Карьера, әлде отбасы?!

Армысыздар, ардақты Массагет. ­Қыздар туралы біршама блогтар жазылып жатыр. Бірі қыз уақытында кету керек дейді, ал бірі жетістікке жету керек дейді дегендей. Шындығында айтылған пікірлер көп-ақ. Менің бұл жазғалы отырғаным көпбөлімді блогкезек емес, қысқа ғана өмірден түйген қорытындым.

Мен өзімді мысалға қояйын. Мектепті үздік оқыдым. Үздік бітірдім де. Арман қуалап өз күшіммен ҚазҰУ – дың журналистика факультетіне грант бөліміне түстім. Төрт жыл зу етіп өте шықты. Оқу бітіргесін сол кезде жаңадан шыққан (қазір ол журнал жоқ қой деймін) «Студент» деп аталатын жастар журналына жұмысқа орналастым. Солай жұмыс істеп жүргенімде алты айдан кейін өзім көріп-біліп жүрген жігіт алып қашып кетті. Киелі босағаны аттаған соң, артқа қайтар жол жоқ, жас келін атанып мен де қала бердім. Ойда –жоқта отбасылы болып шыға келгеніме алғашында реніш білдірсе де, артынан перзентіне бақыт тілеп ата-анам да қала берді. Содан «нағыз қаңғыбас жұмыс» деп күйеуім қаламаған соң бірнеше айдан кейін ол жұмыстан да шықтым. Шындығында да материал жинау үшін анда-мұнда көп баратыным рас еді. Одан соң, Аллаға шүкір, бір емес, екі бірдей күйеуімнің ұрпағын дүниеге әкелдім. Сонымен сол күйі үй шаруасындағы әйел атанып, үйде отырғаныма, міне, биыл бесінші жыл. Жұмысқа шығайын десем, көзімнің қарашығындай болған балаларыма қарайлайтын адам жоқ, ал балабақшаға беруге мына қымбатшылық заманда қалта тар. Осылай күндерім мен жылдарым зуылдап өтіп жатыр. Айтпақшы, тұрмысқа шыққан соң сәті түсіп, сырттай болса да оқып үлгерген тағы бір оқуым бар, қысқасы, қос бірдей мамандық иесімін.

Енді қараңыз, екі бірдей дипломым сандықтың түбінде деп айтпай-ақ қояйын (құжаттарды сандықта сақтамаушы ем), қара папкада сақталып жатқанына қаншама уақыт болды. Анда –санда алып, қарап қоям. Иіскеп қоятыным да бар. Не дегенмен оқуымның жемісі ғой. Бірақ, мен үшін, қазіргі таңда сол диломдарымнан қарадомалақ балапандарым мың есе маңызды және қымбат. Ана болу бақыты деген, білсеңіздер, бағасы жоқ жетістік екен. Балаларыма қарап отырып мен «жұмыс істеп, карьера жасап үлгермедім-ау» деп ешуақытта өкінген емеспін. Мен үшін өмірдің мәні де, мағынасы да – осы отбасым. Сенімдімін, ұл-қызым өсіп, кішкене ес білген соң, міндетті түрде жұмысқа шығамын. Ол - менің ендігі жоспарым. Не дегенмен де бірнеше жыл текке оқыған жоқпын ғой. Кареьра жасап, жетістікке жетпесем де, отбасылық өмірде үлкен жетістікке жеттім деп ойлаймын. Аллаға шүкір, күйеуіммен бақыттымын. Нағыз әйел бақыты да осында шығар.

Мұнымен не айтпақпын?! Ойлаңызшы, «диплом, университет» деп қанша жүгірдік. Оқу залынан шықпай, кітаптан бас көтермей оқыдық. Емтихан-сынақ кездері кітап-дәптер ақтарып, түні бойы көз ілмедік. Сондағы мақсатымыз – оқуымызды аман-есен бітіріп, жұмысқа тұрып, шығармашылық жетістікке жету болды. Жақсы журналист болсақ, ақшаны тапсақ, арасында шетел араласақ деп те ойладық. Ешқайсысымыз да оқуды бітіре салып, күйеуге тиеміз деген деген ой болмапты. Бұл - қалыпты жағдай да шығар, себебі сол жаста кез келген қыз бала солай ойлайды ғой (олай ойламайтындары да бар шығар мүмкін). Ал, қазір ойлап отырсам, оның бәрі екінші орынға шығып қалады екен. Өмірде одан да маңыздырақ нәрселер бар екен, «махаббат, отбасы, ана болу» дегендей. Оны өзім жанұялы болғанда түсіндім.

Қазақ деген қызық халықпыз ғой, біреу ерте тұрмыс құрса «ерте байға тигені несі, әй осы...» деп күмәнданып қаламыз. «Әй, осының» ар жағында «аяғы ауыр-ау, жүкті емес пе» деген ой жатады. Кеш тұрмыс құрса «жүріп алды ғой бай алмай...» ерінді шылп-шылп еткіземіз. Өсекке тақырып табылып тұрады емес пе, әрдайым?! Сондықтан, мен ойлаймын, барлық нәрсенің өз уақытында болғаны дұрыс деп. Оқуды тауысқан соң, «жұмыс» деп жүріп алмай, уақытылы тұрмыс құру да қажет.

Енді Массагеттің оқырмандарының көбісі тұрмыс құрып үлгермеген жас қыздар ғой. Менің мына жазғандарымды «сандырақ» немесе «былжырақ» деп ойлайтындар табылатын шығар. Сондықтан, алдын –ала айтып қояйын, бұл менің жеке жүрекжарды пікірім. Ал қарсы ой айтушылар болса, оларды да тыңдауға әзірмін. Осымен сөзімді аяқтайын. Ал осы блогты оқып отырған жас ару, сіз қайсысын таңдар едіңіздер: карьера, әлде отбасы?



Бөлісу: