"Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын"
блог
Осыдан бірер жыл бұрын жақын достарымның бірі «Өзің өзгерте алмайтын нәрсеге аса алаңдамағаның дұрыс» деп кеңес берген еді. Алғашында бұл сөзге аса мән бермегеніммен кейіннен терең мағыналы ой екенін түсіндім. Расында да, біз нені өзгерте аламыз? Кез келген газет-журнал, ғаламтор парақшаларын, теледидар сияқты ақпарат көздерін ашып қарасаңыз, барлығында «мұнай бағасының төмендеуі, теңге мен мұнай құнының құлдырауы» сияқты мәселелер жарияланып, талқыланып жатады. Сонда бізге теңге бағамы мен қара алтынның қоры аса маңызды болғаны ма? Менің ойымша, бұл бұрыс пікір. Аталған мәселелер өзекті болғанымен, ең маңызды проблемалар емес. Тіпті құнды қағаздар мен гаухар тастар, қымбат көліктер мен саф алтыннан жасалған сарайлар да тұлға үшін құңдылығы шамалы. Ал жер бетіндегі ең құнды дүние – уақыт. Бізге берілген әр минут, әр күн, әрбір сәт – байлық және дәл қазіргі сәт ешқашан қайтып келмейді. Қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр уақыттың қадірін білгеніміз абзал. Демек, уақытты барынша пайдалы және өнімді өткізген дұрыс. Себебі, дәл қазіргі сәт – біздің энергия, қайрат пен күш-жігеріміз тасып тұрған уақыт. Ал әр күнің – жаңа өмір. Күнделікті жұмыстарды жүйелі орындап, әрдайым дамуға ұмтылу қажет. Ал өз уақытын бекер ойын-күлкімен, ермекпен, шегірткеше ән салып, көгалды қуумен өткізген адам соңында өкінеді. Уақыт біздің ойымыздан да жүйрік. Сондықтан уақыт қадірін қазір бағалаған дұрыс, әйтпесе кемел жасына келгенде «қолды мерзімінен кеш сермеп» қалмақпыз.
Менде тіпті жүз миллион доллар болса да, өлім алдында бұл ақшаға ата-анаммен бірге болатын, бауырларыммен серуендеп, сырласатын бір күн де сатып ала алмаймын. Ақтық сағатында мұнай бағасы мен доллар құны, қымбат көліктер мен зәулім үйлер құнсыз болмақ.
Мен осы блогты жазып жатқанда да өмір тоқтап тұрған жоқ, уақыт зымырап өтіп жатыр. Уақыт сіз оны оқып отырғанда да сырғуда.
Қорытындылай келе, ойымды ұлы Абай атамыздың мына сөзімен тұздықтағым келіп отыр:
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»...