Мен ол кезде бесінші сыныпты тәмамдадым. Бір күні анам екеуіміз қарттар үйіне бардық. Oнда менің апам жұмыс жасайтын. Ішке кіріп келгенде ең бірінші болып менің көзіме шет жақта отырған екі қарт түсті. Ал қалғандары бір-бірімен әңгіме айтып отырған болатын. Мен апамнан неге әлгі екі қарттың ол жерде отырғанын сұрадым. Сонда апам маған олардың бұл үйге кеше келгенін айтты. Бәлкім, үйренісе алмай жүрген шығар. Шынымды айтсам, оларға қатты жаным ашыды. Бір кезде жаңағы қарт мені қасына шақырып алып, басымнан сипады. Сипап отырып: ”Қызым, сені кішкентайыңнан бағып-қағып өсірген ата-анаңды ешқашан тастама. Мейлі, қандай қиындыққа тап болсаң да... Себебі саған шын жаны ашитын, қиындыққа тап болсаң әрдайым қол ұшын созатын тек ата-анаң ғана. Бұл менің саған берген ақылым болсын. Жарай ма?’’-деді. Ал мен басымды изедім. Дәл сол сәтте менің көзіме еріксіз жас келді. Әлгі қария менің жасымды сүртіп: ”Жылама, қызым, бара ғой, анаңнан қалма,”-деді. Жанарыма толған жасты ірки алмай, қоштасып, жүріп кеттім.
Осы оқиға маған қатты әсер етті, бүгінде есіме түскен сайын мені қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз қандай күйде жүр екен деген сұрақ мазалайды. Достар, ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміздің көңіліне кірбің түсірмейікші, қандай қиын жағдай болса да, сабырлық сақтап, оларды бөтен біреудің қас-қабағына қаратпайықшы. Дүние есігін ашып, шарасыз шарана болған сәтімізден бізді осы күнге жеткізді емес пе?! Біз үшін талай таңды көзімен атырып, "барым-балама" деген ата-ананы осындай қарттық шағында, бір кездердегі біз секілді шарасыз қалпында тастап кетпеңіздерші! Мейірімге мұқтаж етпейікші!