Қас қағым сәт

Қас қағым сәт
жеке
блог

Сандуғаштың әкесі қырықтың қылышын қынабына салған соң, «атадан қалған ас емес» екенін ұғынып, арақ атты арам астан аулақ жүрді. Оны да өзінің нәпсісімен күресе алмай ұзақ жүріп, денсаулығы сыр бере бастағанда ғана жұбайының «қой-қойымен» әрең тастаған болатын. Тұңғыш ұлынан кейін, дүниеге ізін суытпай бірінен соң бірі бес қыз келді. «Қызы бардың – ізі бар, ұлы бардың – өзі бар». Қыздары кішкене күнінде қанша тәтті болғанымен, ертең-ақ бойжетіп, өзге шаңырақтың түтінін түтететін болады. Өзінен қалатын ұрпағы жалғыз екенін ойлап, өзегін өкініш өртейтін. Ащы сумен қоштасып, күпірнен шүкірі көбейгелі отбасының берекесі арта бастады.

         Жетінші балаларының дүние есігін қағып жатқанын білген әкесі анасын аудан орталығындағы перзентханаға ала жөнелді. Ағасы қалаға оқуға кеткен Сандуғаш та төрт сіңлісін алып, көлікке тиелді. Ауылдан аудан орталығына зымырандай зуылдап, жиырма минутта жетті. Аналары толғатып жатқанда көлікте күткен Сандуғаш төрт сіңлісіне үйретумен болды: «Қыз – тілекші, қыз тілегі қабыл». Кішкене қыздар жағдайды жете түсінбегенімен, титімдей жүректерімен тілектерін білдіріп, «Анамыз бен бауырымыздың жаны аман қалса екен» деп іштей сыбырлаумен болды.

         Көп ұзамай сүйінші хабар да жетіп, әлгінде ғана сәби жүректерімен уайым көлін кешіп отырған қыздары мәре-сәре боп, қуанысып, құшақтасып, құттықтасып жатыр. «Ұл екен, ұл екен!» Сол секундта Сандуғаштың әкесінен бақытты адам болмады.

         Неше түрлі жүрекке неше түрлі сезім сыйлап, қас-қағым сәтте шырылдап дүние көзін ашқан нәрестенің әлі талай қас қағым сәттен өтерін сол кезде ешкім ойлаған жоқ...

Сурет news.nur.kz сайтынан алынды