Қарттарым аман-сау жүрші!
блог
Айтыс десе ішкен асын жерге қойып, тұра ұмтылып, жыр иісін сағынатын, ағыл-тегіл жырларды ағытатын, аталы сөздің иелері атам мен әжемнің бізге айтар жүйелі ойын, өсиетін бір естігеннен-ақ құлақ құрышың қанады. Ондай өнегелі сөзді мың рет естісең де жалықпайсың. Үйдің табалдырығын аттап, төрге шыққаннан, төрден үйіне жеткенше қадірлеп алаң да бұлаң боласың. Осыған қарап-ақ, "қарт" деген есімнің дәрежесінің жоғары екендігін аңғаруға болады. Өмірге деген бағыт-бағдарын беріп, күрмеуі көп тіршілікті танып-білуіңе, өткен тарихыңды ақтарып беруге даяр тұратын қарттардың орны мен үшін бөлек.
"Атасын сыйлаған абыройға бөленер" дейді дана қазақ. Сондықтан болар, үйдегі мінезге сіңісті тәрбие – ата-әжемізді ардақтау, олардың алдында кішірею. Үлкеннің қолына су құйғанда қарттардан "Үлкен қыз бол", "Өркенің өссін" деген құлаққа жағымды бата-тілек есту де бір ғанибет! Үйге кіргенде, әуелі төрде отырған қариямен амандасу оларға деген құрмет болса керек.
Осы қазақ – аталы сөзді батадай көретін, қаны қызу, намысы биік халық. Әумесерін сабасына тез-ақ түсіретін тегеурінді ел. Сөздің құдіреті мен өлшеміне бас иіп, түйткіл уәждің түйінін шешетін сөз зергері қарияны, һәм қарттарды ұлық тұтатын қадірлі ұлт! Иә, қазақ жұртшылығының қанына сіңген асыл мінез – үлкенді сыйлау, қадірлеу. Әсіресе, әулеттің үлкені, аузы дуалы, сөзі уәлі, һәм баталы болған қарияларды, даналықты бойына жиған, көреген, адал, жасында нағыз келін бола білген әжені ерекше қадір тұтқан. Құдіреті шексіз Раббысына құлшылығын жасап, сөз маржанын ішкі ойдың асыл қазынасымен жіпке тізіп айтар, өз жүректерінен жұлып ұрпағына аманаттаған, немерем жақсы болсын деген ниетпен бар ақылын ұрпақ игілігі үшін жұмсаған, сан мыңдаған дауылдардан өтіп, қаншама жылдарды артқа тастап, тарих пен шежірені қиыстыра өрнектеп, айтып берер қарттарды қалай сүймейсің?!
Заман ығымен қазыналы қарияларымыз азайып бара жатқанына да қынжыласың. Әсіресе, жаңа ғасыр лебімен жаңа ұрпақтар дүниеге келуде. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Жаңа заманғы ата-әжелер қалыптасуда десем қателеспеймін. Дегенмен де менің әжем деп көрсетсе, нанбай қаласың. Білмедім, өз басым "әже" деген сөзді естігенімде ойыма орала беретіні: ақ жаулық, әжелік өсиет-әңгіме, әженің саған деген мейір, ықыласы, айтып отырар мақал-мәтелі, бесік жыры, дәмді құрты, айран, сүті, қазақи болмысы, аяғына киген мәсісі, оюланған камзолы, ақ түскен шашы бәрі-бәрі елестейді. "Ата" дегенде елестейтіні басынан тастамайтын тақиясы, аузынан шыққан дуалы сөздері... ауыз толтырып айта берсең кете бересің. Қазіргі кезде осындай қарияларымызды біреулері қарттар үйіне тастап кетсе, енді біреулері өз жасымен тағдыр бұйрығына көніп келмеске аттанып жатыр. Дер кезінде қарт дейтін асыл қазынамызды бағалап, сый-құрмет көрсетіп, өнегелі ғұмырынан ғибрат алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Олар қашанда сый-құрметке лайық. Қара шаңырақ асыл қазынасын жоғалтса, қаңырап қалары анық. Сондықтан оларды жоғалтпауға тырысайықшы, бар кезінде қадіріне жете білейікші.!
Бабалар даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш бояуын солғындатпай жеткізетін қарттарымыз аман болсыншы Сол асылдарымыздың қадір-қасиетін түсініп, бағалап көкірегімізге сақтайықшы!