Қашып кеткім келеді...

       Кім-кімге тілек тілесе де, ырымға балап, ақ көңіліне сеніп, тағысын тағы, әйтеуір «айтқаның келсін», «амин», «қабыл болсын», «рахмет» деп жатамыз. Ал, мен тілек тілегенімде, «амин» деп қой тілегіме, «жындының сандырағы келеді» немесе «қырықтың бірі қыдыр деген» деймін... Өзімнің қайсысына жақын екенімді білмеймін. Әй, сол алғашқысы-ау деймін...

Н.ғ.: ...кімге қашан, не тілесем де жүрек түбінен, шын көңілімнен шыққанын білгейСіз...

***

      Білемін, даусым жуан немесе қатты сөйлеймін. Туыстарымның соншама жыл құлақтары үйреніп кетсе де, әлі де «ақырын сөйлеші, колонка жұтып қойғанбысың», «микрофон жұтып алғансың ба», «дауысыңды басшы»... деп жатады. Мен оларға ренжімеймін. Түк те. Сондай болсам қайтемін енді. Өзім қатты сөйлегендіктен бе, ақырын сөйлегендерді естімеймін. Жаңадан таныс болғандарды шошытқан кездерім де болған шығар, сірә... Қорытынды, мен кереңмін бе, әлде расында қатты сөйлеймін бе?

Н.ғ.: ...бірақ соншалықты даусым қатты болғанымен, қатты сөйлегеніммен жанымның шыңғырғанын, жүрегімнің даусын естімейтіндер де бар... сонда кім керең? 

***

          Өткенде бір құжатты бір жерге шұғыл жеткізу керек болда да, директор көлігі бар бір ер мұғалімді шақырып алып, «сабағың қаншада бітеді?» деп сұрады. Мен жандарында тұр едім. Анау мұғалім ұзааақ ойланып қалды. Сонда, қайдан келгені белгісіз, менің ойыма ешқайда барғысы келмей тұрған мұғалім мынандай жауап беретіндей көрініп кетті. «Әй, сол сабақ бітпейді-ау»...

Н.ғ.: ...кейде осы жерден қашып кеткім келеді... аздан соң қайтып келу үшін...

***

     Әлдебір тірлік қыла қояйын, тым құрығанда тырысайын десең, алдыңнан сынақ шығады. Қашан да, қайда да. Сондайда «басында отырған» адамдар неге өздері білетін сұрақтарды ғана қояды екен осы. Солайша өздеріне өздері сеніп, өздерін білімді етіп көрсеткілері келетіндей. Расында, мен де тек өзім білетін сұрақтарды қойып, Сізді түк білмейтін ақымақ етіп шығара аламын, «Қымбаттым»! Иә, түсінікті, түсіндім онысын: өз қағида, ереже, талап, міндеттеріңіз бар. Бірақ білмегенді үйретіп, көрмегенді көрсетіп, естімегенді естіртіп сәл де болса адамның үмітін үзбей, титтей болса да қол ұшын беріп жіберуге болмай ма? Бәлкім, осы жолды, осы мүмкіндікті, осы сәтті Ол өмір бойы күткен шығар? Осы "біз өспейміз" деп қоямыз. Өсіруге, өсуіне, көмектесуге, жәрдем қолын созуға талпынбасақ, қайдан өсеміз, қашан өсеміз, қалай өсеміз? ...деп көкіп кеткенімді білемін. Бірақ менің де айтпағым бар... еді.

Н.ғ.: ...көңіліңді қалдырмайын десең, "өстиді ғой", шіркіндер...

***

...ендігәрі сүйе алмайтыным, сене алмайтыным, күте алмайтыным, сағына алмайтыным, іздемейтінім үшін мені кінәлаудың қажеті жоқ шығар? Бәрін таптап, бәрін сындырып, бәрін талқандаған кім еді өзі? Соны іздеп тауып, БАРЫМДЫ қайтартсаңыз, жоғалғанымды тауып берсеңіз... жүрегім Сізді қабылдап қалар, бәлкім. Ал, әзірге, кешірім өтінемін, сәл ары отырыңызшы...

Н.ғ.: ... тәйірі, сезімнен суына бастағаным ба бұл өзі...

 

Сурет: баяғы www.google.kz ғой.



Бөлісу: