Көпшілік елден ерек туған, өнерлі азаматтарға қаратып "сегіз қырлы, бір сырлы" деп айтып жатады. Біздің еліміздің тарихындағы әрбір ер-жігіті "сегіз қырлы, бір сырлы" десек қателескеніміз емес. Бейбіт күнде батыр болу бір бөлек, ал қаһарлы күндерде қаһарман болу тіпті бөлек. Осындай қаһарлы уақыттарда, майдан шебінде жүріп те, қару мен қаламды қатар ұстаған батыр азаматтарымыз - еліміздің тәуелсіз болуына ғана емес, әдебиетінің жандануына да үлес қосты.
Бауыржан Момышұлы - Ұлы Отан соғысының қаһарманы, жазушы. Көрнекті жазушының орыс және қазақ тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды.Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға.
Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әзілхан Нұршайықов та қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман атамыз. Ол өзінің аса үлкен, маңызды “Ақиқат пен аңыз” романында Бауыржанның тік мінезін әр қырынан көрсетеді. Бұл мінезі соғыс майданында, жауынгерлер алдында үлкен істерді батылдықпен шешуге көмектеседі. Тапқыр да алғыр, сезімтал да секемшіл, қажырлы да қайратты офицердің характері осы бір белгілерімен дараланған. Майдан шебінде абырой, атаққа ие болған геройдың характерін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады.
Қасым Қайсенов- Ұлы Отан соғысының батыры, әйгілі партизан, Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті жазушы. Оның тырнақ алды туындысы "Жау тылындағы бала".
Жау тылындағы бала - Қасым Қайсеновтың 1961 жылы жазған повесі. Повесте автор Ұлы Отан соғысы кезінде жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зор ерліктерін үлкен тебіреніспен суреттеп жазған. Бұл - ерлікке,адамгершілікке толы шығарма.
Баубек Бұлқышев - Қарағанды (қазіргі Жeзқазған) облысы, Ұлытау ауданында туған. 1940 жылы әскер қатарына шақырылды да, Мәскеуде сапер училищесінде оқиды. Жалынды публицист, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті. 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Баубек көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар. Жазушылық таланты Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде «О жизни и смерти» (Записки молодого казаха фронтовика) деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. 1946 жылы Мәскеуде шыққан «Жизнь солдата» жинағына Б.Бұлқышевтың майдандық публицистикасы енді. Оның көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М.Иманжановтың редакциясымен шыққан «Өмір біздікі» кітабында, сондайақ «Жауынгер мәңгілігі» кітабында жинақталған. Шығармалары әлденеше рет қайта басылды.
Әди Шәріпов - Ұлы Отан соғысына қатысып, партизан отрядын басқарған. Партизандардың ерлік күресін өз шығармаларына арқау етті. "Партизан қызы","Тон","Қапастағы жұлдыздар" атты шығармалардың,"Сахар қызы","Дос сыры" романдарының авторы."Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы","Қазіргі дәуір мен жаңашылдық" т.б. монографиялары, әдебиеттану мен педагогика салаларына қатысты көптеген еңбектері жарық көрді.