"Қарынымның ашқаны-ай"
блог
«Осы қыздың бала бақшасы бітпей қойды ғой!» - дейтін шығарсыздар! Бірақ бұл жолы қуанғаннан емес, күйінгеннен жазып отырмын. Бүгін бала бақшадан қайтып келе жатып, бұрынғы іс-тәжірибеден өткен бала бақшадағы тәрбиешімді кездестіріп қалдым...
...Осыдан 1 жыл бұрын басқа бала бақшада іс-тәжірибеден өткен болатынмын. Сонда осы тәрбиешінің тобында болғанмын. Бір қарағанда мінезі ашық, білікті маман сияқты көрінген. Күнделікті іс-тәжірибеге барып жүрдім. Бір байқағаным әлгі тәрбиешім балаларға мүлдем ұйымдастырылған оқу іс әрекетін (сабақ) өткізбейді. Қасымдағы группалас құрбым екеуімізге «Балаларға қарай тұрыңдаршы, мен қазір келемін»-дейді де, кетіп қалады. Содан 2 сағаттан соң бірақ келеді, немесе арғы бөлмеге кетіп қалып, тәрбиешінің көмекшісімен сөйлесіп тұрғаны. Біз ол кезде сабақты қалай беретінін білмейміз, әйтеуір балаларға ойын ойнатып, ертегі оқып, білгенімізді үйретіп жүрдік.
Бірде қуанғаным-ай, ол кісі ұйымдастырылған оқу іс әрекетін өзі өткізді. Сонымен көркем әдебиет сабағы басталды. Ол «Қарлығаш пен дәуіт» ертегісін оқып берді (мазмұнын барлығыңыз білетін шығарсыздар). Бір кезде балалар «Апай, дәуіт деген не?» деп сұрады. Апай ойланып қалып; «Дәуіт деген, үлкеееен құс. Ол жыртқыш. Оның тырнақтары өткір» - демесі бар ма!? Құрбым екеуіміз, бір-бірімізге таңырқай қарап, не айтарымызды білмей қалдық. Сол кезде қуанышым су сепкендей басылды. Содан кейін оңашада тәрбиешіге «дәуіт деген құс емес қой»-деп бастай беріп едім, бір түрлі жаман көзімен қарады да, кетіп қалды. Қорқып кеттім. Одан кейін маған деген көзқарасы өзгерді. Орындап әкелген тапсырмаларымнан әйтеуір бір мін табады. Жетекшіме айтып едім, одан да түк шықпады. Содан не керек, бұл бала бақшаға «сыймадым».
Ата-аналар балаларын бала бақшаға дүние танымы кеңейе берсін, білімді болсын, әр түрлі еңбек дағдыларын, мәдени-гигиналық дағдыларға үйрене берсін, балалармен қарым қатынас жасасын деген оймен, үмітпен алып келеді. Ал сол үміттері ақталып жатыр ма?
Қазіргі уақытта бала бақшаларға нағыз тәрбиеші маманы жетіспейді. Көпшілігі бастауыш, физика, биология мұғалімі, т.б. мамандық иелері. Көпшілігі сырттай ғана оқып алып, бала-бақшада тәрбиеші болып жүр. Олардың кейбірі өзінің жауапкершілігін сезініп, мамандығының қыр-сырын үйренуге тырысып-ақ жатады. Ал кейбіреулер...тек жұмысынан айырылып қалмау үшін өтірік көлгірсіп жүреді.
Ал Сіз балаңызды қандай маман тәрбиелеп жатқанын білесіз бе? Оған көңіліңіз тола ма?