Қашықтан оқыту мен оқудың тарихы, проблемалары

Қашықтан оқыту мен оқудың тарихы, проблемалары
жеке
блог

 Тілші ретінде дистанция, қашық сөзінің тура және ауыспалы мағынасын түсіндіріп кетейін

Тура мағынасы-дистанция (арақашықтық) сақтау қоғамдық орындарда адамдар топтасқан жерде 1,5-2 м қашықтықта алшақ жүру, тұру, отыру. Бұл сақтық шаралары денсаулығымызды сақтау үшін қолданылады.
Ауыспалы мағынасы.Бұрындары біреумен ренжісіп қалсақ, "арамызда дистанция сақтайық", "дистанция сақталмағандықтан, реніш, сатқындық, өкпе туады" деп айтушы едік. Тіпті қазақтың "алыстан сыйласу" тіркесі ағайындар мен туыстар арасындағы бірліктің бекем болуын астарлап жеткізетін.
Ал енді біздің жанды тақырыбымыз "дистанциялық оқу" немесе "қашықтан оқудың" тарихына және ПРОБЛЕМАЛАРҒА тоқталайық.
• KAZ. Жалпы оқыту, оқу термині пайда болғалы Қазақстанда қашықтан оқу тіркесі жоғары оқу орындарында кейбір курстарда, пәндерде қолданылғаны болмаса, орта білім беру ұйымдары алғаш тәжірибесіне енгізді десек те болады. Сондықтан бір "кісілердің" "ғашықтықтан оқимыз" деп шатасып жүргені. Сөзден шатасып, оқыту формасымен шатасып жүріп онлайн дедік, қашықтан дедік. Қай платформаны пайдалануды білмей бас қатты, интернет сапасы көп платформаларды жүргізе алмады. Естеріңізде болар, 4-тоқсанда Kundelik.kz сайты онлайн деп шатасып, аласұрып кіріп-шығып жатқан мұғалімдер мен оқушылар мен ата-аналардың потогын көтере алмай құлағаны. Кейіннен біразымыз Bilimland, CLASSROOM, Zoom, Meet, Hangout, Microsoft teams т.б. көпшілік айтишниктер ұсынған платформаларды игеріп көрдік. Zoom-ды ақша ұрлайды, Kundelik.kz қатып қалады, What'sapp-тың платформа емес, мессенджер екенін кеш біліп, ой шатасып жаттық. 4-тоқсанды оқушылар мен ата-аналармен "алысып" жүріп аяқтадық. Бала сабаққа уақытылы кіре алмай, мұғалімнің бала тапсырмасын күтіп, оны бағалап болған соң, Kundelik.kz ке бағасын қойып, комментарий жазып 1 жұмысы 2-3 жұмысқа артты. Осымен біттік пе дегенде, жаз бойы демалысымыз карантинмен ұласып, онлайн тағы оқып-тоқып, видеосабақтар дайындап, күйіп-пісіп жүрміз. Рас, әлі бұнымен бітпейді, жаңа оқу жылы қашықтан жалғасады деді БжҒ Министрі А.Аймағамбетов. Ендігі проблема-барлық сабақтарды мұғалім видео стриминг құралдары арқылы онлайн өткізеді. Оған камерасы бар компьютер немесе ноутбук, моноблоктар қажет. Оқушыларда заманауи техникалық құралдардан смартфон ғана қолжетімді. Әрине, әр мұғалімде ноутбук болуы міндетті деп ойлаймын. Онсыз қашықтан оқыту қайдан болсын? Енді балалар ноутбукпен қамтамасыз етілсе, мұғалім қашықтан сабақ өткізуге 100% дайын болса, алынбайтын қамал жоқ. Өткен оқу жылының 4-тоқсаны көрсеткендей, мұғалімнің де, оқушының да, бастауыш сыныпта баласы оқитын ата-ананың АКТ құзыреттілігі жеткілікті болуы қажет. Болмаса, біздің ата-аналар биылғы Online.Mektep.org немесе т.б. платформаларды түсіне алмай, "апай, What'Sapp пен түсіріп жібере салыңызшы?!" дей салатыны анық. Ондай жауаптарға да дайын болуымыз қажет. Сол үшін бәрімізге сабыр және тағы сабыр!
• EUR.Дамыған Европа мемлекеттері қашықтан оқытуды телеграф, пошта сервистері пайда болған XVIII ғасырдан бері қолданып бастаған. Студенттер оқытушы тапсырмасын пошта арқылы алып, ғылыми жоба негізінде жазып тапсыратын болған. Әрине, ол кезде көшіретін интернет сайттар жоқ, кітапханаға барып, ізденіп жазып, пошта арқылы қайтадан жіберілетін болған. XX ғасырдан бастап, көптеген шетелдік жоғары оқу орындары қашықтан оқыту тәсілдерін іске қосып, тіпті, телеарналар мен радиолардың пайда болуы да бұл форматтың жандануына үлес қосқан. Бір кемшілігі студенттерде кері байланыс құралдары болмады. Ұлыбритания алғаш рет қашықтан оқытатын алып университет есіктерін ашты. Жаңа технологияның қарқынды дамуы қашықтан оқытуға үлкен серпін берді. Компьютер мен интернеттің пайда болуы, электронды пошта қызметінің қосылуы да форматтың жылдамдығына әсер етті десек болады. Студенттерден кері байланыс алу жеңілдеп, жылдам интернет онлайн семинар, вебинарлар өткізудің мықты үлгілерін көрсетті. Ал, 2020 жылда COVID-19 коронавирус инфекциясының жылдам таралып, халықтың жаппай ауырып, жұқтыру, өлімне алып келу себептеріне байланысты қашықтан оқыту мектепке дейінгі және орта білім беру, арнайы білім беру ұйымдарына жедел түрде енгізіле бастады. Кейбір мемлекеттер сақтық шараларын уақытылы сақтап, індетті жеңуіне байланысты бұрынғы қалыпты білім беру ұйымдарында оқыту форматына көшіп жатыр. Ал, Қазақстанда карантин жеңілдетілгенмен, сақтық шаралары әлі де сақталуда. Жаңа оқу жылында мұғалімдер үшін қашықтан оқытуға, ал оқушылар үшін қашықтан оқуға дайындалуда. Тек, бастауыш сыныптардың 15 баладан аспайтын кезекші топтары ғана оффлайн оқытуға әзірленіп жатыр. Сіз қалай дайындалып жатырсыз, әріптес?

Сәлеммен, қашықтан оқытамын деп қашықтан блог жазып жүрген мұғалім.