Біз неліктен отбасылы болудан қорқамыз...Қазіргі ХХI ғасырда жастардың барлығы білімге ұмтылып, шетел асып оқып келіп жатыр.Құрбыларымның көбісі,«оқуымды қызылға бітіріп, дипломымды қолыма алып,1-2 жыл жұмыс істеп одан соң тұрмыс құрамын», дейді.Жалпы ойлары дұрыс-ақ. Дегенмен де оқуды аяқтап, жұмыстың да шаруасын біржақты етем деп жүргенде жас біршамаға келмей ме? Қазір еліміздегі жасы жиырма бестен жоғары бойдақтардың саны екі миллионнан асып кеткен. Қазақстандағы қыздардың тұрмысқа шығатын орташа жасы – шамамен 24 болса, жігіттердің жасы – 26-27 жас шамасында. Енді сол түтінін түтетпей жүрген жастарға: «Неге үйленбейсіз?» деген сауал қойып көріңіз: «Қыз жоқ, жігіт жоқ» – деген жауап аласыз.
Жігіттердің қазіргі негізгі мәселесі: Карьера яғни жұмыс пен отбасының орнын ауыстырып алып, үйленуге уақыты жоқтар. Келесі мәселесі қыз таңдауда: кейбір жігіттеріміз танысқан қыздарының ұсақ-түйегіне дейін (жігітке қажеті жоқ дүниелеріне де)назар аударып, соны себеп қылып құр сылтаумен үйленбей жүреді, одан кейін қаржы мәселесі, осы қаржы мәселесіне келгенде көп жігіттердің аяқ тартып қалатыны жасырын емес, келесі проблемасы ұяңдық: жігіттер ұяңдықтары мен ынжықтықтарының кесірінен көптеген қыздарға ұнамай жатады. Сонымен қоса жігіттер қауымы өз өзіне сенімділіктің жоқтығының кесірінен қыздарға ұнай бермейді, және өздерінің білім деңгейінің төмендігін көрсетуден қорқады. Қазіргі жігіттер үйленбей тұрып мына мәселелерді шешіп алғанды жөн көреді: жақсы жерде жұмыс істеу , жоқ дегенде 1 бөлмелі үйі болу, көлігі болу және осыларды біржақты етпей ешқандай қызды ырқына көндіре алмайтындай көреді.
Ал қыз баланың бірінші міндеті отбасылы болу, ана болу. Дегенмен кейбір қыздарымыз отбасылы болу мен жұмысбасты болудың орнын ауыстырып алған. Көп жағдайда қаракөздеріміз қалталы азаматтармен қарым-қатынас орнатуға асығады және ешкімге бағынышты болғысы келмейді. Әрине көпке топырақ шашпаймын, әйтсе де қазіргі қазақ қыздары ер-азаматтардың өзіне үстемдік орнатқанын қаламайды. Арулар, аспандағы ай мен күнге қол созғанша барымызды бағалайық, жанымызда жүрген қазақ жігіттерін құрмет тұтайық. Қандай болса да қаны қазақ жаны қазақ ерлерімізді қысқа ғана ғұмырда қадірлеп, еркек кіндіктілерден бір саты төмен тұрғанымызды ұмытпайық!
АВТОР: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Журналистика факультеті 2-курс Гауһар Қапаш