Қарашы маған

«Қарашы маған, не болды саған, оралшы сол кез ..». Құлаққабымдағы әнге беріліп, қосылып шырқағым келіп, автобуста қиялданып тұрғанмын.  Далада күз. Көңіл-күйім табиғатпен үйлесіп, бір толқынға түскендей... Сағыныш сезімі. Бірақ кімге?! Мен әлі кездестірмеген жанға ма?!

Адам аз болатын. Кенет кезекті аялдамадан кірген бір қызға көзім түсті. Құлағында құлаққап, сүйкімді сары қыз, бос орынға жайғасты. Бастан аяқ бір қарап шықтым да, бөлініп кеткен ойымды жалғастырмақ болып, әнге ден қойдым, дауыстап айтпасам да, қайырмасын «қарашы маған» деп ауызым жыбырлай бере, әлгі қыздың да сол әнді тыңдап келе жатқанын түсіндім. Томпақ еріндері құлағымдағы әнге дөп келіп тұр, бейне бір өзі шырқап тұрғандай, аяғын әнге сәйкес қимылдатып, беріліп кеткен. Өзге әлемде, басқа бір кеңістікте ... Терезеден түскен күн сәулесі оның шаштарымен ойнап, келбетін одан ары нұрландырып тұрды. Осы оймен бірге мен де оның әлеміне тап болғандаймын. Кенет есік ашылған сәтте есімді жиып қарасам, өз аялдамама келіп қалыппын, шығуға ыңғайлана бере, оның да есікке ұмтылғанын байқадым.

«Университет» деген дауыс естілді. Есіктер ашылды. Мен тағдырға деген ризашылығымнан сәл ғана жымидым.  



Бөлісу: