Қарай берем

Үйлескен сұлулық  пен сұлу қылық,

Жүргендеймін сен үшін өмір сүріп.

Ерке мінез, пәк сезім, күндей күлкің,

Тұрады күнде өзіне ессіз бұрып.

 

Таңырқап көз алмастан қарай берем,

Көзіңнен өзім сүйген арай көрем.

Аңсаған арманымды тапқандаймын,

Ұрладың жүрегімді қалай менен.

 

Жаратылыс ұлысы сен деп білем,

Жүретұғын жанымды тербеп кілең.

Сұлу нұрлы жүзіңе қарай бердім,

Қиялымда сен дағы «мен» деп тұр ең.

 

Сұлусың сен, жаратқан қалай сені,

Бақытыма көз ілдім балай сені.

Күннен күнге барамын жақсы көріп,

Көздерімді талдырдым қарай  сені.

 

Жанарымда от болып жандың бүгін,

Байқамайсың, ұқпайсың сезім сырын.

Өтінемін өзіңді сағынғанда,

Алдымнан шығып тұршы қағып күлім.

 

Сен сұлу деп соғады жүрек мынау,

Түспесе деп көңіліңе кірбің қылау.

Өзіңнен бір де келмей айрылғысы,

Жүрегім жабырқап та, жасып тұр-ау.

 

Тілеймін айырма деп сәттен осы,

Шағым ба деп күтіп жүрген көптен осы?!

Мен өзім де қайранмын мына жайға,

Жандаймын жетпей жүрген көкке басы.



Бөлісу: