Қарттарымыз аман болсын!

Қарттарымыз аман болсын!
жеке
блог

Осы біз «Көп жаса!», «Ұзақ өмір тілеймін!», «Ғұмырлы бол!» деген игі тілектерді естіген кезде мәз болып қаламыз. Әдемі қартайғымыз келеді. Жаратқан ғұмыр берсін деп тілейміз.

«Қарты бар ел қазыналы» деп бекер айтпаса керек. Өз басым, үлкен кісілермен әңгімелескенді, олармен уақыт өткізгенді ұнатамын. Өкінішке өз әулетімнің қарттарының көбі о дүниелік болды. Көзі тірілермен күнде кездесе бермейсің, той-жиындарда кездессең де көп уақыт өткізе алмайсың.

9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында БАҚ өкілдері мен блогерлер қауымы «Рахат» кондитерлік фабрикасының ұйымдастыруымен сұм жылдарды өз көзімен көріп, балалық шағы мен жастық кезін қиын заманда өткізген қариялармен кездестік. Барлығының үйіне қонаққа бара алмасақ та, мүмкіндігінше, барған жандардың көңілдерін аулауға тырыстық. Қарттарға тәтті сыйлар ұсынып, әңгімелерін естіп қайттық.

 

Корецкая Любовь: «Мен Ржев қаласының тумасымын. Соғыс басталғанда мен мектеп оқушысы едім. Біздің сыныптың балалары өте тату болды. Майданға аттанғымыз келді. Бізді бірақ кім жіберсін?! Еңбекке ерте араластық. Әкем орыс, анам еврей еді. Бір сіңлім бар еді. Ржев қаласы оққа ұшқанда отбасымнан айырылдым. Мені қамқорына әкемнің әпкесі алды. Ол да кейін аштан қолымда өлді. Аш, жалаңаш жүрдік. Қасымда сыныптас құрбым бар еді. Екеумізді концлагерьге алып кетті. Суық поезда жол жүрдік. Жолда мерт болған балаларды тоқтаған жерде поездан лақтырып жатты. Германияға келген бойда бит басқан бізді моншаға апарды. Жуындырды, тамақтандырды, еңбекке баулыды. Консерві жасайтын фабрикада жұмыс істедік. Көргенімізді еске де алғың келмейді. Соғыс бітіп, босатылып шыққан кезде Ржевке жол тарттым. Қолымда қайтқан тәтемнің күйеуін тауып алдым. Ол маған оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берді. Мал дәрігері мамандығы бойынша білім алдым. Алтайда жұмыс істедім. Ол кезде жағдай мәз емес, концлагерьде болғанымды бетіме басқан кездер де болды. Мал дәрігері болып жұмыс істеген кезде небір ауруларды өз көзімізбен көрдік. Өзімізге де жұқтырдық. Салдарынан бала көтеру мүмкіндігінен айырылдым. Кейін Алматыға жұмысқа келдім. Сырттай филология факультетінде білім алдым. Тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз 49 жыл тату-тәтті өмір сұрдік. Ол кісінің марқұм болып кеткеніне биыл 10 жыл болады. Жасым 94-те.  Әрдайым қонаққа келіп кететін достарым, туыстарым бар. Шүкір, барлығы жақсы»

Ольга Федоренко: «Соғыс басталғанда мен 4 жаста едім. Әкем әскери қызметтегі адам болатын. Екі рет Сталинмен кездескен-ді. Соғыстың болатыны алдын ала белгілі еді. Өзімнен үлкен ағам бар болатын. Немістің бомбалары алдымен біз тұрған Перемишль қаласына түсті. Қазір ол қала Польша жерінің еншісінде. Соғыс басталған соң, әкемді шақырып кетті. Сол күйі соғыс аяқталғанша көрмедік. Анамның айтуы бойынша, самолеттер жерге жақын ұшып, ауылды мекендерге бомбаларын лақтырғанда жерге жатып, шөптердің арасына тығылатын едік. Анамның Алматыда туыстары бар еді. Анам бізді алып, осылай Алматыға келдік. Қазір жасым 83-те. Ұлым мен қызым, немерелерім бар. Денсаулығымның анда-санда сыр беретіні ғана болмаса, жағдайым жақсы»

Александр Колесников: «Соғысқа мектеп бітірген бойда өз еркіммен кеттім. Мәскеу, Минск, Польшада болған шайқастарға қатыстым. Жарақат алып, оң көзімнен айырылған едім. Қолға түскен немістерді боқтайтын қазақ досым бар еді. Оған командир: «Сен неге оларды қазақша боқтайсың?!» деп ұрысатын. Оған ол: «Неміс тілін білсем, немісше де боқтап беретін едім» деп жауап қайтаратын. Биыл жасым 96-ға келеді. Әйелім Людмила тыл ардагері. Төрт баламыз, төрт немереміз, тоғыз шөбереміз бар»

Қамбар Сәрсенов: «Қазір менің жасым 95-те. Соғысқа 1942-1945 жыл аралығында қатыстым. Бастап бірінші, екінші Прибалтика және үшінші Беларус майдандарында болдым. Үш рет жараланып, соғыс біткен соң елге қайттым. Ішкі істер мен энергетика салаларында қызмет еттім. Қазір осы екі саланың құрметті ардагерімін. Бала-шағам, тәтті немерелерім мен шөберем бар. Жолдасым тыл ардагері. Жасы 90-ға келеді. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Әзіліміз жарасып, әр күнге шүкір айтып, өмір сүріп келеміз. Келер ұрпақ біз көрген қиын кездерді көрмесін деп тілеймін!»

Қариялардың осындай әңгімелерін тыңдап, баталарын алып, ақ тілектерімізді айтып қайттық. Қазыналы қарттарымыз аман болсын!