ҚАРЫМТА...


Байтілестің Ержаны – қалжыңым қабысып, әзілім жарасатын бауырым. Қазақы қалжыңнан мен де беріспей, ол да қалыспай келе жатырмыз. Фейсбуктегі жазбаларын жинап жүрмін. Құрдастары «әкең өліпті» деп қалжыңдасатын қазақтың ұрпағымыз ғой, бірде:
– Әй, мен өлсем некролог жазасың ба? – дедім түйеден түскендей. 
– Қашан өлесіз? – деді Ержан іле-шала. Тосыла қоймадым:
– «Бұрын туған бұрын өледі» деген, сенен үлкен болған соң бұрын өлем ғой, жазасың ба, соныңды айт!
– Ой, жазғанда еңіретіп жіберем ғой елді, жазам, – деді ол. Ең басты шаруамды тындырғандай мен де мәз, ол да алаңсыз))))...
Қойшы, не керек, анда-мұнда: «Өзім көрмеймін, не деп жазасың? Оқиық та», – деп қалжыңдап қоямын...
Әдетте, күнара телефонмен хабарласып, агенті, ФБ-сы, твиттері бар мына «керемет» заманда күнде хал сұрасатын адамдарың бір күн үнсіз қалса, жаныңа әлдене жетіспегендей күй кешесің. Өзгені қайдам өзім бірден жапан түзде жалғыз қалғандай жыларман болып, сарыуайымға берілемін ондайда. Ерекеңмен телефонмен тіл қатыспаймыз, анда-санда дегенім артықтау, бірақ ФБ немесе агент арқылы жиі хал сұрасып тұратын едік. Маусымның 7-сі мен 11-і аралығында елге кетіп, ғаламтордан «көрінбедім». Қайтарымда Алматыға пойызбен келе жатырмын. Жанымда әңгімелесетін таныс адамдарым болмаған соң, сағаттың тілімен алысып екінші полкадағы орнымда (Ерекең айтпақшы, кеспелтектей болсам да))))) қалғып-шұлғып жатқан едім, бір шамада қалта телефоным безілдеп қоя берді. Көзім ілініп кеткен екен. Байтілестің Ержаны! «Неғып звондады, тыныштық па екен» деп таңғалғаныммен үрей қоса қабаттасты.
– Айеке, көкжиектен көрінбейсіз... ФБ-да жоқсыз, анда (агентте) да байқамадым... Аманшылық па? – деді әдеттегі амандық-саулықтан соң...
– Не, бастай берейін деп пе едің?! – Қайдан ойыма келіп, аузымнан қалай атылып шыққанын білмеймін, ары қарай Ерекемнің күлкісі көміп кетті. «Көрінбей қалғанға» хабарласып жатқанына да, әдемі әзілге де риза болып рақаттанып күліп алдық солай...
Не ғой... Іздеп жүретін, сағынып жүретін, қуаныш сыйлайтын жақын жандарыңыз көп болғай!



Бөлісу: