Кеше ғана Тілеген Әли есімді ақын ағамның парақшасынан осы бір ұсыныс хатын оқығам. Кейін оқырман ретінде пікірімді қалдырдым: "Бәлкім өз баласы кеудесінен ысырып, қарттар үйіне әкелген соң, қайғы мұң өзегін өртейтін болар. Осылайша жанына тыныштық іздейді. Аз кем ғұмырында немерені иіскеп, мауқын басып мейірленбеген соң да шығар. Себебі, ата-ана баласын жаман болсын демейді ғой. Болған іске өзін кінәләп, бар мұңын ішінде сақтайды. Солай да қорқақтық танытатын болар. Әйтпегенде ата-әженің тәрбиесі бөлек қой шіркін. Өз баласы өзегінен тепкен соң, өзгенің баласын құшағына алуға да қорқатын шығар. Кім білсін... Бірақ осы іс шешімін тапса, бәрі де өзгерер. Сенейік..." Шындығы сол! Сенемін деп қол қусырып отырғаннан осы бір жазбамды шығарғаным дұрысырақ. Иә, өзіңіз куә болып отырғандай бұл жазбамды "Қараусыз қалған тағдырлас жандар" деп атағанды жөн көрдім. Әңгімем қазір саны өршіп тұрған қарттар үйі мен балалар үйі жайында. Менің жазған пікірімнің мәнісін ашайын. Ағамның сөзінше, Қарттар үйіндегі кей қарттар шуды жақтыртпайтын көрінеді. Қорқақтық танытып, жанына жан баласын жуытпайды. Себебі, көкейдегі сан сұраққа жауап таппай, іштей қиналады.
Осындай жағдайдан соң, жаның түршігеді. Бірі тастанды бала, ал бірі баласының қарауынсыз қалған ата-ана.
Сәбилер шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, балалар үйінің есігін аттаса, енді бірі қартайған шағында өз үйінен жырақтауға мәжбүр. Осындайда жүректері тасқа айналған, кейбір менмендердің қалай жер басып жүргеніне таң қалам. Тас жүректілердің саны көбеймесе азаяр емес. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміздің өзінде жыл басынан санағандағы көрсеткіш бойынша балалар үйінде 100000-нан аса сәби, қарттар үйінде-7000-нан аса қария мемлекеттің қарауында. Бұл дегеніміз мейірімге мұқтаж жандар қатарының еселеніп бара жатқанының айқын дәлелі. Қарттар үйі мен балалар үйін қосар болса, ұтымды тұстары көбірек. Қиындық әр кездеде болары хақ. Тек тырысып көрген дұрыс ау. Ал еш нәтижесі болмаса, қара шаңыраққа айналған қарттар үйі мен қамыққан балалардың саны да азаймайтын тәрізді. Қазақтың қос мақалы менің де мақамыма келіп тұр. "Қарты бар үйдің қазынасы бар", "Балалы үй базар,баласыз үй қу мазар".
Астарын ұғынайық! Тәлкек тағдыр. Оң шешімін тапқай!
#Гүлназ_Амангелді