Әлия балаларын ойыннан қуып әкелгендей қылып, жылы суларын дайындап аяқ-қолдарын шаңнан тазалатты да, асығыс кешкі тамақтарын беріп, Айзада мен Гүлзадаға орнын жинастыруды тапсырды да, өзі ертең болатын көрші әжейдің садақасына көмектесуге кетті. Екі қыздың арасы екі жас және екі ер бала бар. Төртеуі аналарының ескертуімен есікті іштерінен іліп алып, мына қатігез әлемнен хабарсыз, еш алаңсыз кішкене ғана сұр жәшік тәрізді теледидарға үңіліп отыр. Ержан мен Мержан тентектіктен келіспей алыса кетеді. Айзада баж-баж етіп өзінше үлкендігін көрсетіп тәртіпке шақырады. Осындай төртеудің тыныштығын бұзған есіктің қағысы еді. Бір-біріне қарап елеңдеумен тіркесіп есіктің алдына барды.
- Кім екен?-деді, Айзада дауысынан дірілі сезіліп.
- Мен ғой, Нұрғали ағаң, есікті аша қой, қарындасым
- Жоооқ, аға, үйде ешкім жоқ. Мама ешкімге ашпа деген,- таза көңілмен жауап қайтты.
- Су ішем де қайтам, осы жерден берсең де болады
- Жарайды, Мержан су ала келші,- деп інісін жұмсап жіберді де, қарауылда қалғандай тұр.
Мержан өзінің басындай болатын бақырашпен су әкеліп берді. Нұрғали ағамыз суын ішіп алып, өз алдына тойып алған ащы суы да бар, ішке ентелей кірді. «Аға, қайтпайсыз ба, енді?» деген Айзаданың сөзіне де қарамады. «Үйге дейін әлі алыс, кішкене демалып отыра тұрайын, сосын кетемін» деп сылтауратты. Бұл Айзадаға ұнамады. Ол кезде 6-сыныпқа енді көшетін бала көңілі бір жамандықты сезгендей болды. Кішкене ғана қуыс бөлменің бір бұрышында теледидар, оның жанында ескі диван ұзынынан көсіліп жатыр. Ағасымағы диванға жайғасып отырды. Оның төменгі жағында бір нәрсе құрап ойнап ұлдар ермек қылды. Айзада сұр жәшікке телміріп отір еді, «мында келші, жаныма отыршы» деген ағасынан ұсыныс түсті. Ойына дым да кіріп шықпастан, «ау, аға» деп жетіп барды. «Мында енді жат» дегенде, өңі бұзылып «Не деп тұрсыз?» деп орнын ұшып тұрып, манағы орнына қайта жайғасты, қорқынышы үдей түсті. Ағасы ізіне түскендей, енді қатулана түсіп, жанына барып, «қарындасының» санына тапардай қолын қойып, «мен саған жат дедім» дегенде өре түрегеліп:
-Шығыңыз, үйден, мамаға айтам сізді,-деп жыламсырап тұр, бірақ білдіргісі келмеді.
-Мында кел дедім саған
Кішкентай болса да, апаларына арашасы түспек болып Гүлзада, Ержан, Мержан аяғына оратылып,
-Апама тиіспеңіз, - деп шулап жүр. Көзі ештеңені көрмейтін «ағасы» кезек-кезек жерге лақтырды. 5 жасар інісі жылап қалды, оған да қарамады. Осы сәтте Айзада келесі бөлмеге қарай қашты. Ұсталса не болатынын сезетіндей. Гүлзада жанына келіп, «анда тығыл анда тығыл» деп жылап жүр. Анда дегені биік етіп жиналған төсектердің арты болатын. Көрінбесін деп көпшіктермен жапқылап жүр. «Қайда ана қыз, қайда?» деп ашуланып айқайлап жүр. «Тимеңіз оған, ол мында жоқ, кетіңіз» деп кішкене жүректің иесі жылап жүр. Бауыр дегеніңіз осы ғой. Жемтік іздеген аш қасқырдай сыртқа кетті, қайда қайдалап. Ішке қайта кіріп, үшінші бөлмеге өткенде Айзада сыртқа жүгіре шықты да, жарлас көршісінің үйіне бет алды. Жүгіріп келеді, көзінде жасы сорғалап келеді, дауыстап жылауға тауып алатынын біліп, тұншығып тамағына тас кептелгендей, жүгіріп келеді, арқа тұсы шымырлайды, алып қол кеп ұстап алатындай, артқа қарауға дәті жетпейді...
- Есікті ашыңыздаршы, Айна апа, Нурик, ашыңыздаршы, болыңызшы, есікті ашыңызшы, - деп жылай берді, екі жұдырығымен кезек кезек бар күшімен ұрғылай берді. Іштей «ашпаса не істеймін, ұстап алады ғой мені» дей берді.
-Ааа, Айзада сен бе? Тыныштық па? Не болды? –деп Айна апай есікті ашты-ау, әйтеуір.
-Айна апаааа...- деп, тоқтамай, ештеңе айта алмастан жылай берді. Сол арада қарсы көшедегі көршісінің үйінен анасын шақырыпкелген екен бауырлары. «Апатайды Нұрғали аға қуып жүр» деп жеткізген. Анасы жанын шүберекке түйіп жетіп келді. Үйде ешкім жоқ екен. Көршісінің үйіне келіп, көзі бақадай боп ісіп кеткен қызын көріп, мән-жайды сұрап еді, анығын түсіндіре алмады. Тек қатты қорыққаннан қашып кеттім дей салды. Ішкі үрейдің әсерінен бе, өзі де түсінбеді неге олай еткенін.
Көпке дейін жанына маза таппай, әр түн сайын «Құдайым, мен қорқынышпен жүре алмаймын, өлсе екен, өлсе екен» деп тілей берді.
Арада 1 ай ғана өткен сияқты. Сондай жайма шуақ күндердің бірінде Әкімшілік жақтан шаруасымен барып қайтқан Ербол асүйде түскі ас қамдап жүрген Әлияға тосын жаңалық айтты. Қолындағы газеттерді диванның үстіне қойып,
- Әлия, естідің бе? Кеше түнде Нұрғали үйінде өртеніп кетіпті, әй байғұс бала.
- Қой жоқ, бүгін ешқайда шықпадым, қайдан естиін. Неден болыпты?
- Түнімен ішкен көрінеді. Содан темекінің кесірінен жанып кетіпті, деп жатыр, анығын білмедім.
- Әй, жап-жас бала, ерте кетті. Жақсы еді өзі, шаруа бар дегенде көңіліңді қалдырмай шабылатын... – деп әңгімелері жалғаса берді. Келесі бөлмеде Айзада мен Гүлзада тыңдап отырған болатын. Қуаныштан жылап жіберді. «Апатай енді қорықпаңыз, енді ол жоқ» деді,бала көңіл өлімнің мәнісіне жете алмай. «Қайдағы жақсы адам, жақсы адам сондай болады ма?» деп Айзада өз өзінен күңкілдеп жылай берді...
Жанына дақ салған үрейден періште қыздың тілеген қарғысы тиді ме? Әлде, Құдайдың жазасы ма? Кім білсін... Бір Жаратушы Аллаға аян