай тұста орналасқандығы жөнінде еш мәлімет бермейді. Тек XVI ғасырда өмір сүрген хиуалық автор Өтеміс қажының (Өтеміс ибн Маулана Мұхаммед Досты) жазбасында оның ставкасы жөнінде: «Когда Йочи-хан отправился в вилайет Дашт-и Кыпчака, он достиг Улуг-Таг, который известен». Қазақ халқының арасында сақталған аңыздар нұсқасы да Жошы ханды өзінің кесенесі орналасқан Ұлытау өңірімен байланыстырады.
Бұл екінші кезеңмен байланысты Ұлытау өңірінде келесідей тарихи ескерткіштер ерекшеленеді. Олар: Жошы хан кесенесі, Аяққамыр мазары, Болған ана мазары, Жансейіт мазары және Ер Едігенің (өзінің атымен байланысты сақталып келе жатқан) тау үстіндегі қабірүсті құрылысы. Қала-жұрттары: бекініс болып саналмайтын Жошы ордасы, Хан Ордасы ІІ, Келінтам және т.б. Сонымен қатар Ақсақ Темірдің Алтыншоқыдағы даңқты жазбасы мен «обасы» осы қатардан орын алады.
Бұл аталған қала-жұрттарының төңірегінде алтынордалық кезеңнің ондаған кесене, мазарлары орын тепкен. Мысалы, Жошы ханның кесенесін зерттеу барысында оның маңайынан ұзын саны 24-ке дейін жететін осы алтынордалық кезеңнің басқа да мазарлары анықталды. Арасында кейбіреулері қазылып, зерттелінді.
Ортағасырлық араб-парсы жазба деректері археологиялық зерттеулер барысында қол жеткізілген мәліметтерді одан әрі толықтыра түседі, әрі Ұлытаудың арнайы күзетпен қадағаланған, тек Шыңғыс хан тұқымы жерленетін «хан қорық» болғандығы жөнінде тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Ұлытау аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулер Жошы ұлысы кезеңі ескерткіштерінің тағы бір ерекшелігін анықтады. Бұл кезеңнің қорымдары төре тұқымының ставкаларының айырылмас бір бөлшегі болып табылады. Зерттеу жұмыстары барысында қорымдар орналасқан төңіректен міндетті түрде көлемді келген қоныс орындары немесе бірнеше тұрғын-жайлардан тұратын сарай орындары белгіленді. Анықталған сарайлар мен қоныс орындары бекініс қабырғаларынсыз келген. Бұл моңғолдық қалалардың өзіндік ерекшелігі болып табылады. Археологиялық қазба жұмыстары алтынордалық қоныс орындарының тұрғындарының арасында егіншілік кәсіптің дамығандығын көрсетеді. Жошы хан кесенесінің іргесінде орын тепкен «Үлкен үйде» (Жошы ордасы үй-жайларының бірі) қазба жұмыстары кезінде соқаның темір ұшы және үлкен диірмен тасы аршылған болатын.
Саяси орталық ретіндегі Ұлытаудың тарихының үшінші кезеңі Қазақ хандығының құрылуы және нығайуымен байланысты. Ұлытауда осы кезеңмен байланысты қазақ тарихының қос бірдей көрнекті ескерткіштері орналасқан. Олар: Алашахан кесенесі және Тамғалытас ескерткіші. Бұл қос ескерткіш барша қазақ даласының түкпір-түкпірінде қазақ руларының басын қосып, бір қазақ халқы болып біріктірген белгі ретінде кеңінен танымал. Алаша хан кесенесі халық ұғымында бағзы замандағы қазақ халқының түп бабасы Алашаханмен байланысты болып келеді. Бұл жерде жалпы халықтық жиын, құрылтайлар өткізіліп қазақ хандарын ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Кесенемен, Алаша хан тұлғасымен және алаш халқымен байланысты қазақ халқы өзінің көнелігін, мемлекеттілігін алға тартады. Яғни, алаш – ол тарихы көне, тамыры тереңнен тартқан мемлекеттілігі бар халықтың өзіндік даңқты атауы.
Қазақ халқы үшін Ұлытау бірінші кезекте Үш жүздің бас біріктірген жері («Үш жүздің бас қосылған»). Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға уағдаласқан бірліктің құрметіне қазақ руларының таңбалары жартасқа қашалған Тамғалы ескерткіші Ұлытаудың оңтүстік шетінде, Бетпақдаланың батыс бөлігінде орын тепкен.
Тәуке ханның өлімінен кейін Қазақ хандығының ыдырауы басталды. Қазақ тайпалары жерлерінен айрылу және тіпті іргедегі мемлекеттер тарапынан, бәрінен бұрын Жоңғар патшалығының бүкіл халықты тізе бүктіру қаупі күшейді. ХVІІ ғасырдың екінші және ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқы үшін жоңғарлардың шапқыншылығынан туындаған қайғы мен қасірет кезеңі болды. Тарихшылардың бертінде жобалауларына қарағанда ХVІІ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының үштен екісі жойылған. Қазақ рулары арасындағы кикілжіңдер ұмыт болып, ақыры қазақтардың Кіші жүзінің ханы Әбілхайырдың қолбасшылық етуіндегі біріккен күштері 1728 жылы Сарыарқада, Ұлытау өңірінде жоңғарларды алғаш рет ойсырата жеңуге қол жеткізді. Бұл жоңғарларды Сарыарқа жерінен, бүкіл Қазақстаннан дүркірете қуудың басы ғана болды.
Қорыта айтқанда Ұлытау саяси орталық ретінде үш бірдей тарихи кезеңді басынан өткерді.
Бірінші кезең оғыз тайпаларының бас біріктіруімен және осының нәтижесінде олардың Ұлытауда өз мемлекетін құруымен байланысты.
Екінші кезең Шыңғыс хан империясының бір бөлшегі Жошы ұлысының құрылуы және Жошының өзіне орталық ретінде Ұлытауды таңдауымен байланысты.
Үшінші кезең Қазақ хандығының құрылуымен байланысты. Қазақ хандығының рулары өзіне дейінгі тарихи кезеңдердің бай мұрасын өз бойына сіңіріп және бүгінгі бүкіл әлемдік мұралар қатарына көшпелі өркениеттің мұралары болып саналатын Қорқыттың күйлерін (Оғыз кезеңі), Сайынхан (Бату хан), Ер Едіге, Қобыланды және т.б. эпикалық тарихи жырларды жеткізді.
Елбасымыз: «Мынау өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар… Осы Әулиебұлақтың жағасы қандай көркем. Мына тұрған қайыңдар, мынау жер сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқтамыстың да, Едіге батырдың да – бәрінің көзін көрген шығар. Мінекей, дүние деген осылай ылғи тұра береді. Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ, ата -бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!» деген еді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы дабыралы, улы-шулы мереке ғана емес, ол өз тарихыңды, қала берді өзіңнің, ұлтыңды танудың жолы. 20-22 тамыз аралығында Ұлытау топырағында болып өткен іс-шаралар біраз жайдың бетін ашты. Әлбетте, мерекелік мерейтойға лайық жиналыстар, баяндамалар, тарихи көріністер, концерттер, балуан күрес, атшабыстар кезегімен өтіп жатты. Ол қазақ тойының ажырамас бір сәні ғой. Ешкім оны артық дей алмайды. Бұланты Ұлытаудан 180 шақырым, дала соқпағы болмаса, грейдер жолы жүріп болмайтын, шалғай қияндағы ит өлген жер. Үйтас төбешігінің айнала етегінде ескі молалар, молаға ұқсаған тас үйінділері шашылып жатыр.
Бұланты шайқасы жоңғарларға қарсы жеңісті жорықтардың бастауы болды десе артық емес.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны ұсындым. Мәңгілік Ел болу үшін бәрін жасап жатырмыз», – деді. Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің келешегіне сенген Қазақстанның біртұтас халқының саны 17 миллионнан асты. Біздің ортақ мүддеміз бар. Ол – тәуелсіздігімізді нығайта отырып, Мәңгілік Ел құру! Барша халық осы мақсатта бір Тудың астына бірігіп, еңбек ететініне сенімім мол. Мәңгілік елдің тірегі – мәңгілік құндылықтар. Көнермес құндылықтарға бай тарихымыз бен өткеннен өнеге ала білген бүгініміз бізді бағдары айқын болашаққа жалғастырады. Осы бағыттағы сотқалы ой, сындарлы пікірлерді сарапқа салған Ұлытау сұхбаты бүгінгі Қазақстан қоғамының рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды. Біз баршамыз бірге Елбасының ұлттық идеясы - жаңа, гүлденген Қазақстанды - «Мәңгілік елді» алға бастыруға бағытталған жоспарын жүзеге асыруға жұмыла атсалысуымыз керек. «Қазақстан-2050» Стратегиясы елдіктің, бірліктің, ерлік пен еңбектің жемісі болмақ. Сол арқылы ғана зор жетістіктерге жетеміз. Ата-бабаларымыздың арманы Мәңгілік Ел құру болған. Сол мұратқа біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында қол жеткіздік. Бүгін сол армандар ақиқатқа айналды. Еңселі еліміз, тұғырлы тәуелсіздігіміз бар. Әсем қала Астана мен Мәңгілік Ел ұлттық идеясын жүзеге асыру мүмкіндігін алдық. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», Астана, 2014 жылғы 18 қаңтар, https://www.akorda.kz/
2. «Егеменді Қазақстан» газеті, «Ұлытау төріндегі толғаныс», 26 тамыз 2014
3.Қарағанды облысы. Кітап-альбом.2006 жыл.
4. Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. Алматы, 1995.
5.Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.1. 1941.
6.Чингиз-наме. Алматы. 1994, С.91